Үнемі ізденетін Үкібай

322
0
Бөлісу:

Медиа-менеджер. Мемлекет қайраткері. Елбасы кітапханасының Media Meiman жобасына осындай сан түрлі кәсіби қырлардың иесі, қайраткер азамат Айдос Үкібай қонақ болды. Кәсіби қызметте сөз өнерін қару етсе де былайғы өмірде сөзден гөрі іске тындырымпаз. Үндемей жүріп үйдей шаруаның басын қайыратын Үкібайдың болмысына бойлағанда осыны аңғарамыз. Қызмет баспалдағындағы 20 жылдық аяда қатардағы тілшіден Елбасының Баспасөз хатшысына дейін өрлеген азаматтың білімқұмар студент қауымға айтары да мол болды. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің ақпарат саясатына жауапты ел азаматын тыңдауға Еуразия ұлттық университетінің жур­на­лис­тика және филология факультет­тері­нің студент­тері көп жиылды.

«ОТТЫ НҮКТЕДЕН» РЕПОРТАЖ 

«Заманауи ақпараттық тренд­тер» тақырыбындағы іс-шараны Елбасы кітапханасының дирек­то­ры Әмірхан Мұратбекұлы ашып берді. Медиа мейманның жур­налистік жолынан бастап, саяси қызметіне дейінгі кәсіби қалыптасу жолын шолып шықты. Елбасының баспасөз-хатшысы күні кеше әлемнің түрлі «отты нүктесінен» ақпарат таратқан ба­тыл тілші де болғанын әркім біле бермес: «Елбасының сын­дар­лы саясатының арқасында Қазақ­стан­да осы күнге дейін бірде-бір қақтығыс болмағанымен, шет мемлекеттерде, оның ішінде Қа­зақ­станмен қатар егемендікке ие болған мемлекеттердің кейбі­ре­уінде өкінішке қарай, қанды қақтығыстар болды. Шиеленіс ай­мағынан маңызды хабар дайын­дау міндеті қойылғанда, Айдос Ыдырысұлы алғаш­қы­лардың бірі болып, өміріне қауіп төнетініне қарамай көптеген репортаж дайындады».
Журналистер арасында «тәжік синдромы» деген бар. Синдром­ның мәні, қақтығыс аймағына қарай ауған, шешен, ирак синдро­мы болып өзгеріп айтыла береді. Түйіні сол, «соғыс көрген» журна­лист отанына өзге адам боп ора­ла­ды. Бастысы, ұңғысынан түтіні сейілмеген елдің ауыр жағдайына қанығып, мамыражай, бейбіт өмірдің қадірін бағалай білуді үйренеді. Отты жердің өкпегін көрген экс-тілшінің есінде мына оқиға мәңгі қалып қойыпты.
90-жылдардың тәжік-ауған шекара­­сын­дағы аса бір мазаң кезеңі еді. Қырағы опера­тор Хасен Омарқұ­лов екеуі Пәндж өзені бойында камераның объективін ауған тұсына қарата шірене тартып «план жинап жат­қан». «Кенет тәжік тараптан әске­ри­лер келіп, бұл қауіпті арадан шұғыл кетуі­міз­ді талап етті. Асай-мүсейімізді жинап, аяқ суытып үлгергеніміз сол еді, осы жаңа қамсыз түсірілім жасап жерімізде гүрс еткен гра­на­томет жаңғыры­ғын естідік. Қарсы тарапқа каме­ра­мызды қайта-қайта «шошаң­да­та берген» біздің «жүрек жұтқан» әрекетіміз­ге бер­ген ескертуі деп түйдік», – деп Айдос Үкібай қатерлі күнді еске алды.

 


Медиа мейман туралы мәлімет:
Айдос Үкібай
Алматы облысында дүниеге келген.
ҚазҰУ-дың Журналистика факультетінің түлегі (1997);
Назарбаев Университетінің Жоғары бизнес мектебінің түлегі (2015);
Қызмет жолын «Хабар» агенттігінде тілші болып бастаған (1998 ж.);
Әр жылдары «Хабар» АҚ ақпараттық жобалар департаментінің жетекшісі, Басқарма төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды (1998-2001)
«Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасы (2011-2016);
Қазақстан Президентінің Баспасөз хатшысы (2016-2019);
2019 жылдан Елбасының Баспасөз хатшысы;
ТМД Парламентаралық Ассамблеясының «За заслуги в развитии печати и информации» (баспасөз бен ақпарат саласына қосқан үлесі үшін) Құрмет белгісімен марапатталған;
Nur Otan партиясының БАҚ өкілдері арасындағы республикалық «Нұр Сұңқар» байқауының «Қазақстандық журналистикаға қосқан үлесі үшін» аталымында үздік деп танылды;
«Құрмет» және «Парасат» ордендерімен марапатталған.


