БАЛА СЕМІЗДІГІ БАС ҚАТЫРА БАСТАДЫ

409
0
Бөлісу:

«Ауру – астан» демекші, бойдағы дерттің көбі дұрыс тамақтанбау салдарынан болатынына мән бермейміз. Үлкендерді айтпағанда, соңғы кезде балалар арасында астан ауру табу белең алды. Ас қорыту жүйесі аурулары, семіздік, қант диабеті, қан аздық сынды сырқаттар мамандар дұрыс тамақтанбау салдарынан болатынын айтып, дабыл қағып жатыр.  

Тамақтану туралы 2018 жылғы жаһандық есепке назар аударсақ, балалар арасында тамақтануға бай­ланысты екі ауыртпалық бай­қал­ған. Оның бірі – құнарлы тамақ жетіспеу салдарынан бала­лар мен жасөспірімдердің 10 пайыздан астамының бойы әле­ует­ті өсу дең­гейі­не жетпе­ген. Ал екіншісі – семіз­дік. Балалар мен жас­өспірімдер ара­сын­дағы семіз­дік көрсет­кіші – 80 пайыз. Орта­лық Азия – балалар семіз­ді­гі­нің тара­луынан әлем­де екінші орын­да.
Дүниежүзілік БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруа­шылығы ұйымы, Ден­сау­­лық сақ­тау ми­нистр­лігі, Қо­ғам­­дық денсау­лық сақ­тау ұлттық орта­лығы және БҰҰ Балалар қо­рының (ЮНИСЕФ) ұйым­дастыруымен елор­да­мызда өткен сим­по­зиум тамақ­тану саласында әле­ует пен әріптес­тікті дамы­тудың Өңір­лік плат­фор­масына мүше мемле­кет­тердің өкілде­рін – Армения, Әзір­бай­жан, Грузия, Қазақстан, Қырғыз­стан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбек­стан, сондай-ақ халықаралық ұйымдар өкілдері, ғалымдар мен сарап­шыларды жинады. Сим­позиум­ға қатысу­шы­лар тамақтану мәселе­сі­мен айна­лысатын негізгі тұлғалар мен қатысушылардың мүмкін­діктерін кеңейтудің өңірлік те­тіктерін әзір­лемек. Осы орайда Қазақстан балалардың тамақ­та­нуы­ бойынша симпозиум өткізіп отырған әлем­де­гі бірінші ел екенін айта кету керек.
Тамақтану әдеті бала кезден қалыптасады. Сондықтан бұл мәсе­леге ата-аналар да баса назар ау­даруы керек. 2018 жылдан оқу­шы­лардың тамақтану рационы бойынша еліміздегі мектептердің 53 пайызына бірыңғай стандарт әзірленген. Мұнымен қоса, бизнес пен мектептердің өзара іс-қимы­лын, қоғамдық бақылау жүргізуді көздейтін мектеп асханаларын жаң­ғырту жөніндегі жоба іске асы­рылып жатыр. Жалпы білім бере­тін мектептерде тәтті және газ­далған сусындарды сатуға тыйым салынды және ас тұзын йодтау, ұн және басқа да бірқатар азық-түліктерді минералды-дәру­мендік кешенмен байыту бойынша іс-шаралар жүргізіліп келеді.
– Қазақстанның денсаулық сақтау саласы қымбат тұратын стационарлық емдеуден гөрі ауру­дың алдын алуға, қоғамдық денсаулықты басқаруды күшейту бағытына ден қойып отыр.


Дәмді, пайдалы тағам балаға күш-қуат беріп, ақыл-ойын артты­рады. Баланың дұрыс тамақ­тануы­на сәби кезінен көңіл бөлу керек. Мамандардың айтуынша, жаңа туған нәресте алты айға дейін тек ана сүтімен қоректену керек.


2018 жыл­ғы медициналық-сани­та­рия­­лық алғашқы көмек бойын­ша Астана декларациясы денсау­лық­ты профилактика арқылы сақтауды және нығайтуды басым­дық ретінде жария етті. Бұл – қо­ғам­дық ден­саулық сақтау саласы­ның негізгі функцияларының бірі.
2019 жылдың ақпанында Елбасы Қазақстанда қоғамдық денсаулық сақтау және медицина­лық-санитариялық алғашқы кө­мек қызметіне кететін шы­ғыс­тарды жалпы денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемінен 40-тан 60 пайызға дейін ұлғайтуды тапсырды. Заңнама жетілдіріліп жатыр. Сәуір айының соңына дейін Үкіметтің қарауына дұрыс тамақтану саясатын қалыптастыру шаралары қарастырылған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің жаңа редакциясы енгізіледі, – деді Денсаулық сақтау вице-министрі Қамалжан Надыров.
Вице-министрдің айтуынша, еліміздегі азық-түлік сапасы мен қауіпсіздігіне тұрақты бақылау жүргізу, денсаулық сақтау саласын­дағы бизнесті жетілдіріп, қоғамдық денсаулықты бекемдеу мақсатында цифрлық технологияларды бірік­тіру қолға алынған. Мысалы, денсау­лықты, тағамның жеткі­зі­луін, спорттық нысандарды, сауық­­тыру және фитнес-орта­лық­тарын бақылайтын мобильдік қосым­шалар қызмет етеді. Дұрыс тамақтануды ынталандыратын жағдай құру үшін ірі супер­мар­кеттерде «Дұрыс тамақтануға арналған азық-түлік» сөрелері ұйым­дастырылып жатыр.
– Дұрыс тамақтанбаудың қос ауыртпалығының феномені мил­лион­даған кішкентай бала­лар­дың аман-саулығына жағымсыз әсер етіп, олардың өсуіне және ког­нитив дамуына кедергі болады, сондай-ақ жұқпалы емес ауру­лар­дың, мүгедектіктің және ерте қай­тыс болудың қатерін туғы­за­ды. Бұл негізінен қазіргі балалар­ диета­сы­ның құрамы оған қа­жет­ті тағамдық рацион саны, жиі­лігі, сапасы жағынан да қана­ғат­тандыра алма­ғаны­нан, – деді ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Юрий Оксамитный.
Қолжетімді бағамен, кең ауқым­да тұрғындарға техноло­гиялық қайта өңдеуден өткен және тағамдық құндылығы төмен азық-түлік өнімдері ұсынылады, ал сіңім­ді тағамдар көбіне қымбат жән­е барлық жерден табыла бер­мейді. Жергілікті, ұлттық және дүниежүзі­лік азық-түлік жүйелері балалар мен жасөспірімдерді бүгін және келешекте нәрлі, қолжетімді және тұрақты рационмен қамта­ма­сыз ету үшін жауапты болуы қажет.
– Біз секторлар арасында – Пар­ла­ментпен, Денсаулық сақ­тау, Қаржы, Ауыл шаруашы­лы­ғы, Білім, Әлеуметтік қорғау министр­­ліктерімен, азық-түлік және тамақтану, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау секторларының басшыларымен тығыз ынтымақтастықта болуы­мыз керек. Көп жеткізілім жүйесін пайдаланатын үкіметтердің тек жүйелік және бірлескен секторара­лық көзқарасы қазіргі тамақтану­дың қосарлы ауыртпалық жағда­йын жақсартады. Жоғарыда келті­ріл­­ген жеткізу жүйелері арасын­да­ғы азық-түлік жүйелерінің мар­шру­ты барлық сектор тарапынан тұрақты және оң өзгерістерге қол жеткізу үшін бірегей мобили­за­циялық рөл атқарады, яғни тамақ өнім­дерін өндіруден бастап, тамақ­тың баланың табағына келіп түскеніне дейін, – дейді ЮНИСЕФ-тің Еуропа мен Орта­лық Азия елдері бойынша Өңірлік бөлімшесінің денсаулық және тамақтану саласының маманы Амирхосейн Ярпарвар.
