Жаңаша оқыту – қажеттілік
Қоғамның сұранысына қарай білім беру – заман талабы. Елбасы Жолдауында «Болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін, заман талабына сай білім қажет. Біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Оқыту бағдарламаларын оқушылардың сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет» деген болатын.
Негізгі мақсат – білім берудің мазмұнын жаңарту. Оқушыларды жаңа технологиямен оқытудың әдіс-тәсілдерін тиімді қолдану. Сондықтан мұғалім тәжірибесін сабақ берудің жаңа әдістерімен жетілдіреді. Жаңа тәсілде оқушының пікірін еркін айтуға басымдық беріледі. Шығармашылық қабілетін шыңдайды. Мұғалім дәстүрлі сабақ беру үлгісін жаңа әдіс-тәсілдермен толықтырады. Сабақта жаттығу, тапсырмаларды түрлендіріп қолдануға мүмкіндік көп. Атап айтар болсақ, топтық, жұптық, рөлдік ойындар оқушылардың қызығушылығын арттырады. Олардың қабілетін ескере отырып, әртүрлі деңгейдегі тапсырмалар береді.
Сын тұрғысынан ойлауды дамыту бағдарламасы Ж.Пиаже, Л.Выготский теорияларына сүйенеді. Оқытуда баланың тұлғалық дамуына баса мән беріледі. Білім берудің жаңа технологияларын шығарып, оқу үрдісіне енгізуімен ерекшеленеді.
Оның ішінде бастауыш сынып оқушылары танымдық қызығушылығын дамытуға ерекше көңіл бөлген жөн. Себебі, дағдысы қалыптасып келе жатқан балалардың қабілетін ұштау – өте жауапты іс. Баланың талантын ұштауға септігін тигізеді. Оқушының шығармашылық қабілеті ойы мен практикалық іс-әрекеттері арқылы қалыптасады. Мұғалім оқулықтағы дайын білімді түсіндіруші, бағалаушы ғана емес. Танымдық іс- әрекетті тиімді ұйымдастыра білгені жөн. Сонда ғана бала шығармашылық дамуға ден қояды. Мәселен, сауат ашу кезіндегі сабақтар оқушының дыбыс пен әріпті меңгерумен қатар сөздік қорын молайтады. Сөйлеуге үйрету, түрлі тапсырмалар беру, оқушының ой-өрісін арттырады. Әрбір сұрақ оқушының ойын дамытуға лайық етіп берілуі тиіс. Оқыту барысында жаңа әдістерді пайдалану оқушылардың ой-өрісін дамытады. Есте сақтау қабілетін дамытады. Оқушыны ойлау, іздену, зерттеуге баулиды. Өз пікірін айтуға мүмкіндік беріледі.
Бүгінгі таңда білім беру мазмұнын жаңартудың ерекшелігі көп. Атап айтар болсақ, пән бойынша жаңаша оқыту. Педагогикалық тәсілдердің тиімдісін қолдану. Мұғалімдерді жаңашылдыққа ұмтылдыру. Нәтижесінде, мұғалімдер жаңартылған білім беру бағдарламасының құрылымын, материалдардың күрделілігін, өсу ретін, мазмұн-мақсатын біледі. Жаңа бағдарламаға сәйкес, сабақ беру тәсілдерін, оқу материалдарын қолданады. Критериалды бағалау жүйесін түсінеді. Педагогке қажетті білік пен дағдылар қалыптасады.
Тұрсын ЖАНЫСБАЕВА,
Балдыберек жалпы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі,
Төле би ауданы,
Түркістан облысы