ШЫНДЫҚ – АҚПАРАТ ТАРАТУДАҒЫ БАСТЫ ҚАҒИДАТ 

Оқ пен оттың арасындағы өліара шақты бағамдай білген журналистке жылдам шешім қабылдай білетін қағілездік тән. Себебі түсінікті. Ұрыста тұрыс жоқ. Ауқымды ойлауға үлгеріп, шұғыл шешім қабылдамасаң, шаруаң бітті дей бер. Елбасы Бас­па­сөз хатшысының жұмыс стилін сырт­тай байқағанда осын­дай қы­ра­ғы кәсіби қасиет анық аңға­ры­ла­ды. Ақпарат аламаны да – өзін­ше бір өмір мен өлім арасын­дағы майдан сияқты әлем. Қарсы тарап қару кезенем дегенше алдын орап, тұтқиылдан шабуыл­дап үлге­руің керек. Яки, жалған ақпа­рат, фэйктер «оқ жаудыр­ған» тұста қаға берісте қарсы жауап бере білмесең, абырой-беделіңе орасан залал келуі әп-сәтте. Мұндағы басты қаруың – әл­бетте, шындық. Білімпаз қауым­ға Айдос Үкібай осыны ай­қын ұқтырды: «Шындық ақпарат таратудағы басты қағидат болуы тиіс. Журналист болсын, бас­пасөз хатшысы болсын, шын­дық­пен қаруланса ғана, аудитория алдында зор сенімге ие болады. Өзара сенім қалыптасқаннан кейін өзара пікір алмасу да еркін жүре­ді. Ақпаратты бұрмалап бер­ген болсаңыз, көзді ашып жұм­ғанша сенім жоғалып кете­ді. Сенім жоғалды екен, ауди­тория­ңыздан бөлек, мемле­кеттік ор­ган­дар да сізге сенбейді, салда­ры­нан коммуникация әлсірей бере­ді».

ЕЛБАСЫ – ЖУРНАЛИСТЕР ЖАНАШЫРЫ

Ел егемендігінің іргесін нық қа­ласуға журналистердің де ең­бегі өлшеусіз. Елдегі әрбір өзгеріс, әрбір реформаны қалт жібермей, қаламының арқауына айнал­дыр­ған ақпарат құралдары өкілдерін Елбасы да үнемі назарда ұстап, қал-қадерінше қолдап келеді. Нұрсұлтан Әбішұлының елдің белді журналистерімен болатын теле­визиялық және газеттегі сұх­бат­тары, жыл сайынғы БАҚ өкіл­деріне берілетін Президент сый­лы­ғы, Орта Азия елдерінде тең­десі жоқ «ҚазМедиа» орта­лы­ғын салдырғаны – айтқанымыздың көп дәлелінің бірі ғана. Күнделікті өмірде Қазақстанның Тұңғыш Президентінің отандық медиа кеңіс­тіктің ахуалымен танысу әде­ті жылдар бойы қалыптасқан. Қай газетті, не сайтты оқиды? Қай телеарнаны көретіні туралы сауал жас журналистердің ең көп біл­гісі келген сауалы болды. «Нұрсұлтан Әбішұлы таңертең мүм­кіндігінше барлық газетті оқуға тырысады. Кешкісін уақыт бол­са, телеарнадан берілетін бар­лық жаңалықты қалт жібермейді. Одан бөлек, біp алыс-жақын ше­тел­дің ақпарат құралынан алын­ған жаңалыққа дайджест жа­сап, Елбасыға ұсынамыз. Со­ның іші­нен қызығушылық білдірген жаңа­лықтың астын сызып, бізден кеңірек беруді сұрайды», – деді ол. Елбасының күн­де­лікті ақпарат құралын шолып өтетін дағдысын айтып.

БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ ТУРАЛЫ ФИЛЬМ 

Еліміздің мемлекеттік теле­ар­на­­сында жүріп, Айдекең талай сүбе­лі теледүниенің туындауына себепкер болды. Соның бірі – даңқты қолбасшы, алаштың айбарлы ұлы Бауыржан Момыш­ұлы туралы көпсериялы фильм. Айдос Ыдырысұлы осы тың кино­жобаның идея авторы екені­не қанық жастар кездесуде фильм­нің тарихы туралы да сұра­ды. Ұлы Баукеңнің болмысымен ол ең алғаш мектеп кезінде бетпе-бет кезігіпті. Айдос – елімізге бел­­гі­лі оқу ордасы дарынды бала­лар­ға арналған Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиетін терең­де­тіп оқы­­татын мектептің түлегі. Қа­зақ­тың қаһарман ұлын елгезек оқу­шыға таныстырған алтын ұяның өнегесін көрмейсіз бе?!
1990 жылы Абай мектебіне ұста­зы Кәкімжан Қазыбаевтың үйін­дегі жеңгей Орынша Қараба­ли­на келіп, Бауыржан Момыш­ұлы­­на Кеңес Одағының батыры атағы берілгенін жүрегі жарыла сүйін­ші­леді. Сергек саналы бала Айдостың ұлы Баукең болмысына үңілген алғашқы сәті де – осы. Бау­кең-болмысқа бойлаған екін­ші сәт «Қазақстан» телеарнасында өтті. Қара шаңырақ телеарнаның мұрағатынан ізденгіш журналист Әлімжан Сабыржанұлы екеулеп жүріп, Баукеңнің гүр дауысымен жазылған көнелеу аудиожазбаны тауып алыпты. Тың дүние тапқа­ны­на есі кете қуанып, көңілге нұр құйы­лып, шаттанған сәт ұмытыл­мақ емес.
Араға жылдар салып, Бауыр­жан Момышұлы туралы көп­се­рия­лы фильм түсіру Айдекең қия­лының бір қиырында қылаң берді. Шетелдің сериалдары мезі бола бастаған мезет еді. Мемле­ке­тіміз отандық фильм түсіруге жаппай тапсырыс бере бастаған кезең. Айдос Үкібай «Хабардың» басшысы ретінде «құласаң нар­дан құланы» ұстанып, мық­ты режис­сер Ақан Сатаевқа бір­ден қолқа салады. Кәнігі киномаман соғыс туралы фильм­нің аса қым­бат­қа түсетінін бір кісідей біледі. Тиісін­ше, бөлінген қаржының жетің­кірейтініне сенімсіз кейіп таны­тып, алғашында аздап кібір­тік­­тей берген. Дейтұрғанмен, ке­­лер ұрпақ алдындағы ұлы мис­сия­ны түсінген арда азамат нар тәуекел етіп, күрделі жобаға бел шеше кіріседі. Медиа-менед­жер Айдос бастап, режиссер Ақан қош­тап, қазақтың даңқты қаһар­ма­ны туралы фильм дүниеге келді осылай.

ТҮСКЕ  КІРГЕН ЭФИР 

Әдетте шығармашылық кез­десу­де жиі қойылатын сауалдың бірі – «журналистік қызметіңізде ба­сыңыздан өткен қызықты оқи­ға». Айдос Үкібай тележүр­гізуші атаулының бәріне ортақ үрей – эфирден кешігіп қалу фобиясын еске алды. Үрейдің бойды билеп алатыны соншалық, кейде тіпті түс көргеніңде эфирден қалып бара жатқан қорқыныштан терлеп оянған кездер болғанын жасырмады. Әрі-беріден соң бұл кәсіби қорқыныш өз ісіңе деген адалдықтың, тындырымды болу­ға ұмтылған тынымсыз жауап­кершіліктің айқын белгісі екенін әріптес ретінде бізге де мәлім.
Тележурналист әрі бүгінгі мемле­кет қайраткеріне эфирдегі мемлекеттік тілдегі тарату туралы сауалдың да қисыны келді. Айдос Үкібай бұл орайда бұдан 20 жыл бұрынғы эфирлік статистиканы келтірді: «Ол тұста қазақ тіліндегі таратудың көлемі 30 пайыздан аспай­тын, бүгін болса ол мемле­кеттік арналар «Хабар» агентті­гінде 90%, «Қазақстан» арнасында 100% екенін қаперге салды. Мемлекеттік тіліміздің қолданыс аясының кеңіп, құлашын кеңге сермегенінің бір айғағы да осы».


P.S.
2 сағатқа созылған сту­дент­термен кездесу көзді ашып жұмғанша өте шықты. «Сұрақ-жауап» форматындағы жүздесу соңында Елбасының Баспасөз хатшысы соңынан ерген әріптес іні-қарындасқа заманауи табысты адамның бес қырына ие болуға кеңес берді. Олар – тынымсыз еңбек, өзіңе сын көзбен қарау, үздіксіз білім алу, жаңа нәрсеге құштарлық, коммуникацияға ашық болу. Елбасының Баспасөз қызметі туралы талай ақпаратқа қаныққан студенттерге мәртебелі мейман кездесу соңында естелік кітап пен қатысу сертификатын берді.


Қанат ӘУЕСБАЙ,
журналист

Бөлісу: