Жаһанданудың жаңа үлгісі

223
0
Бөлісу:

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытай астанасы Бейжіңде өткен «Бір жол, бір белдеу» ІІ халықаралық ынтымақтастық форумының ашылу рәсіміне қатысты. Елбасы ҚХР төрағасы Си Цзиньпинге қонақжайлық көрсеткені және форумға шақырғаны үшін ризашылық білдірді.

Н.Назарбаев «Белдеу және жол» бастамасына Қазақстанның әуел бастан қолдау білдіргенін атап өтті және бірінші форумның қорытындысында қол жеткізген жетістіктерге тоқталды.
– Әлем жұртшылығы қазір қақтығыстарға құрылған геосаяси тұжырымдардан шаршағаны анық. Сондықтан геоэкономика мен бірлесе дамудың маңызы барған сайын артып келеді. «Бір белдеу, бір жол» жай ғана экономикалық ын­тымақтастыққа арналған жаңа мүмкіндіктердің қарапайым кешені емес, ол одан да ауқымды әрі маңызды жоба. Бұл – әлемдегі 120-дан астам мемлекеттің қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, кеңінен сауда-саттық жасауға және өсіп-өркендеуге деген тарихи сұранысынан туындаған бастама, – деді Елбасы.
Еліміздің Тұңғыш Президентінің мәліметінше, саяси қарама-қайшылықтарға, санкциялар мен сауда текетіресіне қарамастан, осы бастама аясындағы сауда көлемі артып, бүгінде 5 триллион долларды құрапты. Нұрсұлтан Назарбаев «Бір белдеу, бір жол» бастамасы жаһанданудың жаңа үлгісін ұсынғанын айтты.
– Тарихи кезең әлемдік тартылыс орталығын қайтадан Шығысқа оралтуда. Бүгін Азияның, шын мәнінде, ХХІ ғасыр өңіріне айналғанын көріп отырмыз. Әлемдік жалпы ішкі өнімнің 28 пайызы осында шоғырланған және бұл көрсеткіш тек арта береді. Қазірдің өзінде шығыстандыру үрдісі ықпалдасудың жаңа бағыттарын ұсынуда, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Ол сондай-ақ Жібек жолының экономикалық белдеуі жобасы мен Еуразиялық одақты ұштастырудың әлеуеті зор екеніне тоқталды.
– «Бір белдеу, бір жол» бастамасы дамудағы теңсіздіктерді және географиялық сын-тегеурін­дерді еңсере алды. Еуразия қайтадан біртұтас кеңістікке айналып келеді. Біздің құрлықтың әртүрлі әрі қашықтықта орналасқан өңірлері екі мың жыл бұрынғыдай бір желіге бірікті. Біз қысқа мерзім ішінде күрделі табиғи жер бедерлерін және геосаяси қарама-қайшылықтарды айналып өткен экономикалық дәліздер құра алдық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы инфрақұрылымды дамыту және көлік-транзит әлеуетін арттыру жұмыстарының нәтижелерін жеке тілге тиек етті.
– Қазақстан соңғы он жыл ішінде инфрақұры­лымды, көлік-логистикалық активтерді және біліктілікті дамытуға шамамен 30 миллиард доллар инвестиция салды. Өз жерімізде 3 мың шақырымға жуық теміржол желісі және 12,5 мың шақырым автомобиль жолы төселді немесе қайта жөндеуден өтті. Отандық теңіз және әуе порттары жаң­ғыртылды. Нәтижесінде, қысқамерзімде елімізде заманауи және бәсекеге қабілетті транзиттік хаб құрылды, – деді Тұңғыш Президент.
Н.Назарбаев Қазақстанның белсене ара­ласуымен жүзеге асырылып жатқан логистикалық жобалар туралы әңгімеледі.
Елбасы «Бір белдеу, бір жолды» салу арқылы ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің тағдыры ортақ адамзат қоғамдастығын бірлесе құруға шақырып отырғанын айтты.
– Әлемдік саясаттағы жаңаша ойлау барлық елдердің мүдделерін жұмылдыруға бағытталған менің G-Global идеяммен үндеседі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сөз соңында Елбасы бүкіл Қытай халқын ҚХР-дың 70 жылдығымен құттықтап, мемлекетті дамыту жолындағы мақсаттарының орындалуына тілектестік білдірді.
Бейжіңде Н.Назарбаев «Синьхуа» және China News Service ақпарат агенттіктері, CCTV теле­арнасы, «Жэньмин Жибао» газеті, Қытайдың орталық радиосы, «Хуанцю шибао» басылымы сияқты Қытайдың басты ресми ақпарат құрал­дарына сұхбат берді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Бір белдеу, бір жол» бастамасын ары қарай жүзеге асыру келешегіне қатысты сұрақтарға жауап қайырды және «Нұрлы жер» мен «Жібек жо­лының экономикалық белдеуі» бағдарламала­рын ұштастыру нәтижелері туралы әңгімеледі.

Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу: