АІВА БІЗДІ НЕГЕ АЙЫПТАДЫ?

321
0
Бөлісу:

Екі күн бұрын Халықаралық бокс федерациясы (AIBA) ұйым қатарынан Қазақстан бокс федерациясын шығарып тастауы мүмкін деген ақпарат тараған. Онда Азия бокс конфедерациясының бұрынғы басшысы Серік Қонақбаевтың архивтік және қаржылық құжаттарды конфедерацияның жаңа басшысына берудегі қабілетсіздігі туралы шағымды қарастырған.

Комиссия сондай-ақ AIBA атқару комитетінің, Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Бекжан Бектеновтің олимпиадалық іріктеу турнирлерін басқаруға қатысты жаңа ұйым құру туралы ұлттық федерацияларды мәжбүрлегенін де қарастыруда делінген еді. Осыған орай Бекжан Бектенов пікір білдірген.
– Маған қатысты мәселенің менің қатысуымсыз өтіп жатқаны таңғалдырады. Қазір қандай да бір түсініктеме беру мүмкіндігінен айырылып отырмын. АІВА тарапынан бұған қатысты хабарлама немесе ескерту алған емеспін. Сондай-ақ мен «АІВА мүшесі» емесін. Сондықтан заңды тұрғыдан мені шеттету мүмкін емес. Өзге ұлттық федерациялардағы әріптестеріммен кездесіп, кеңес өткізгенім рас. Бұл – бокс федерациясының директоры ретіндегі менің жұмысымның бір бөлігі. Аталған жиындар, хат алмасулар, сондай-ақ түрлі сұрақтарға қатысты пікірталас жүргізу үнемі жүзеге асып тұрады және бұл ұйым қаулысына қарсы келмейді.
Егер АІВА әрбір кездесу мен телефон қоңырауларын бақылауға мүдделі болса, мұның демократия қағидаларына қарсы екенін ескерткім келеді. Мұндай жағдайда ұлттық федерациялардың қажеті жоқ, барлық процесті бір ғана штаб-пәтердің басқаруына болады. Ал бокстағы жалпы жағдайды өздеріңіз білесіздер. Біздің олимпиада бағдарламасынан сырт қалу қаупіміз жоғары. ХОК пен АІВА арасындағы қарым-қатынасқа алаңдаулымыз. Әлемдегі барлық боксшылар секілді, біз бокстың олимпиада бағдарламасында қалуына бар жағдайды жасаймыз. Қазір билік үшін қандай да бір ойын ойнаудың қажеті жоқ. Барлық күш-қуатымыз боксты Токиодағы Олимпиада ойындарында сақтап қалуға бағытталу керек, – деді Бектенов.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу: