КОММУНИСТЕР АХМЕТБЕКОВКЕ СЕНІМ АРТТЫ

Қазақстанның Коммунистік Халық партиясы кезектен тыс XІV съезін өткізіп, 2019 жылдың 9 маусымында өтетін президент сайлауына кандидат ретінде Жамбыл Ахметбековті бекітті. Съезд қатысушыларына өзіне сенім артқаны үшін алғыс білдірген Ж.Ахметбеков партия мақсат еткен бағдарламаны жүзеге асыруға барын салатынын мәлімдеді.
Съезд қатысушыларына «Қоғам игілігі үшін адал еңбек» деп аталатын сайлауалды бағдарламасын таныстырды.
Оның айтуынша, Қазақстан – бай мемлекет. Егер ел байлығын дұрыс пайдалана алса, халықтың өмір сапасы Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктері немесе Норвегиямен теңеседі. Кандидат шолу жасап өткен коммунистердің тұғырнамалық бағдарламасы алты тараудан тұрады. Халықшыл коммунистер бірінші кезекте батыстың жалған құндылықтарының ықпалынан бас тартуды көздейді. Себебі, ол қоғам үшін қауіпті деп санайды. Екіншіден, кітап оқуға шақырды.
– Әдебиет оқу ойлауды дамытады, бұл әлі де өзекті, сондықтан біз интернет-контенттің теріс әсері мен кітаптың пайдасы туралы үнемі айта береміз. Үшіншіден, кедейлікпен күреске басымдық береміз. Кедейліктің басты себебі, жұмыссыздық емес, жалақының төмендігі. Төртінші – Еуразия экономикалық қауымдастығы мен «Бір белдеу – бір жол» жобасы аясындағы интеграцияны жалғастыру қажет деп есептейміз. Олар – саяси емес, экономикалық бағдарламалар. Сондықтан еліміздегі бай-бағыландарға табыс салығын арттырамыз, – деді ол.
Коммунистік партия сайлау кампаниясында Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесінен бас тартуға шақырмақ. Себебі, бұл жүйе оқушылардың интеллектуал дамуын тежейді, сондықтан кеңестік білім беру жүйесіне назар аудару керек деп санайды. Барлық деңгейдегі әкімдерді сайлау қажет деген Ж.Ахметбеков халық әкімге емес, әкім халыққа тәуелді болуы тиіс деген пікірде.
Айта кетейік, 9 маусымда өтетін президенттің кезектен тыс сайлауына кандидаттарды ұсыну 28 сәуірде, тіркеу 11 мамырда аяқталады. Қазірге дейін саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерден жеті кандидат ұсынылды. Солардың арасында президенттік сайлауға қатысқан тәжірибесі бар – жалғыз Жамбыл Ахметбеков. Ол 2011 жылы өткен президент сайлауына қатысып, 1,36 пайыз дауыс жинаған болатын. 2012 жылдан бері Мәжіліс депутаты.
Коммунистік Халық партиясы Орталық комитетінің хатшысы. Отбасылы, төрт баласы бар.
Айдана БЕГІМ