ІРГЕЛІ ЕҢБЕК

332
0
Бөлісу:

Оқырман қауымға мерзімді басылымдағы көптеген мақала, сыни-сараптамалық шолу, рецензиясы  арқылы жақсы танылған Нәзира Рахман­қызы  –  еліміздегі белгілі әрі қолтаңбасы қалыптасқан үлкен кинотанушы маман. І.Жансүгі­ров, Б.Майлин, Т.Жүргенов, М.Әуезов, Ғ.Мүсіре­пов, І.Омаров, Ш.Айманов­тай алыптар негізін қала­ған қазақ кино өнерінің тарихын алғаш рет Қабыш Сиранов зерттеп, ғылым саласына айнал­ды­рып еді. 

Өткен ғасырдың жетпісін­ші жылдарында Қ.Сиранов­тан басталған кинотану тари­хын зерттеу ісі Камал Смайы­лов, Бауыржан Нөгербектерге жалғасқан. Саналы ғұмырын кинотану саласына арнаған профессор Бауыржан Рама­зан­­ұлы 1993 жылы тұңғыш рет Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясынан «Кинотану» мамандығын ашып, шеберханасын жасақ­та­­ған-ды. Бүгінде көптің ықы­­ласына бөленіп жүрген киносыншы, кино тарихшы­сы Нәзира Рахманқызы – сол профессор Б.Нөгербектің алғаш­қы қабылдаған түлек­те­рі­нің бірегейі.
Кинотанушы Н.Рах­­­­манқы­зы­ның «Әкім Тарази – кинодраматург. «Тұл­пардың ізі»: сценарийден фильмге дейін» кітабына жазушы Әкім Таразидің бір ғана туын­дысының тарихы арқау болған. Еңбекте «Тұл­пар­дың ізі» (Режиссері М.Бега­лин) фильмінің қазақ киносының дамуына қосқан үлесі талданған. Басын бірден ашып алатын жайт: қазақ кинотану ғылымында бұған дейін бір жазушы, драматург­тың шығармашылығы жеке дара талданып, кең көлемді ғылым нысанына айналған емес. Өнертану ғылымының кандидаты, профессор Н.Рах­ман­қызы осындай олқы­­лықтың орнын толты­рып, кино­тану ғылымы үшін ауыз тол­тырып айтарлық зор жаңа­лыққа жол ашып отыр. Бұл – тек кинотану­шы­ның ғана емес, қазақ кинотану ғылы­мының һәм өнертану сала­сының үлкен мерейі. Бұ­ған дейін әр жылдары кино­драматургтардың шығарма­шы­лығы хақында жекелеген мақалалар мен рецензиялар, полемикалық репликалар мен портреттер жазылған-ды. Бі­рақ бір автордың шығар­ма­сы ауқымды зерттеліп, жан-жақ­ты қарастырылмаған.
2000 жыл­дары кинотанушы Г.Нау­рызбаева «М.Әуезов және кино» деген жұқалтаң ғана шағын мақалалар жина­ғын шығарып еді. Кейін автор бұл тақырыптағы ізде­нісін жал­ғыс­тырмаса керек… Енді монографиялық зерттеу деген ауқымды сөзге толық­қанды жауап беретін іргелі еңбек жарық көріп отыр. Сонымен, әдебиетіміз­дің ардақ­ты ақсақалының 85 жылдық мерейтойы қарса­ңында Қазақ Ұлттық өнер университетінің рек­торы, Қазақстанның Еңбек ері, Халық артисі А.Мұса­қожаева­ның қолдауы­мен оқыр­ман назарына ұсынылған туынды «Тұлпар­дың ізі: Сце­нарий­ден фильмге дейін», «Әкім Тарази прозасының кине­мато­гра­фиялық табиға­ты» тарау­ларынан бас құраған екен. «Әкім Тарази – кино­дра­­матург» деп басталған бета­шар сөзден бастап кітап соңына қосылған архив де­рек­­­теріне дейін бас алмай, бір деммен қызығып әрі құны­­­ғып оқып шықтық. Кі­тап авторы­ның бұл еңбекке үлкен да­йын­­дықпен келгені, ҚР Орта­лық мемлекеттік архиві­нің шаң басқан сөре­ле­рін ақта­рып, ескі құжаттармен жіті жұмыс істегені, «Тұлпар­дың ізі» фильмінің бірнеше сцена­рий­лерімен танысып, сцена­рий мен кинокартина­ның көркемдік детальдарын са­лыс­тыра, салғастыра қара­ға­ны «тайға таңба басқандай анық әрі шынайы көріп-ақ тұр.
Кинотанушы аталған еңбе­гінде: «Тұлпардың ізі» – кинематографиялық стилі, формасы, жанры, кейіпкер­ле­­рінің бейнесі, ең алдымен, әдеби сценарийінің негізінде дүниеге келген фильм. Кино тарихында мұндай шығар­ма­лар жиі кездесе бермейді. Жалпы, сценарий авторы мен ре­жиссердің ой-толғамы, мүд­­д­е­сі, ниеті, идеясы үндес­тік тапқанда ғана талғампаз көрермен талабына сай фильм дүниеге келері анық. «Тұлпар­дың ізі» фильмі осындай шығармалардың қатарынан екенін айтуымыз керек» деп жазушы Әкім Таразидің кинодраматургтік шеберлігіне жоғары баға берген екен. Асылында, Әкім Тарази – қазақ әдебиетіндегі, өнерін­дегі үлкен құбылыс. Оның психологиялық сауал­дарға құрылған мағынасы терең романдары­нан бастап шағын жанрдағы еңбектеріне дейін тұнып тұрған ситуация, конфликт пен оқиғасы ширақ драма, ирония мен мінездер емес пе еді. Міне, Нәзира Рахманқызы жазушының шы­ғармашылығына, сцен­а­рий­дің табиғатына, сценарий­ден фильмге дейінгі аралық­тағы көзге көріне бермейтін элемент­терге дейін назар ау­да­­рып, маман ретіндегі ше­бер­­лігін көрсетіпті. Мұндай іргелі дүниеге сүйсініп қарап, қайта қайта оқи бергің келеді екен. Себебі, Нәзира Рахман­қы­­зының тілі ғылыми қасаң тіл­ден ада, көркем әрі түсінік­ті.
Оқырман ретінде бір тілек: білікті кино сыншы осы еңбегін ары қарай жалғасты­рып, Әкім Таразидің «Қызжы­ла­ған» (Р.Мұқановамен автор­лық бірлікте), «Мұстафа Шоқай» секілді киносце­на­рийлеріне де маман көзімен үңілсе екен. Сосын профес­сор­­дың өзі жетекшілік ететін шеберхананың білімгерлері, яғни болашақ кино­тану­шылар еліміздегі басқа да кинодра­ма­тургтардың шы­ғар­­ма­шы­лы­­ғын арнайы зерт­теп, сара­ласа кинотану ғылы­мы­­ның көкжиегі кеңейе түсер еді.

Елдос ТОҚТАРБАЙ

Бөлісу: