ГОЛОВКИН БАПКЕРІМЕН НЕГЕ ҚОШТАСТЫ?

443
0
Бөлісу:

WBC, WBA (Super), IBF және IBO тұжырымдары бойынша бұрынғы әлем чемпионы қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин өзінің бапкері Абель Санчеспен бірге жұмыс істеуді тоқтататынын мәлімдеді.

Головкин ресми мәлімдемені өзінің Инстаграмдағы парақшасында жариялаған. Ол бұл шешім бапкердің кәсібилігіне қатысты емес екенін айтқан.
«Өзім және карьерам үшін маңызды шешім қабылдағанымды жария еткім келеді. Мен осыған дейін жеткен жетістіктеріме арқа сүйеймін және өзімді жетілдіруді жалғастыра беремін. Сол себепті Абель Санчеспен бірге жаттықпаймын. Бұл оңай шешім болған жоқ. Алайда Абельдің кәсібилігіне қатысы жоқ. Ол – ұлы бапкер. Жаңа бапкерімнің есімін жақын арада жариялаймын. Маған үйреткен тәлімі үшін Санческе алғыс білдіремін», – дейді Головкин.
Головкин мен Санчес 2010 жылдан бері бірге жұмыс істеді. GGG мексикалық бапкердің жаттықтыруымен соңғы рет былтыр күзде Сауль «Канело» Альвареске қарсы жекпе-жек өткізіп, ұпай санымен жеңіліп қалған болатын. Бір қызығы, осы сәуір айында аса ауыр салмақта жұдырықтасатын британиялық Джо Джойс та Санчестің көмегінен бас тартқан еді. Бұл жағдайға орай Головкиннің промоутері Том Леффлер де пікір білдірген. «Абель Головкиннің карьерасы үшін көп нәрсе істеді. Бірақ шешімді Геннадийдің өзі қабылдады», – дейді ол. Бұрынғы бапкерден кеткеннен кейін Головкин енді жаттығу лагерін де өзгертеді. Бұған дейін ол Санческе тиесілі Калифорниядағы Big Bear лагерінде жаттығу жүргізіп келген еді. Sport Ilustrated журналисі Крис Мэнникстің айтуынша, Головкин мен Абель арасындағы келісім ақша мәселесіне байланысты бұзылған.
«Санчес бізге (Sport Ilustrated) Головкинмен ара-қатынас ақшаға байланысты бұзылғанын мәлім етті. Ол Головкиннің тарапын «сараң, ұятсыз және рахметі жоқ» деп айыптады. Оның сөзінше, DAZN-мен келісімшартқа отырғаннан кейін Головкиннің Абельге жасаған ұсынысын ол кемсітушілік деп қабылдаған», – дейді Мэнникс.
Іле-шала шетелдік бірнеше ақпарат құралы Санчестің пікірін де жариялады. «Көп ақша адамды сараң етіп жібереді. Мұның бәрі ақшаға байланысты. Маған «осыған риза бол немесе кете бер» деген қағидамен ұсыныс жасалды. Яғни, бұған дейін алып келген сыйақымның бестен бірін ғана бермекші», – депті Санчес. Ол Los Angeles Daily News басылымына телефон арқылы берген сұхбатында Головкинмен жұмыс істегелі бері келісілген ақшаның стандартты он пайызын алып келгенін айтыпты. Дегенмен нақты қанша цифр екенін мәлімдемеген.
Әйгілі британиялық промоутер Эдди Хирн де Головкиннің бұл шешімін таңғалыспен қабылдаған. «Бұл – күтпеген жағдай. Санчестің айтуынша, бәрі ақшаға байланысты екен. Екеуінің арасында не болғанын білмеймін. Бірақ қызық жағдай. Бұл қандай да бір техникалық жағдайға қатысты немесе бұрынғыдан күшті болу үшін жасалған қадам емес сияқты. Меніңше, бәрі сол DAZN-мен жасалған келісімшартқа орай туындаған келіспеушілік. Дәл осындай себеппен бапкерімен қызметті тоқтатқан бірнеше боксшыны білемін. Жаңа бапкер оның карьерасына табыс әкеле ала ма, кім білген? Олар бұрыннан өте жақсы қарым-қатынаста еді. Сондықтан бұл шешімді тосырқап қабылдадым», – депті Хирн.
Осыдан соң бірқатар қазақстандық журналистер мен желі қолданушылары да өз пікірін білдірді. Спорт журналисі Уәлихан Қосанбайдың жазуынша, Головкин өте дұрыс шешімге келген.
«Генаға өзгеру керек. Oсы 9 жылдың ішінде Санчес отандасымызға бар білгенін үйретті. Білмегенін де үйреткен шығар. «Канелоға» қарсы өткен екінші кездесуде Головкиннің арсеналы таусылғаны байқалды. Енді боксшымыз жаңа бапкермен және жаңа тыныспен қайта оралады деп сенейік. Санческе түк өпке жоқ. Головкинді Америкаға ашып берді. Америкаға ғана емес, Қазақстанға да ашып берді ғой. Барлық шәкіртінен ерекше қарап, қатты құрметтеді. Генаны кәсіпқой бокста 21 кездесуге дайындады. Осы бапкермен ол Әлем чемпионы деген белбеулерді жеңіп алды. Бапкерге де сәттілік тілеп қояйық» деп жазады ол.
«Санчесті лақтырып кетті деп жатқандардың көбінің фамилиялары испанша. Фан-базасының біршама бөлігінен айырылуы мүмкін. Дегенмен Геннадий есін жия бастады. Кеш болуы да мүмкін. Бірақ бүйтіп жүруге болмайды. Санческе соңғы жекпе-жектерден (Келл Брук, Джейкобс, Канело) кейінгі лайық еңбекақысын ұсынған шығар. Қысқасы, Головкин өзінен ақша сорып келгендерден құтылайын деген сияқты. Дұрыс-бұрысын өзі біледі ғой. Не болса да, зейнетке кетерде ақша жинап қалу керек. Келісілген алты жекпе-жекке шығып, 100 млн долларды толық алар-алмасы белгісіз. Спорттағы карьерасы аяқталып келеді. GGG Promotions арқылы ақша табу үшін оған ақша құю керек» деп жазады Омар Анарбаев. Ал желі қолданушысы Берік Ерғалиевтің пікірінше, кез келген топ санаттағы бапкер Геннадийдің тәлімгері болуға келісуі мүмкін. «Дұрыс шешім болды. Абельдің жігіттері соңғы кезде жеңіліп жүр. DAZN -да үлесі бары рас болса, Генада әлі біраз төбелес бар. Кез келген бапкер шауып келетін шығар», – дейді ол.
Головкин келесі жекпе-жегін 8 маусым күні канадалық Стив Роллсқа қарсы өткізеді. Бұл – DAZN-мен 100 миллион долларлық келісімшартқа отырғаннан кейінгі жүзеге асатын алғашқы жекпе-жек. Одан кейін тағы бес кездесу өткізуі тиіс.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу:

Оқуға кеңес береміз