Қағаз кітаптың құны жоғары

Елордада Eurasian Book Fair – 2019 ІV Евразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтіп жатыр. Дәстүрлі көрменің негізгі мақсаты – мәдени мұраны насихаттау. Қазақтың жазба әдебиеті мен сирек қолжазбалардың тарихын көпшілікке жеткізу. Биыл көрмеге 13 мемлекеттен баспа ісі, кітап саудасымен айналысатын 90-ға жуық компания қатысты. Сапалы қағаз, мазмұнды оқулық шығаруда тәжірибесі мол елдерден әдіс алмасу қажет. Ресей, Әзірбайжан, Тәжікстан, Армения, Қырғызстан, Түркия, Қытай, Иран, Польша, Бельгия, Латвия, Украина, Өзбекстаннан келген мамандар тәжірибесімен бөлісумен қатар, жаңадан жарық көрген кітаптарын Қазақстанда сатуға мүмкіндік алды.
Сонымен қатар кітап көрмесінде Қазақстанның «Алматыкітап», «Атамұра», «Мектеп», «Қазақ энциклопедиясы», «ҚазАқпарат» Ресейдің «Белый город», «Розовый жираф», «Универсалист», «Манн, Иванов и Фербер», «Самокат», «Кожаная мозаика» және өзге де елдердің жетекші баспалары қатысты. Көрмеге арнайы келген баспагерлердің мақсаты – өзара рухани-мәдени байланысты дамыту.
Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен өтіп жатқан көрменің маңызы зор. Қазақстанда баспа ісін өркендетуде ерекше үлес қосады. Сонымен қатар жәрмеңке аясында ауқымды мәдени іс-шаралар өтіп жатыр. Өнер, мәдениет қайраткерлерімен кездесулер ұйымдастырылды.
Көрменің ашылуына арнайы келген Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы кітап көрмесін өткізудің маңызы зор екенін атап өтті.
– Елордамызда төрт күн бойы өтетін Еуразия халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесіне жиналған жұртшылықты көргеніме қуаныштымын. Біз бүгін Еуразия аумағындағы маңызды мәденени шараның куәгері атанып отырмыз. Кітап форумын өткізу – еліміздегі әдебиет саласының ғана жетістігі емес, ол барлық кітапсүйер қауымның мерекесі, – деді Арыстанбек Мұхамедиұлы. Министрдің айтуынша, дәстүрлі көрме алдағы уақытта да жалғасын табады. Жылдан-жылға өткізу форматы көпшіліктің ұсыныс-тілегіне қарай дамып отырады. Оның ішінде, халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі арқылы баспа ісін дамыту, бұл салада жаңа технологияларды пайдаланудың тиімді әдістерін қолдануға айрықша мән беріледі. Іскерлік әріптестік байланысты жан-жақты дамыту және нығайту мақсатында Еуропа және Азия елдерінің баспа ісі, кітап саудасымен айналысатын ұйымдары мен мәдени және білім беру орталықтары бірлесе жұмыс істеуге мүмкіндік көп.
Сирек кездесетін кітаптар қорын келушілердің назарына ұсынудағы мақсат – көне мұралардың құндылығын насихаттау, оқырман мәдениетін қалыптастыру. Мәселен, Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы «Абай әлемі» экспозициясын алып келген. Аталған кітапхананың Ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Жаңылгүл Әділбекқызының айтуынша, көрменің алыс аймақтардағы кітапханалар үшін пайдасы көп.
– Халықаралық көрме – ұлттық құндылықтарды насихаттайтын бірден бір алаң. Біз көрмеге сирек қолжазба қорындағы тарихи дүниелерді арнайы алып келдік. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен жүзеге асқан «Абай әлемі» жобасы бойынша жарық көрген кітаптар топтамасын да ұсынып отырмыз. Абай Құнанбайұлы, Мұхтар Әуезов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Семейде өмір сүрген орыс жазушысы Федор Достоевский, алғаш рет ресми түрде Қазақстанның халық ақыны атанған Төлеу Көбдіков, балалар жазушысы Марат Қабанбайдың еңбектері, «Әнші Әміре» кітаптарын ұсынып отырмыз. Абай Құнанбаевты ел ақын ретінде таниды. Оның халық үшін сол кезде мемлекеттік, қоғамдық қызмет атқарғанын кейінгі жастар біле бермеуі мүмкін. Ел бірлігін нығайтуға, халық санағын жүргізуге атсалысқаны жайлы абайтанушылар ғана айтады. Ел мен елді елдестірген ынтымақ, бірлік жолындағы қызметі көпшілікке кеңінен насихаттала бермейді. Сондықтан осындай көрмелерде оның қайраткерлік қырын да қамтыған жөн деп ойлаймын. Сонымен қатар кітапханада әдеби, тарихи кітаптарды электронды форматта оқуға мүмкіндік жасап отырмыз. Цифрландыру технологиясы – кітапхана, сирек қор жазбаларын көпшілікке жеткізуде таптырмас тәсіл. Жаңадан шыққан кітаптарды да смартфон арқылы оқуға тікелей мүмкіндік бар, – дейді Жаңылгүл Әділбекқызы.
