Жоғары технологияны жетілдіреді

Nur Otan партиясының Орталық аппаратында партия кураторы, Мәжіліс депутаты Альберт Раудың жетекшілігімен Жоғары технологияларды дамыту жөніндегі комиссияның отырысы өтті. Кездесуге Мәжіліс депутаттары, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Қазақстандық индустрияны дамыту институты, «Ғылым қоры» АҚ және үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.
Комиссия отырысында Қазақстанда коммерцияландыру және технологияларды беру тетіктері арқылы инновациялық өнімдердің үлесін арттыру мәселелері талқыланды.
Жиынды ашқан партия кураторы Альберт Рау ғылым мен техниканы трансферттеуді коммерцияландыру білімге негізделген экономиканың қалыптасуына, өндіріске ғылыми зерттеулерді енгізуге және инновациялық өнімдерді жасауға ықпал ететінін атап өтті.
– Ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру, оларды экономикалық айналымға тарту маңызды. Басты мақсатымыз – ғылымды коммерцияландырудың қарқынды дамуы үшін барлық жағдай жасау. Соның ішінде заңнамалық базаны құру аса маңызды, – дейді Альберт Рау.
Басқосуда баяндама жасаған Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі А.Ержанов қазіргі кезде инновациялық саясатты іске асыру құралдарының бірі технологиялық дамудың ұлттық институты жүзеге асыратын инновациялық гранттар беру екеніне ерекше тоқталды.
Бұл жоба аясында 2011 жылдан бастап 2019 жылдың 1 ақпанына дейін жалпы сомасы 18,7 млрд теңгеге 356 келісімшарт алушылармен грант бөлінді. Бұл гранттар 11 басым бағытқа бөлінді. Оның ішінде ең көбі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласына (69), ал ең азы нано және ғарыштық технология саласына тиесілі (1).
Талқылау кезінде «Ғылым қоры» АҚ Басқарма төрағасы А.Сұлтанғазин Жоғары технологияларды дамыту бойынша атқарылған жұмыстарға сараптама жасады.
– Бүгінгі күні 6 жоба аяқталды. 34 жобаны биылғы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Ал 2020 жылға дейін 52 жоба аяқталады. 2019 жылдың I тоқсанында 31 жобадан тауарлар мен қызметтерді сатудан түсетін табыс 955 млн теңгеден асты.
Күн тәртібін талқылау барысында жиналысқа қатысушылар ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелерін коммерцияландыру бойынша жобаларды қаржыландыруға, коммерцияландыру жобаларына, жас ғалымдарға арналған гранттарға және ел өңірлерінде инновациялық белсенділіктің төмен деңгейіне байланысты бірқатар маңызды мәселелерді анықтады. Кездесу қорытындысы бойынша тиісті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға ұсыныстар жолданды.
Абылайхан ЖҰМАШ