Қазіргі күні нан-тоқаш өнім­де­рін­дегі тұз мөлшерін азайтуға көңіл бөлініп жатыр, яғни өндіру­ші­лер шығаратын өнімдеріндегі тұз көлемін кеміту процесіне кірісті. Бірыңғай шешім бойынша, 1 келі ұннан жасалған нандағы тұз мөлшерін 5 грамнан 2 грамға азайту туралы мәміле жасалды. Енді сүт өнімдеріндегі қант мөл­ше­рін азайту мәселесі алдағы жоспарда бар.
– Балалар денсаулығын сақтау, олардың дұрыс тамақтануы – өзекті мәселе. Онымен көп жылдан бері айналысып келе жатырмыз. Соңғы 5-6 жылда Үкімет осы мәсе­ле­ге баса назар аударып жатыр. Қазір біраз мәселені көтеріп келе­міз. Балалар дұрыс тамақтану үшін, тағамтану комбинаттарын құруы­мыз керек. Оны ғылыми, құқық­­тық, әлеуметтік негізде жа­сау қажет. Ғылыми негізі қаланды.
Елімізде өткен жылы ғана Қазақ тағамтану академиясымен бірлесіп бірыңғай стандарт жаса­ған­быз. Балалар қалай тамақтану керек? Тағамның құрамында қандай пайдалы заттар болуы тиіс? Осы бойынша төрт апталық стан­дарт жасалып, былтыр Парла­мент­те бекітіп, Қазақстанға тараттық. Өйткені біздегі барлық мектептегі балалардың тамақтану сапасы жоғары деп айта алмаймыз. Мыса­лы, мектептерде балалардың 60-80 пайызы дайын тұрған тамақты ішпей қалдырып кетеді. Бұл не деген сөз? Сапасы жоқ. Тағам дайын­дайтын компаниялар мен мектеп директоры өзара байланыс орнатады. Төмен бағамен тендер сатып алады. Оған жақсы тамақ дайындауға бола ма? Осы мәселені көтердік. Біздің жасаған стан­дарты­мыз бойынша ас мәзірі жасала­ды, тағам контейнермен жеткізі­ле­тін болады. Қазір балалар ара­сын­да әсіресе, семіздік белең алып барады. Асқазан, ішек аурулары да 1,5 есеге, көз аурулары 2,5 есеге, жүй­ке аурулары шамамен 1,5 есеге өсті. Өкпе, жүрек аурлары көз ауруы­нан кейін екінші орында тұр. А, В дәрумендері, йод жетіспейді. Бұл олардың ойлау қабілетін төмен­детеді. Бұл – сапалы тамақ ішіл­мегеннен. Үйдегі және мек­теп­тегі тамақтың арасында сабақ­тас­тық жоқ. Мысалы, мектепте газдалған сусындарды сатуға тыйым салдық. Үйге барып ішіп қоюы мүмкін, – дейді Қазақстан тағамтану академиясының Тағам­тану проблемалары институтының директоры, медицина ғылым­дары­ның докторы, профессор Ерболат Даленов.
Дәмді, пайдалы тағам балаға күш-қуат беріп, ақыл-ойын артты­рады. Баланың дұрыс тамақ­тануы­на сәби кезінен көңіл бөлу керек. Мамандардың айтуынша, жаңа туған нәресте алты айға дейін тек ана сүтімен қоректенуі керек. Су беруге де болмайды. Алты ай­дан кейін қосымша тамақтар берсе­ңіз болады. Ұлттық эконо­мика ми­нистр­­лігінің Статистика коми­те­ті жүргізген есепке сәйкес, елі­міз­­де аналардың 35 пайызы ғана сәбиін емізеді екен.
– Балам қазір бір жас алты ай асты. Дәрігерлердің айтуымен, алты айға дейін өзім еміздім. Тәттіге, сүтке аллергиясы бар. Сондықтан қазір ботқаны суға қайнатып беріп жүрмін. Қышқыл сүтті қоспа ішеді. Басқа да тағамдар беремін. Бәрін қадағалап отыра­мын, – дейді алматылық жас ана Ұлханым Уәлиханова.
Ал сіз балаңыздың тамақтану тәртібіне қаншалықты көңіл бөлесіз?

Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу: