Қарыз қадағалануымен құнды

Қазақстанда 5 миллионнан астам адам банктер мен шағын несиелік ұйымдарға қарыз. Яғни, балиғат жасына жетпегендерді қоспағанда, еліміздегі ересек адамдардың әрбір екіншісі борыш батпағында жүр. Ұлттық банк дерегінше, олардың әрқайсысына орташа есеппен 800 мың теңгедей берешектен келеді екен. Осы салаға ревизия жүргізген мемлекет біраз жайттың бетін ашты.
Қарыз туралы халқымызда мақалдың да, мәтелдің де, даналық сөздердің де неше атасы бар. «Қарызды берген батыр емес, алған батыр» деп «несие» алуды ынталандыратындары, «Берген қарыз бедел өсіреді, қайтқан қарыз мерей өсіреді» деп мәртебе өсірудің жолын сілтейтіндері, «Қадіріңді білгің келсе, көршіңнен қарыз сұра» деп жабырқататындары және басқасы болып, шұбырып кете береді. Бұлардың біразы байырғыдан келе жатыр, ендеше қарыз алу елде ежелден болғанын растайды.
Дегенмен ғалымдардың сендіруінше, алғашқы кредиттер Мысыр, Ассирия және Бабыл (Вавилон) секілді көне мемлекеттерде осыдан 2 мың 700 жылдай бұрын пайда болыпты. Атап айтқанда біздің дәуірімізге дейінгі VII ғасырда қарызға қаржы беріп, оны артығымен өндіріп алатын кәсіби өсімқорлар қызмет жасапты. Олар үшін ерекше банктік билеттер – hudu енгізілген. Бертінде, Ежелгі Грекияда қарыз алған адамның жеріне «ипотека» деген жазу ілінетін болған, оған сәйкес, егер жер қожайыны алған қаржысын қайтармаса, оның дүние-мүлкі кредитордың иелігіне көшеді екен.
Әр халықта қарызды қайтартқызудың да түрлі әдіс-амалдары қолданылған. Рим империясында берешекті әкелуге 60 күн кесетін болған. Егер осы уақыт ішінде міндеттемесін орындамаса, несие берушіге борышкерді тек мүлкінен айырып қана қоймай, сондай-ақ көпшілік алдында масқаралап, арын төгуге рұқсат ететін болған.
Батысамерикалық үндістер тайпасы квaкuуmльдер бұдан да оғаш дәстүрді қолданған: қарыз алушы қолхат орнына кепілзат ретінде өзінің есімін қалдыруға міндеттеліпті. Яғни, бұдан былай ешкімге де оның есімін ауызға алуға жол берілмейді. Тиісінше, ол борышын өтегенше, кез келген адам оның атын атамайды, назарын аударту керек болса, оған ойына келген кез келген сөзбен немесе ым-ишарамен қайырылады.
Қазір заман басқа, заң басқа. Айтқандай, Азаматтық кодекс бойынша кез келген заңды тұлға халыққа қарыз берумен айналыса алады. Сондықтан елімізде бұл өткен ғасырдың 90-жылдарынан бері нағыз бизнеске айналды.
Бүгінде халыққа тек банктер таратқан тұтынушылық кредиттердің көлемі 3,6 триллион теңгені құрайды. Бірақ кредиттеу нарығында олардан басқа да субъектілер жетерлік: микрокредиттік фирмалар, микроқаржылық ұйымдар, онлайн-кредиттеу компаниялары, кредиттік серіктестіктер, ломбардтар және халыққа кредит беретін басқа да заңды тұлғалар бар.
«Банктік емес ұйымдардың да несие портфелі жоғары қарқынмен өсіп, 430 миллиард теңгеге жетті. Жалпы алғанда, тұтынушылық кредиттері бар қарыз алушылардың жалпы саны Қазақстанда 5 млн адамнан асады, олардың әрқайсысына орташа есеппен 800 мың теңгеден астам берешек келеді», – деп хабарлады Ұлттық банк. Бұл мәлімет 2019 жылғы 6 мамырға дейін қоғамдық талқылауға шығарылған «Кейбір заңнамалық актілерге қаржы нарығын реттеу мен дамыту және микроқаржылық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасында келтірілген.
Қазір қарызды ерінбегеннің бәрі береді. Өйткені кепіл ретінде бағалы заттар, гаджеттерден бастап, қымбат көлік, жер учаскесі, тұрғын үйге дейін қабылданады. Нәтижесінде, берешек кесілген мерзім ішінде кері оралмаса, әлгі дәулеттің барлығы кредитордың еншісіне көшеді, соның меншігіне айналады. Тіпті баспана не көлікті арзанға алу үшін қарыз беретіндер табылады.
Қаржылық реттеуші бұл саланы бейберекетсіздік жайлағанын жасырмайды:
– Заемдар беру қызметін жүзеге асыру саласында бірыңғай тәсілдердің жоқтығы реттеушілік арбитражға соқтырды. Реттелетін субъектілер – банктер, банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар және микроқаржы ұйымдары белгіленген заңнамалық пруденциялық талаптарды (капиталдың жеткіліктілігі, бір қарыз алушыға шаққандағы тәуекелдің мөлшері, өтімділік) және тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қойылатын талаптарды (кредиттер беру талаптарын, сондай-ақ сыйақы ставкаларының, комиссиялардың, айыппұлдардың шекті мөлшерлерін) сақтауға міндетті. Тиісінше, олар нарықтағы реттелмейтін кредиторлармен тең емес жағдайға түсіп қалды», – делінген тұжырымдамада.
Ұлттық банктің байламынша, реттелмейтін кредиторлар тарапынан тұтынушылардың мүдделерін бұзу жағдайлары жиі кездеседі. «Халықтың қаржылық сауатының төмендігін пайдалана отырып», реттелмейтін кредиторлар азаматтарға қарызды жоғары ставкалармен ұсынады, әртүрлі комиссияларын және өздері ойлап тапқан айыппұлдарын қосады. Бұл «азаматтардың шамадан тыс кредиттелуін және қарыздар бойынша міндеттемелерін орындай алмау тәуекелін күшейтеді».
Қаржылық реттеушінің атап өтуінше, нарықта азаматтардың борыштық жүктемесі туралы толық және дәйекті ақпараттың болмауы – халықтың кредит алу тәуекелдерін жете бағаламауға ықпал ететін қосымша фактор болып отыр. Әрбір қазақстандықтың басында нақты қанша қарызы барлығы туралы ақпарат кредиттік бюрода жиналуға тиіс. Алайда қазіргі уақытта реттелмейтін кредиторлар өздерінен қарыз алғандардың берешегі туралы ақпаратты кредиттік бюроға жолдамайды. Оны айтасыз, оларды осыған мойынсұндыратын заңнамалық талаптар да жоқ болып шықты.
Міне сондықтан, Үкімет халыққа қарыз ұсынатын тұлғалардың барлығын заң аясына қарай қайырмақ. Қазақстандықтардың, сарапшы мамандардың талқылауына шығарылған заң да осы мақсатта әзірленіпті. Әйтпесе, лаңкестікті қаржыландырушылар онлайн-кредиттеу компанияларын, кредиттік серіктестіктерді, ломбардтарды қарау ниеттеріне пайдалануы ғажап емес.
«Бақылау мен қадағалау жоқ кезде ақшамен және өзге де мүлікпен операцияларды жүзеге асыра алу мүмкіндігі – реттелмейтін кредиторлардың қызметтерін қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру және терроризмді қаржыландыру мақсатына пайдалану тәуекелдерін арттырады. Аталған проблемаларды шешу үшін қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау жөніндегі мемлекеттік органның реттеу аясына барлық кредиттеу субъектілерін қосып, оның өкілеттігін кеңейту ұсынылады. Банктік емес кредиттік ұйымдардың өнімдері мен бизнес-модельдерінің ұқсастығын назарға ала отырып, оларды микроқаржы ұйымдары туралы қолданыстағы заңнама негізінде реттеудің ортақ «аясына» біріктіру қарастырылады», – делінген заң жобасының тұжырымдамасында.
Бұл жоба заң ретінде күшіне енгеннен кейін нарыққа үлкен өзгерістер әкелмек. Нақтылай кетсек, реттелмейтін кредиторлардың барлығы Ұлттық банкте тіркеуден өтуге міндеттеледі. Сәйкесінше, ҰБ-да есепке тұрмағандарға бұдан ары қарыз таратуға тыйым салынады.
Бұған қоса, Азаматтық кодекске түзету енгізіліп, енді кәсіпкер ретінде тіркелмеген азаматтар мен заңды тұлғалардың азаматтарға және компанияларға қарыз беруіне тыйым салынады. Бірақ егер жұмыс беруші өз қызметкеріне қарыз бергісі келсе, оған шектеу қойылмайды. Сонымен қатар қандай да бір жомарт жан әлдебір ағайын-туысына, көрші-қолаңға, дос-жаранға қарыз берем десе, оған да осы құжаттағы тыйым таралмайды. Тек қарыз беруді «конвейерге» қоймаса, кәсіпке айналдырмаса, болды.
Айтқандай, бұдан былай мемкірістер органы да қазақстандықтардың қандай кредит алғаны және оны қайда жұмсағаны туралы дерекке онлайн-режимде қол жеткізе алатын болады. Осы орайда кеше Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мен «Бірінші кредиттік бюро» (БКБ) Сауықтыру және банкроттық саласында өзара іс-қимыл жасау туралы меморандумға қол қойды. Нәтижесінде, кредиттік бюро сауықтыру немесе банкроттық рәсімдеріне жүгінген азаматтардың қарыз тарихтарын мемкірістер органының барлық аумақтық құрылымдарына ұсынып отырмақ. Ол ақпаратта борышкердің қолданыстағы және бұрын өтелген барлық қарыздары мен несиелері, олардың қаншалықты өз мақсатына жұмсалғаны баяндалады.
– Сауықтыру және банкроттау үдерісі кезінде мемкірістер органы уәкілетті тұлға рөлін атқарады. Демек, ол еш келісімін алмай-ақ, борышкердің қаржылық-шаруашылық қызметі туралы мәліметтер сұратуға құқылы. Бұрын борышкердің кредиттік тарихына қатысты сұрауымызды қағазға басып, жазбаша түрде жолдайтынбыз. Сұрау жіберу және жауап алу рәсіміне шамамен 10-15 күн кететін. Енді мемлекеттік кірістер органы осы өтініштерін «Бірінші кредиттік бюроға» онлайн режимде жолдайтын болады. Бұл реабилитациялау және банкроттау кезінде ақпаратты өңдеу мерзімдерін оңтайландырады», – дейді қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаев.
Басқаша айтқанда, Қаржы министрлігінің осы құрылымының өңірлердегі уәкілетті қызметкерлері «БКБ»-ның электронды құжат айналымы жүйесінің web-порталына еркін енетін болады. «БКБ» атқарушы директоры Асем Нұрғалиеваның айтуынша, кредиттік бюро жыл сайын мемлекеттік органдардан келіп түскен шамамен 1 мың 500 сұрауға жауап қайырады.
Айхан ШӘРІП