Сайлауға дайындық басталды

Шымкентте Nur Otan партиясының кандидатына қолдау білдіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Президенттік сайлауға Nur Otan партиясынан қатысатын кандидатқа қол жинау үшін 140-тан астам сенімді өкілдер 87 орында жұмыс істеп жатыр.
– Шымкент қаласындағы барлық салаларды, көптеген аумақты, шалғайдағы ауылдарды қамту мақсатында және қала тұрғындарының қолайлылығы үшін қол жинау орындарын ұйымдастырып отырмыз. Халықтың белсенділігі өте жақсы. Өйткені 2 сағаттың ішінде қала бойынша 4000-нан астам қол жиналды. Бұл халықтың партияға деген сенімі болса керек, – дейді Nur Otan партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов.
М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде Nur Otan партиясының кандидатына қолдау білдіру жұмыстары студенттерге қызмет көрсету орталығында жүргізіліп отыр. «Білім және ғылым» бастауыш партия ұйымы және «Жас Отан» Жастар қанаты мүшелерінің үйлесімді жұмысы нәтижесінде университеттің оқытушылары мен студенттері оқу процесіне кедергі келтірмей, үзіліс кезінде қолдау білдірді.
– Президенттік сайлауға түскен кандидатқа Қазақстан Республикасының кәмелетке толған әр азаматы өз дауысын бере алады. Біз барлық процесс қолданыстағы заңнама аясында өтуін қадағалап отырмыз. Өз ұстанымын білдіргісі келетіндер өте көп. Әр өңірде кандидатты қолдау мақсатында халықпен кездесулер өтіп, бағдарламаның негізгі міндеттері түсіндірілуде. Бастысы халықты дұрыс таңдау жасауға үндеу маңызды, – дейді кандидаттың сенімді өкілі, университет ректоры Дария Қожамжарова.
Үгіт-насихат жұмыстары кезінде жаңа коммуникация құралдары мен саяси технологиялар қолданылуда. Осы орайда шетелдік тәжірибе де ескеріліп жатқанын айта кеткен жөн.
Әбілмансұр ЖАСАН