Болашақ үшін жарқын бастама

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Nur Otan партиясы сайлау бағдарламасындағы «Білім» бағыты бойынша партиялық куратор комиссиясының көшпелі отырысы өтті.
Оған Мәжіліс депутаттары – Nur Otan партиясы фракциясының мүшелері Ә.Бектұрғанов, Ж.Нұрманбетова, Н.Дулатбеков, Б.Хаменова, Білім және ғылым вице-министрі Ф.Жақыпова, партияның қалалық филиалы төрағасының орынбасары А.Халбеков және Алматы қаласы мен Алматы облысының ұлттық және жеке жоғары оқу орындарының ректорлары қатысты.
Жиын барысында Назарбаев университетінің тәжірибесін ескере отырып, жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту мәселесі сөз болды. Сондай-ақ жеке ЖОО-ларын халықаралық стандарттарға сәйкес коммерциялық емес ұйымдарға айналдыру мәселелері талқыланды.
– Барлық жоғары оқу орындарының академиялық дербестігі бакалавриатта – 80, магистратурада – 85, докторантурада 90 пайызға дейін кеңейтілді. Азаматтық ЖОО-ның 49 пайызында Назарбаев университетінің тәжірибесі көрсетіледі. Сондай-ақ қазір министрлік мемлекеттік жоғары оқу орындарын коммерциялық емес білім беру ұйымдарына ауыстыру бойынша жұмыс жүргізуде, – деді «Білім» бағыты бойынша партиялық куратор Әбдіманап Бектұрғанов.
Іссапар аясында комиссия отырысына қатысушылар Халықаралық бизнес университеті мен Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетіне барып, оқытушы-профессорлар құрамымен және студенттермен кездесті. Кездесу қорытындысында комиссия мүшелері талқыланған мәселелер бойынша тиісті ұсынымдар әзірлеп, оларды уәкілетті мемлекеттік органдар назарына жолдады.
Абай ҚАЗБЕКҰЛЫ