БАЛУАНДАР ЖҮЛДЕ ЖИДЫ

288
0
Бөлісу:

Қытайдың Сиянь қаласында өткен еркін күрестен Азия чемпионатында біздің балуандар 2 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды. Жарыстың соңғы күнінде 74 келі салмақта белдескен Данияр Қайсанов үндістандық балуан-ды жеңіп, алтын олжалады. Осылайша, Данияр былтыр Бішкекте құрлықтық додада жеңіп, алған қоласын алтынға айырбастады.

– Менің салмағымда 16 балуан сынға түсті. Олардың бәрін жақсы танимын. Ең ауыр кездесу деп моңғол балуанымен белдескенімді атар едім. Ол – Азиядағы ең үздік спортшылардың бірі. Жинаған тәжірибем мен шеберліктің арқасында ол балуаннан айламды асырдым. Айтпақшы, менің басты қарсыласым – шыққан тегі ресейлік болғанымен Бахрейн атынан өнер көрсететін Адам Батыров боз кілемге шыққан жоқ. Бұл алтын жүлде мені алға жетелейтін мотивация іспетті. Енді әлем чемпионатында сәтті белдесу керек. Олимпиада ойындарында да ең биік тұғырдан көрінгім келеді. Бір аптадай тыныққан соң қайта жаттығуға кірісемін. Айдың аяғында Италияға аттану керек, – дейді Данияр Қайсанов.
Азия чемпионы дейтін абыройлы атақты иеленгендердің бірі – Нұрқожа Қайпанов. 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күрескен 20 жастағы жігіт финалда жапониялық Коджира Шигуды жеңіп кетті. Бұл – оның құрлықтық деңгейдегі ең алғашқы ірі жеңісі.
– Азия чемпионаты өте табысты өтті. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Бұл – менің карьерамдағы ең ірі турнир. Алтын медаль жеңіп алып, еліміздің Әнұранын тыңдағаным үшін қуаныштымын. Барлық кездесу қиынға соқты. Әсіресе, иран балуанымен күресім өте ауыр тиді. Оны жеңіп шыққаннан кейін финалда ұтылуға еш хақым жоқ еді. Қолда тұрған алтынды сусытып алғым келген жоқ. Жеңісімді бапкеріме және барша Қазақстан халқына арнаймын. Ендігі мақсат – елордада өтетін әлем чемпионатында еліміздің көк туын желбірету, – дейді балуан.
Ал 65 келіге дейін белдескен Саятбек Оқасов күміс жүлдені қанағат тұтты. Ол финалда Үнді елінің 27 жастағы балуаны Баджранг Баджрангпен кездескен еді. Сондай-ақ 79 келіде Ғалымжан Өсербаев пен 97 келідегі Әлішер Ерғали қола жүлде еншіледі. Күрес түрлерінен өтіп жатқан Азия чемпионаты 28 сәуірге дейін жалғасады. Алда грек-рим және әйелдер күресі жарыстары басталмақ.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу: