Табысқа жетудің 85 пайызы әлеуметтік-эмоциялық оқуға байланысты

407
0
Бөлісу:

Білім саласында жүргізілген соңғы зерттеулер нәтижесінде XXI ғасырда толыққанды өмір үшін балаға мектептегі базалық біліммен бірге бірқатар әлеуметтік-эмоциялық дағдының қажет екенін көрсетті. Олар – қарым-қатынас орнату, жауапты шешім қабылдау, сезімдерді басқару, шиеленіскен жағдайларды шешу, эмпатия, мақсаттарға жету дағдылары. Осының бәрі жиналып келгенде, әлеуметтік-эмоциялық оқуды (SEL) құрайды. 

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан «XXI ғасырда адам капиталын дамыту факторы ретінде академиялық және әлеуметтік-эмоциялық оқуды біріктіру» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды. Іс-шараны «Сана» ғылыми-тәжірибелік психология орталығы ұйымдастырды.

150-ден астам адам қатысқан жиынға аймақтардағы білім басқармаларының және мектеп психологтарын дайындайтын ЖОО-ның өкілдері, мектеп директорлары, мектеп психологтары, мұғалімдер мен әлеуметтік-эмоциялық оқу сарапшылары келді.

Әлеуметтік-эмоциалық оқу – бұл балалар мен жасөспірімдердің өмір қиындықтарына психологиялық төзімділігінің және бәсекеге қабілеттілігінің кілті. Бүгінгі таңда, әлеуметтік-эмоциалық оқу АҚШ, Канада, Финляндия, ҚХР, Корей Республикасы және Австралия елдерінің ұлттық жалпы білім беру жүйелеріне сәтті енгізілген.

Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы 97 000 оқушы қатысқан сараптама (әлемнің 38 елінен) SEL бағдарламасының академиялық үлгерімді 13%-ға арттыратынын, психикалық күйзелісті 14%-ға төмендететінін және кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс деңгейін 19%-ға азайтынын көрсетті. Сарапшылардың берген қорытындысы бойынша, адам табыстылығының 15-20% мектеп пен университетте алған білімімізге және 80-85% әлеуметтік-эмоциялық интеллектімізге байланысты болады екен. Бұл SEL бағдарламасының тиімділігін көрсететін нәтиженің аздаған бір бөлігі ғана.

Қазақстанда қазір оқушылардың жүктемесі өте жоғары, бұл балалардың денсаулығына кері әсер етеді. Академиялық білім балалардың бәсекеге қабілеттілігі мен психологиялық орнықтылығын қамтамасыз етпейді. Сондықтан, осы мәселені шешу үшін, психологтар, педагогтар және ата-аналар өзара байланыса әрекет етуі тиіс.

Конференция барысында қатысушылар ұлттық білім жүйесінің өзекті мәселелерін талқылап, академиялық және әлеуметттік-эмоциялық оқу жүйелерін біріктіру мүмкіндіктерін қарастырды, сондай-ақ, конференцияны ұйымдастырушы – «Сана» ғылыми-тәжірибелік психология орталығы жасаған «SANA skills» бағдарламасымен танысты.

– Балалар психологиясының ересектердікінен басқа екенін бәрі біледі, сол себепті көп жағдайда баланы не мазалайтынын және оған қалай көмектесетінімізді білмей жатамыз. Бұл ретте мектептегі психологтар да кішкентай тұлғаларға үнемі лайықты қолдау көрсетіп, тиісті көмек бере алмауы мүмкін. Ал балалар мектеп бітірген соң және мамандық таңдағанда қажет болатын тұлғалық-бағдарлы тәсілге мұқтаж. Осы факторлар бізді мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларды әлеуметтік-эмоциялық оқытуға арналған «SANA skills» бағдарламасын жасауға итермеледі, – дейді «Сана» ғылыми-тәжірибелік психология орталығының директоры Алтынай Әбдрахманова.

Академиялық және әлеуметтік-эмоциялық оқуды біріктіру мәселелерін талқылау нәтижесінде конференцияға қатысушылар бірқатар ұсыныс дайындады. Біріншіден, SEL бағдарламасын барлық оқу деңгейіндегі білімді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына қосу мүмкіндіктерін қарастыру. Мектеп бағдарламасына енгізу үшін, Bilim Land оқушыларына арналған платформаны қолдану ұсынылды. Екіншіден, «SANA Skills» бағдарламасын сынап көру үшін, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы бірқатар сынақтық мектептерде бағдарламаны іске қосуды ұсынды. Үшіншіден, SEL бағдарламасын орта буын мен психологиялық-педагогикалық бейін мамандарын дайындау мазмұнына енгізуге кеңес берді.

Сарапшылардың айтуынша, SEL – бала өмірге келген сәттен басталатын табиғи үрдіс. Ата-ана мен жақындардың ары қарайғы тәрбиесі, өз тұстастарымен, педагогтармен және әріптестермен араласуы адамға әрдайым жаңа қиындықтарды еңсеруге көмектеседі. Яғни, SEL бағдарламасын кез келген жаста оқуға болады, әрі оқу қажет.

27 сәуірде балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік-эмоциялық дамуына қатысты шеберлік-сабақтар сериясы өтеді. Әлеуметтік-эмоциялық оқу саласындағы қолданбалы білімін ресейлік және қазақстандық тәжірибелі психологтар қатысушылармен бөліседі.

Асқар Ахметқазы

Бөлісу: