Динара ЗАКИЕВА, Балалар құқығын қорғау кеңесі төрағасының орынбасары: Балаға бей-жай қарамасақ екен…

349
0
Бөлісу:

Екі ай бұрын республикалық Nur Otan партиясы жанынан Балалар құқығын қорғау кеңесі құрылған болатын. Жаңадан ашылса да, балалардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін дереу қарастыруға кірісті. Кеңес төрағасының орынбасары Динара Закиевамен өмірдің гүлі – балалар жайлы тілдесіп, мәселелерді шешу жолдарына тоқталдық.

– Әңгімеміздің басын «Бақытты отбасы» жол картасынан бастасақ. Мақсаты мен міндеттері қандай?
– Бұл жоба күллі Қазақстан бойынша іске асырылып жатыр. Бұрын қанатқақты жоба ретінде бір­неше аймақта бастаған едік. Со­ның нәтижесі қуантып, енді ау­қымын кеңей­туді көздеп отырмыз. Министр­ліктер мен Үкіметтік емес ұйым өкіл­дерінен құралған эксперттік топ бо­лып аймақтарға іссапарға шы­ғамыз. Балалар құқығы қалай қор­ғалып жатыр, өңірдегі ахуал қандай деп зерттеу жүргіземіз? Мәселен, Ақ­мола облысындағы Шортанды ауы­лында балалардың бәрі жүзуге қа­тысады екен. Щучинсктегі балалар үйінде ата-анасыз балалардың саны – бар болғаны алтау. Қалғандарын ата-аналары бір аптаға не бір түнге қалдырып кетеді екен. Осылайша, ол жер бүгінде отбасын қолдау орталы­ғына айналып отыр. Жол картасының ұсыныстарына өзіміз барып, аралаған мекемелердің тәжірибесін енгіземіз. Сонымен бірге, «Балаға арналған қала» жобасын жол картасына қосып отырмыз. Өйткені балаларға арналған инфрақұрылымдар, соның ішінде балалар алаңы, алаңқайлар, қауіпсіз аумақтар болуын қадағалау керек әрі жасөспірімдерге кері әсер етіп, жаман әдет жұқтыруы мүмкін орындардың мектептен алыс жерде орналасуы тиіс. Осыған қатысты арнайы жұмыс атқарылады. Nur Otan партиясының қоғамдық қабылдаулары бойынша бірыңғай әлеуметтік терезелер ашылғанын білесіздер. Бұл жоба «Халыққа көмектің» аясында іске асырылып отыр. Бүгінде 2500 өтініш сәтті шешілген. Соның бірқатары жұмыспен қамту және балаларды балабақшаға орналастыру екен. Сонымен қатар біздің кеңес мүшелері жүзеге асыратын жобалар да бар. Айталық, Қазақстанның іскер әйелдері «Жәрдем» жобасын қолға алды. Мұның аясында декретте отырған әйелдер қосымша мамандық игере алады. Көбіне үйде отырып істей беретін маникюр, массаж, аспаздықты оқып алады. Мекемелерге трансформация шараларын жүргізіп, қызмет аясын кеңейткіміз келеді. Мысалы, жастар ресурстық орталық­тарының базасында отбасын қолдау орталықтарын ашуды жоспарлап отырмыз. Арнайы білім алған ма­мандар еш шараларға қатынаспайтын жастармен жұмыс істейтін out rich жүйесін енгіземіз деген жоспар бар. Өйткені аталған топ өмірде адасуы әбден мүмкін. Соның алдын алуымыз керек. Олармен тілдесіп, қызығушы­лықтары туралы сұрап, өз жолын табуға бағыт береді. Мысалы, спорт секцияларына жазылуға кеңес беруі мүмкін.
– Шыны керек, бүгінде отбасын­дағы зорлық-зомбылық мәселесі өршіп тұр. Күні кеше Түркістан облысында өгей ананың үш қызына көрсеткен қорлығын естіп, жанымыз түршікті. Мұндай жағдайды болдырмау үшін не істеу керек?
– Отбасында зорлық бар-жоғын анықтау оңай емес. Алдын алу үшін бірнеше шаралар енгізуді жоспарлап отырмыз. Біріншісі – сенім телефо­нына «111» нөмірі бойынша хабар­ласып, жағдайды айту. Желі бірнеше жылдан бері істеп келеді. Мысалы қаңтарда 800 адам, наурызда 2000 адам хабарласқан. Сенім телефонына шыққан ең кішкентай баланың жасы үште екен. Сөйтсек, үйде жалғыз қалып қойыпты. Барлық өңірлерге ақпарат таратып, балалар­дың өз құқығын білу керегін айтып жүрміз. Мектептерде де ондай мәлі­мет ілініп тұр. Балалар ғана емес, ата-аналар да сенім телефоны бар екенін білсе дейміз. Өйткені көр­ші­лері немесе туыстары зорлық көрсе­тіліп жатқанын білсе, бізге айтсын. Ешкім бейжай қарамаса екен. Шынында, көршінің үйінде не болып жатқанын көбі біледі. Тек араласқысы келмейді. Қарап тұрсаңыз, бар бол­ғаны бір нөмірді беріп, хабарлау ғана. Одан кейінгі мәселемен учаскелік полиция айналысады. Отбасы бақы­лауға алынады. Ведомствоаралық байланыстың да мұндайда маңызы зор. Мектептегі психолог, педагог, учаскелік полиция қызметкері – бәрі бірлесіп жұмыс істеуі керек. Біздің кеңеске барлық мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар мүше. Себебі, барлығымыз күш біріктірсек, қолымыздан көп нәрсе келеді. Ел бойынша ауқымымыз үлкен, отбасы мәселесін шеше алатын алаңның прототипі болып отырмыз. Бүгінде мемлекет әлеуметтік әлжуаз топтарға көп көмек береді. Дегенмен көпшілігі бұдан бейхабар. Осыны ескере оты­рып, арнайы брошюралар әзірледік. Онда толық ақпарат бар. Брошюра­ларды әр үйге таратып шыққымыз келеді. Сол үшін үйді-үйді аралап, әр отбасының қолына жеке табыс­таймыз. Еліміздегі бүкіл отбасының ахуалымен танысып, кімнің көмекке зәру екенін білсек дейміз. Осыдан барып алда қандай шаралар атқары­латынын, қалай даму керегін, орын алған жағдайларды оңтайлы шешу әдістерін анықтаймыз.

Бөлісу: