Шығыс жұртымен шынайы тілдесу

318
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Семей қаласына іссапармен барды. Жұртшылықпен кездесу барысында «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасының іске асырылу барысымен танысып, шаһардың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін талқылады. Өңірдегі ахуалмен танысып, бірнеше нысандарды аралады. Сондай-ақ Президент шығыс жұртына ұлы Абайдың есімін ерекше ардақтау керегін шегелеп айтып, облыс әкімдігіне бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Жұмыс сапарында Қасым-Жомарт Кемелұлы «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы аясында елімізде атқарылып жатқан маңызды жұмыстарға тоқ­талды. «Қазақ жазуын латын графикасына біртіндеп көшіруді бастадық. Бұл – қазақ тілін ғылым мен техниканың тіліне бейімдеп, мем­лекеттік тіліміздің мәртебесін арттыру үшін жасалған үлкен қадам. «Туған жер» жобасы аясында меценаттардың қаржысына 600-ден астам әлеуметтік нысан салынды. Осындай берекелі бастамалар әрбір өңірде жалғасын табуы керек» деді Қазақстан Прези­денті. Сонымен бірге, өңір тұрғын­дарына ұлы хакім Абайдың мұрасын маңызды бағдарға айналдыру керегін атап өтті. Абайдың 175 жылдығына қажетті шаралар әзірлеуді Үкіметке тапсырды. Өйткені негізгі мақсат дана Абайдың тағылымын жастардың санасына сіңіру, ұлы тұлғаның ой-толғамдарын кеңінен дәріптеу екенін айтты.
Сонымен бірге, Семей жерінің ұзақ жылдар бойы ядролық сынақтың тауқыметін тартқан өңір екеніне тоқталып, полигон зұлматы 500 мың адамның өмірі мен тағдырына тікелей зиянын тигізгенін айтты. Бұл ретте, Қасым-Жомарт Тоқаев полигон зардабын тартқан азаматтарға жаса­латын жеңілдік лайықты деңгейде болуы қажет екеніне баса мән беріп, қазір «Семей полигонындағы ядролық сынақтың тауқыметін тартқан тұр­ғын­дарды қорғау және оңалтуға арналған бұған дейінгі шаралардың тиімділігі» жөнінде арнайы зерттеу жүргізіліп жатқанын атап өтті. «Полигонның салдарынан түрлі дертке шалдыққан азаматтарды тиісті деңгейде емдеумен қатар, оларға оңалту қызметін көрсету мүмкіндіктерін де қарастыру қажет. Семейде және осы өңірге қарасты ауылдарда 1300-ден астам мүмкіндігі шектеулі бала бар. Қажетті жағдай жасалмаған тар ғимаратта орналасқан оңалту орталығы бір уақытта 35 бала ғана қабылдай алады. Бұл – шындық. Мұндай жағдай мүлде сын көтермейді. Облыс әкіміне мәселені дереу қолға алып, тиісті шаралар қабыл­дауды тапсырамын» деді Мемлекет басшысы.
Президент сондай-ақ атом электр станциясын салу мәселесі қоғамда қызу талқыға түсіп жатқанын айтты. «2030 жылы Қазақстанда электр энергиясының жетіспеушілігі бай­қалуы мүмкін. Сондықтан осы мәсе­лені қазір шешуіміз қажет. Дегенмен көпшіліктің пікірін ескермей, атом электр станциясын салу туралы шешім қабылдауға болмайды. Бүгінде бұл станцияның қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатын көптеген тех­нология бар. Сонымен қатар АЭС жаңа жұ­мыс орындарын ашып, Қазақстанның энерге­тикалық дербестігін қамтамасыз ете алатынын ескерген жөн» деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті «100 мектеп – 100 аурухана» бағдар­ламасы аясында салынған көпсалалы аурухананың жұмысымен танысты. Қасым-Жомарт Тоқаевқа медицина­лық мекеменің емдеу-сауықтыру, ота жасау бөлмелері көрсетіліп, негізгі қызмет бағыты жөнінде мәлімет берілді. Жалпы аумағы 44,5 мың шаршы метр болатын ауруханада 800-ден астам қызметкер жұмыс істейді. Бір уақытта 345 науқасты қабылдап, алғашқы медициналық қызмет көр­сете алады. Мемлекет басшысы Жедел медициналық жәрдем ауруханасы­ның қызметкерлерімен әңгімелесу бары­сында өңірде мамандандырылған жоғары технологиялық медициналық мекемелердің, республикалық ғы­лыми орталықтардың бөлімшелерін ашу жөнінде ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Денсаулық сақтау саласын толықтай цифрлан­дырудың маңызына тоқталды.
Бұдан кейін Қасым-Жомарт Кемелұлы «Абай Арена» мәдени-спорт кешенінің құрылысымен та­нысты. Нысанға қаражат облыс бюджеті есе­бінен бөлініп жатыр. Кешеннің жалпы аумағы – 33,8 мың шаршы метр. Осы жылдың соңында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Сондай-ақ шара барысында Қа­зақстан Президентіне «Қарағайлы» тұрғын ауданының жобасы танысты­рылды. 25,4 мың адамға арналған тұрғын ауданның аумағы – 787,7 мың шаршы метр. Биыл 13 үй пайдалануға беріліп, 800-ден астам отбасы бас­паналы болады.

Бөлісу: