КОММУНИСТЕР АХМЕТБЕКОВКЕ СЕНІМ АРТТЫ

286
0
Бөлісу:

Қазақстанның Коммунистік Халық партиясы кезектен тыс XІV съезін өткізіп, 2019 жылдың 9 маусымында өтетін президент сайлауына кандидат ретінде Жамбыл Ахметбековті бекітті. Съезд қатысушыларына өзіне сенім артқаны үшін алғыс білдірген Ж.Ахметбеков партия мақсат еткен бағдарламаны жүзеге асыруға барын салатынын мәлімдеді.
Съезд қатысушыларына «Қоғам игілігі үшін адал еңбек» деп аталатын сайлауалды бағдарламасын таныстырды.

Оның айтуынша, Қазақстан – бай мемлекет. Егер ел байлығын дұрыс пайдалана алса, халықтың өмір сапасы Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктері немесе Норвегиямен теңеседі. Кандидат шолу жасап өткен коммунистердің тұғыр­намалық бағдарламасы алты тарау­дан тұрады. Халықшыл ком­му­нистер бірінші кезекте батыстың жалған құндылық­тарының ық­палынан бас тартуды көздейді. Себебі, ол қоғам үшін қауіпті деп санайды. Екін­шіден, кітап оқуға шақырды.
– Әдебиет оқу ойлауды дамы­тады, бұл әлі де өзекті, сондықтан біз интернет-контенттің теріс әсері мен кітаптың пайдасы туралы үнемі айта береміз. Үшіншіден, кедейлік­пен күреске басымдық береміз. Кедейліктің басты себебі, жұмыс­сыздық емес, жалақының төмендігі. Төртінші – Еуразия экономикалық қауымдастығы мен «Бір белдеу – бір жол» жобасы аясындағы интегра­цияны жалғастыру қажет деп есеп­тейміз. Олар – саяси емес, экономи­калық бағдарламалар. Сондықтан еліміздегі бай-бағыландарға табыс салығын арттырамыз, – деді ол.
Коммунистік партия сайлау кам­паниясында Ұлттық бірыңғай тес­тілеу жүйесінен бас тартуға ша­қырмақ. Себебі, бұл жүйе оқушы­лар­дың интеллектуал дамуын тежейді, сондықтан кеңестік білім беру жүйе­сіне назар аудару керек деп санайды. Барлық деңгейдегі әкімдерді сайлау қажет деген Ж.Ахметбеков халық әкімге емес, әкім халыққа тәуелді болуы тиіс деген пікірде.
Айта кетейік, 9 маусымда өтетін президенттің кезектен тыс сай­лауына кандидаттарды ұсыну 28 сәуірде, тіркеу 11 мамырда аяқ­талады. Қазірге дейін саяси партия­лар мен қоғамдық бірлестіктерден жеті кандидат ұсы­нылды. Солардың арасында прези­денттік сайлауға қатысқан тәжірибесі бар – жалғыз Жамбыл Ахметбеков. Ол 2011 жылы өткен президент сай­лауына қаты­сып, 1,36 пайыз дауыс жинаған бо­латын. 2012 жылдан бері Мәжіліс депутаты.
Коммунистік Халық партиясы Орталық комитетінің хатшысы. Отбасылы, төрт баласы бар.

Айдана БЕГІМ

Бөлісу: