Елім дегеннің еңсесі биік

Туған жерімді көркейтсем дейтін азаматтар кең-байтақ Отанымыздың қай түкпірінен де табылары даусыз. Олар дабырасыз, ың-шыңсыз ғана ізгілік дәнін сеуіп, өздері де содан жандарына қанағат тауып, тіршілігін сүре береді.
Сондай атпал азаматтардың бірі – Қазалы ауданындағы «Сыр маржаны» ЖШС-ның директоры, облыстық мәслихат депутаты Мінажадин Өтеев.
Ол 1957 жылы Қазалы ауданының Бекарыстан би ауылында дүниеге келген. Жоғары білімді, бухгалтер-экономист. Еңбек жолын 1979 жылы аға экономист болып бастаған ол мамандығынан 1999 жылға дейін қол үзген жоқ. Аудан шаруашылықтарында бас экономист, бас бухгалтер қызметтерін атқарды, салық саласында, қазынашылықта еңбек етті, Ұлттық банктің Ленинск бөлімшесінде бас бухгалтер болып жұмыс істеді. 1999 жылдан бастап кәсіпкерлікке ден қойды.
Жиырма жылдай шаруашылықтардың экономика саласындағы жұмыс тәжірибесі, салық, қазынашылық, банк саласындағы қызметтері кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеруіне көмегін тигізді. Қысқасы Мінажадин Сражадинұлы кәсіпкерлікпен айналысуға дайын келді. Ол – 1999 жылдан бастап «Сыр маржаны» ЖШС-ның директоры.
Киелі топырақта туып-өскен, бүгінде ел ағасына айналған, еңбегі еленіп, «Ерен еңбегі үшін» медалі мен «Құрмет» орденін иеленген. Қазалы аудандық мәслихатының ІІІ-V шақырылымдарының депутаты болып депутаттық қызметтен тәжірибе жинақтаған оны жерлестері облыстық мәслихаттың депутаттығына ұсынды.
Ол облыстық мәслихаттағы Nur Otan фракциясының және Экономика, қаржы және бюджет комиссиясының мүшесі ретінде белсенді еңбек етіп келеді.
Депутат ретінде халыққа негізгі бағдарламалық құжаттар туралы ақпарат беруге негізделген, халық арасындағы ақпараттық түсіндіру жүргізуде ақпараттық-насихаттық топтар құрамында кездесулерге жүйелі түрде қатысады.
Атап айтқанда, Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуін, «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын халыққа жеткізуде белсенділік танытып жүреді.
Мінәжадин Сражадинұлы облыстық мәслихат депутаты ретінде Nur Otan партиясы аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде тиісті кестеге сәйкес, ал қызмет орнында азаматтарды өтініштері бойынша күнделікті қабылдауды жүзеге асырып келеді.
Атап айтқанда, жыл ішінде партия филиалында төрт рет, қызмет орнында тоғыз рет қабылдау жасап азаматтардың талап-тілегін қанағаттандыруға күш салды. Жеке қабылдауға келген негізінен аз қамтамасыз етілген отбасылар мен мүгедектердің өтініштеріне сәйкес 2018 жылы 1,5 млн теңге қаржылық демеушілік жасады.
Ол депутат ретінде Nur Otan партиясының партиялық жобаларына қатысуда да белсенділік танытып жүр. Нақтырақ айтар болсақ, «Ұлы дала қазынасы», «Жастар Отанға», «Кедергісіз келешек», «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ» бағыттары аясында батыр аналарға, дарынды мектеп оқушыларына, мүгедектерге т.б. қамқорлықты қажет ететін азаматтарға 1 млн теңге көлемінде қаржы құйған.
Мінәжадин Сражадинұлы экономика, қаржы және бюджет жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі ретінде мемлекеттік, үкіметтік және өңірлік бағдарламаларының іске асырылуы барысының тиімділігін арттыру, бюджеттік қаражаттың тиімді жұмсалуы бойынша да әрдайым сауатты ұсыныстар жасап отырады.
Депутаттың ұсынысы бойынша, аудан көлемінде бірнеше құрылыс объектілеріне қаржы бөлініп, әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді.
Атап айтқанда, Жанқожа батыр ауылындағы спорттық кешенге, Қазалы қаласы мен Әйтеке би кенті аралығын қосуға байланысты инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жобалық құжаттарына, Әйтеке би кентінің 55 көшесін орташа жөндеуге, Ақтан батыр ауылын абаттандыруға, Ақсуат ауылынан 90 орындық балабақша салуға қаржы бөлдіруде оның еңбегі бар екені даусыз.
Сонымен бірге, ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру жобасы аясында серіктестік 3 000 басқа арналған мал бордақылау кешенін іске қосып, асылтұқымды бұқашықтарды бордақылауды жолға қоюда.
Ет кластерін жасау мақсатында Қызылорда қаласынан ет комбинатын салу жұмысы қолға алынып жатыр. Мал тұқымын асылдандыру мақсатында Чехия Республикасынан ет бағытындағы «ангус» текті сиыр малын әкелу жұмыстары ұйымдастырылып келеді.
Ал Қазалының «Сыр маржаны» күріші Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғыстан, Түркіменстан, Украина елдеріне экспортталады.
Сонымен бірге, 2018 жылы өзбек еліне 100 бас мүйізді ірі қара малы экспортталды.
Мінажадин Сражадинұлы өзі еңбек етіп, өсіп-өніп келе жатқан Ақтан батыр ауылының ғана емес, түгелдей Қазалы ауданының инвесторы болып саналады. Аудан көлемінде өтетін түрлі іс-шаралар, қайырымдылық шараларына белсене қатысады. Қандай да бір халық қажетіне жарайтын қайырымды істердің басынан табылады.
Ақтан батыр ауылындағы 100 орынды мешіт, Шәкен ауылындағы 100 орынды клуб, аудан орталығындағы «Ардагерлер үйі» құрылыстарының бас демеушісі Мінажадин екені халыққа белгілі.
Мінажадин Сражадинұлы – сенімге сызат түсірмеген, сырын сыртқа шашпаған, алып-қашпа әңгімеден бойын аулақ ұстайтын, кісінің сыртынан ғайбат сөз айтпайтын, күншілдікті бойына дарытпаған, өзгелердің табысына сәттілік тілеп, қалтқысыз, бүкпесіз қуана білетін, мансапқа емес, ел игілігіне қызмет етудің өнегесін көрсетіп жүрген қоғам қайраткері.
Т.ӘМИТЖАНҰЛЫ