Сондай-ақ жәрмеңкеде ақын-жазушы, қоғам қайраткерлерімен кездесу өтті. Ақын Ұлықбек Есдәулеттің «Біздер де ғашық болғанбыз», Маржан Ершудың «Кітапхана педагогикасы: ертегітерапия» кітабының тұсауы кесілді. Сонымен қатар жазушы Ғаббас Қабышұлының түрік жазушысы Әзиз Несиннен аударған «Сиқыр айна» сатиралық әңгімелер жинағы таныстырылды.
Жазушы Ғаббас Қабышұлымен кездесуге келушілердің қатары көп болды. Жүздесуді белгілі сатирик Көпен Әмірбек жүргізді. Қаламгердің еңбекқорлығы мен шығармашылығын замандасы, композитор Ілия Жақанов көпшілікке әңгімелеп берді.
– Аударма жасау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Оның ішінде сатираны аударуға көп жазушының жүрегі дауаламайды. Түрік жазушысы Әзиз Несинмен жүздескен, дәмдес болған екі-ақ қазақ жазушысы бар. Бірі – Қалтай Мұхамеджанов, екіншісі – Ғаббас Қабышұлы. Оның аудармалары түпнұсқадан бір мысқал да кем емес. Әзіл әңгімелерді әсерлі аударған еңбегін ерлік дер едім. Қоғамдағы кемшіліктерді сынай жазу бір бөлек. Әзіл-қалжыңмен астарлап жеткізу сөз зергерінің ғана қолынан келеді. Қарағайға қарсы біткен бұтақтай қайсарлығымен қаймықпай пікірін айта білетін қалпында қадірі арта берсін, – деді Ілия Жақанов. Кездесуде көркем аударма мәселесі жан-жақты талқыланды. Оның ішінде шетел әдебиетін аудару жайы кеңінен талқыланды.
Күн сайын көрме аясында шеберлік сағаттары өтеді. Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, кітап саудасын оңтайландыру бағытында өзара әдіс алмасты. Оның ішінде, мектеп оқулықтарын шығаратын баспалар үшін кітап жәрмеңкесінің берері көп. Қазақстандағы баспалардың ортақ проблемасы – баспадан шыққан оқулық пен қосымша жұмыс дәптерлерін уақытылы мектептерге жеткізу. Оқу жылы қарсаңында басталатын қарбаластан арылудың бір жолы – жыл сайын барлық мектепке қажетті оқулықты сұранысқа сай басып шығару. Көрмеде, әсіресе, оқулықты игеруге арналған көмекші құралдарға, қосымша әдебиеттерге сұраныс көп екен. Жәрмеңкеге келген Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Әсел Тұрғымбет оқушыға қажет қазақтілді оқу құралдарының аздығына көңілі толмайтынын жеткізді. «Баланың ойлау қабілетін дамытатын танымдық кітаптар қазақ тілінде аз. Бар болса да, таңдау аз. Кішкентай балаларға арналған кітаптардың көпшілігі шет тілінен аударылған. Халық ауыз әдебиеті, батырлар жыры, ертегі, мақал-мәтелдер туралы кітаптардағы суреттердің бәрі бір-біріне ұқсас келеді. Кішкентай баланы қызықтыру үшін баспагерлер кітапты безендіру, ашық түстерге де көңіл бөлсе екен», – дейді Әсел Тұрғымбет.
Кітап жәрмеңкесінде Еуразиядағы мәдени байланысты нығайтумен қатар кітап саудасының көлемін арттыру мәселесі де талқыланды. Баспалардың жетістігін көрсетті. Кітап бизнесімен айналысатын кәсіпкерлердің тәжірибесімен бөлісті. Көпшіліктің сұранысына сай ақпарат алмасу, қажет кітаптарды шығару, тарату бағытында нақты мақсат-міндеттерді айқындады. Көрме тек қана дайын кітапты сату үшін емес, оқырманның сын-ескертпесін ескеріп өткізілмек.
Майра ЖАНЫСБАЙ