ІРГЕЛІ ЕҢБЕК

Оқырман қауымға мерзімді басылымдағы көптеген мақала, сыни-сараптамалық шолу, рецензиясы арқылы жақсы танылған Нәзира Рахманқызы – еліміздегі белгілі әрі қолтаңбасы қалыптасқан үлкен кинотанушы маман. І.Жансүгіров, Б.Майлин, Т.Жүргенов, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, І.Омаров, Ш.Аймановтай алыптар негізін қалаған қазақ кино өнерінің тарихын алғаш рет Қабыш Сиранов зерттеп, ғылым саласына айналдырып еді.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында Қ.Сирановтан басталған кинотану тарихын зерттеу ісі Камал Смайылов, Бауыржан Нөгербектерге жалғасқан. Саналы ғұмырын кинотану саласына арнаған профессор Бауыржан Рамазанұлы 1993 жылы тұңғыш рет Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясынан «Кинотану» мамандығын ашып, шеберханасын жасақтаған-ды. Бүгінде көптің ықыласына бөленіп жүрген киносыншы, кино тарихшысы Нәзира Рахманқызы – сол профессор Б.Нөгербектің алғашқы қабылдаған түлектерінің бірегейі.
Кинотанушы Н.Рахманқызының «Әкім Тарази – кинодраматург. «Тұлпардың ізі»: сценарийден фильмге дейін» кітабына жазушы Әкім Таразидің бір ғана туындысының тарихы арқау болған. Еңбекте «Тұлпардың ізі» (Режиссері М.Бегалин) фильмінің қазақ киносының дамуына қосқан үлесі талданған. Басын бірден ашып алатын жайт: қазақ кинотану ғылымында бұған дейін бір жазушы, драматургтың шығармашылығы жеке дара талданып, кең көлемді ғылым нысанына айналған емес. Өнертану ғылымының кандидаты, профессор Н.Рахманқызы осындай олқылықтың орнын толтырып, кинотану ғылымы үшін ауыз толтырып айтарлық зор жаңалыққа жол ашып отыр. Бұл – тек кинотанушының ғана емес, қазақ кинотану ғылымының һәм өнертану саласының үлкен мерейі. Бұған дейін әр жылдары кинодраматургтардың шығармашылығы хақында жекелеген мақалалар мен рецензиялар, полемикалық репликалар мен портреттер жазылған-ды. Бірақ бір автордың шығармасы ауқымды зерттеліп, жан-жақты қарастырылмаған.
2000 жылдары кинотанушы Г.Наурызбаева «М.Әуезов және кино» деген жұқалтаң ғана шағын мақалалар жинағын шығарып еді. Кейін автор бұл тақырыптағы ізденісін жалғыстырмаса керек… Енді монографиялық зерттеу деген ауқымды сөзге толыққанды жауап беретін іргелі еңбек жарық көріп отыр. Сонымен, әдебиетіміздің ардақты ақсақалының 85 жылдық мерейтойы қарсаңында Қазақ Ұлттық өнер университетінің ректоры, Қазақстанның Еңбек ері, Халық артисі А.Мұсақожаеваның қолдауымен оқырман назарына ұсынылған туынды «Тұлпардың ізі: Сценарийден фильмге дейін», «Әкім Тарази прозасының кинематографиялық табиғаты» тарауларынан бас құраған екен. «Әкім Тарази – кинодраматург» деп басталған беташар сөзден бастап кітап соңына қосылған архив деректеріне дейін бас алмай, бір деммен қызығып әрі құнығып оқып шықтық. Кітап авторының бұл еңбекке үлкен дайындықпен келгені, ҚР Орталық мемлекеттік архивінің шаң басқан сөрелерін ақтарып, ескі құжаттармен жіті жұмыс істегені, «Тұлпардың ізі» фильмінің бірнеше сценарийлерімен танысып, сценарий мен кинокартинаның көркемдік детальдарын салыстыра, салғастыра қарағаны «тайға таңба басқандай анық әрі шынайы көріп-ақ тұр.
Кинотанушы аталған еңбегінде: «Тұлпардың ізі» – кинематографиялық стилі, формасы, жанры, кейіпкерлерінің бейнесі, ең алдымен, әдеби сценарийінің негізінде дүниеге келген фильм. Кино тарихында мұндай шығармалар жиі кездесе бермейді. Жалпы, сценарий авторы мен режиссердің ой-толғамы, мүддесі, ниеті, идеясы үндестік тапқанда ғана талғампаз көрермен талабына сай фильм дүниеге келері анық. «Тұлпардың ізі» фильмі осындай шығармалардың қатарынан екенін айтуымыз керек» деп жазушы Әкім Таразидің кинодраматургтік шеберлігіне жоғары баға берген екен. Асылында, Әкім Тарази – қазақ әдебиетіндегі, өнеріндегі үлкен құбылыс. Оның психологиялық сауалдарға құрылған мағынасы терең романдарынан бастап шағын жанрдағы еңбектеріне дейін тұнып тұрған ситуация, конфликт пен оқиғасы ширақ драма, ирония мен мінездер емес пе еді. Міне, Нәзира Рахманқызы жазушының шығармашылығына, сценарийдің табиғатына, сценарийден фильмге дейінгі аралықтағы көзге көріне бермейтін элементтерге дейін назар аударып, маман ретіндегі шеберлігін көрсетіпті. Мұндай іргелі дүниеге сүйсініп қарап, қайта қайта оқи бергің келеді екен. Себебі, Нәзира Рахманқызының тілі ғылыми қасаң тілден ада, көркем әрі түсінікті.
Оқырман ретінде бір тілек: білікті кино сыншы осы еңбегін ары қарай жалғастырып, Әкім Таразидің «Қызжылаған» (Р.Мұқановамен авторлық бірлікте), «Мұстафа Шоқай» секілді киносценарийлеріне де маман көзімен үңілсе екен. Сосын профессордың өзі жетекшілік ететін шеберхананың білімгерлері, яғни болашақ кинотанушылар еліміздегі басқа да кинодраматургтардың шығармашылығын арнайы зерттеп, сараласа кинотану ғылымының көкжиегі кеңейе түсер еді.
Елдос ТОҚТАРБАЙ