Кесенеге кесірі тимесе екен

318
0
Бөлісу:

ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени мұраларының тізіміне ену – мәртебе. Бұл ретте Еуропа әлдеқашан алға кетіп қалған. Қазақстан болса, тарихи нысандарын қатарға қосуды Тәуелсіздік алған тұста ғана қолға ала бастады. Сондай нысанның бірі – Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Облыс орталығына айналған аймақ дамудың жаңа стратегияларын қолға алатыны белгілі. Осы мақсатта құрылыс қарқыны да күшейеді. Кесенеге жақын маңда құрылыс жұмыстары жүргізілсе, оның тарихи ескерткішке зияны тимей ме? Бір жыл бұрын Өзбекстанда да осыған ұқсас жағдай болған еді. Самарқанның қорғалатын тарихи аумағында көпқабатты тұрғын үйлер салынып, нысандарға қауіп төндірген.

Самарқанның ескерткіштерді қорғау инспекциясы қалада көптеген заңбұзушылық фак­тілерін анықтайды. Атап айт­қанда, ЮНЕСКО тарапынан қор­ғалатын тарихи аумақта құ­рылыс жұмыстарының жүргізіліп жатқаны жөнінде «Газета.uz» жазған болатын. Тарихи ескерт­кіштердің маңында көпқабатты тұрғын үйлер салынып бастаған. 1000 гектарға жуық жерді алып жатқан бұл аумақта ескерткіштер, тарихи нысандар, мешіттер мен медреселер, кесенелердің бәрі мәдени мұра ретінде қарасты­рылады. Демек, осы жақта жүр­гізілетін реконструкция, абат­тандыру процестері халықаралық талаптарға сай әрі облыстық тарихи және мәдени ескерт­кіштерді қорғайтын мемлекеттік инспекцияның тікелей қада­ғалауымен жүруі тиіс. Дегенмен мұны пысқырмаған құрылыс компаниясы ескі тұрғын үйді қиратып, орнына көпқабатты үй тұрғызуды қолға алады. Са­марқанның әкімдігі ол үйдің мәдени мұраға жатпайтынын жеткізеді. Бірақ бір қызығы, үй иесіне сонау 2014 жылы мем­лекеттің қорғауында екені ескертілген деседі. Осыдан ба­рып қоғамда қарсылық туындап, Мәдениет министрлігі іске кі­ріседі. Әйтпесе, сәл болмағанда сонша жылдық тарихы бар нысанға залал тиер ме еді, кім білсін?!
Енді еліміздегі ахуалға ойыс­сақ. Қазақстанда ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енген бес нысан бар. Олар: Түркістан облысын­дағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Алматы облысындағы Тамғалы петроглиф тас кешені, Сарыар­қа – Солтүстік Қазақстан даласы мен көлдері, Чанъань-Тянь-Шань дәлізі бағдарламасының желісіндігі Ұлы Жібек жолы және Батыс Тянь-Шань (Қаратау, Ақсу Жабағылы қорықтары мен Сайрам-Өгем ұлттық паркі). Бұдан бөлек, бірқатар нысан­дарды да Қазақстан үкіметі ұсын­ған. Құжаттарды тапсырған соң, Дүниежүзілік мәдени мұра орталығы оның дұрыс толты­рылғанын, қажетті карта мен суреттердің бар-жоғын тексереді. Одан кейін бұл құжаттар ИКОМОС-қа жіберіледі. ИКОМОС (International Council on Monuments and Sites – Ескерт­кіштер мен назар аударарлық орындарды сақтау жөніндегі халықаралық кеңес) – тәуелсіз сарапшылар қауымдастығының басын біріктірген үкіметтік емес ұйым, ЮНЕСКО-ға кеңес бе­ретін орган. Олар номинацияны қарап, қажетті маманды нысан­ды зерттеуге жібереді. Содан ке­йін ғана ЮНЕСКО нысанды тізімге алу-алмау мәселесін қарайды. Өтініштер ең кемі бір жарым жыл қарастырылады.


Түркістан облысындағы жаппай жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары туралы естіп, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасына хабарластық. Қорқынышымызды сейілтетін сөз естідік. Кесенеге еш зиян келмейді деседі.


Асылы, тарихи ескерт­кіш­терді қорғауға әр мемлекет онсыз да міндетті әрі мүдделі. Дегенмен ЮНЕСКО тізіміне енудің мәртебесі жоғарырақ. Нысанның күллі әлемге танымал болуы, туристердің сол жерге аңсары ауып келуі аталған тізімде бол­ғанына да байланысты. Әйтпесе, халықаралық ұйым ешқандай қаржылық қолдау көрсетпейді. Олар тек табиғи-мәдени мұра­ларды сақтау үшін платформа ұсы­нады. Бұл ұйымның конвен­циясы – нормативті-құқықтық құжат. Ол конвенцияға қол қой­ған елдер арнайы қаржы бөліп, өз ескерткіштерін сақтауға мін­детті. ЮНЕСКО конвенциясына сәйкес, тізімдегі нысандар әр алты жыл сайын тексерістен өткізіліп тұрады.
«Тарихи-мәдени ескерткіш­тердің жалпы жер көлемі – 557,1935 гектар. Құрамында 99 тарихи-мәдени ескерткіш бар, оның ішінде, біреуі – халықа­ралық, 16-сы – республикалық, 14-і жергілікті маңызға ие. Қалған ескерткіштердің стату­сын анықтау жұмыстары жүр­гізіліп жатыр. Халықаралық дәрежедегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ортағасырлық теңдессіз сәулет туындысы ретінде 2003 жылы ЮНЕСКО-ның Бү­кіләлем­дік мұралар тізіміне алынған. Әлемдік маңызға ие болған ескерткіштің ұлттық пантеон ретіндегі алар орны да айрықша. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне 300-ден аса тарихи тұлғалар жерленген болса, қо­рық-музей мамандарының зерт­теулері нәтижесінде сол тұл­ға­лардың бүгінгі таңда 214-і анық­­талған», – дейді «Әзірет Сұл­тан» мемлекеттік тарихи-мәдени қо­рық-музейінің директоры Нұр­болат Ахметжанов.
Түркістан облысындағы жап­пай жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары туралы естіп, облыс­тық сәулет және қала құрылысы басқармасына хабарластық. Қорқынышымызды сейілтетін сөз естідік. Кесенеге еш зиян келмейді деседі. «Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ел үшін ма­ңызы баршамызға белгілі. Сон­дықтан мұндай тарихи ны­санға еш зиян келмеуін қадағалаймыз. Кесене маңында тұрғын үйлер салынып жатқан жоқ. Ол маңда Мәдениет министрлігінің қорғау аймағы бар. Оған тиіспейміз. Бүгінде ол жерде археологиялық және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Онымен сала министрлігі айналысады. Ал сол аймақтың сыртында ескі үйлер бар. Солардың барлығын бұзып, жаңа кейіпке енгізіп, тартымды етуді жоспарлап отырмыз. Өйткені туристік аймаққа айналдыруымыз керек. Кесене ЮНЕСКО қорғауындағы әрі маңызды нысан болғандықтан, қаланың бас жоспарында бар­лығын ескердік», – дейді Түркіс­тан облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысы Еркін Жүсіп.
Бүгінде құрылыс қарқыны қай жерде болсын қатты. Кейде тіпті тарихи нысандарға залал келтіруі мүмкін. Бір жарқын мысалы ретінде Өзбекстанды айтып өттік. Ескі күннің еле­сіндей болған ескерткіштері үшін ғана шетелден арнайы ке­летіндер бар. Сол себепті заманға сай болу үшін ескі әрі тарихи мекенді қиратып, орнына жаңа ғимарат салудың соңы жақсы­лыққа апармайды. Одан тарихи аумақтың сәні кетеді. Заманауи реконструкция жасаймын деп ұлттық мәдени мұрасынан айы­рылып, ертеңіне соны қайта қалпына келтіріп, ескі әлпетін қайтару үшін еселеп шығынға батып кетсе, таң­ғалмаймыз. Қаупіміз осы ғана. Түркістанның алда қалай түрленерін, бас жоспардың қаншалық сәтті жасалғанын уақыт көрсетеді. Біз болсақ, туристер өздігінен тартылатын, тартымды аймаққа айналғанын көрсек дейміз.

Жадыра АҚҚАЙЫР

Бөлісу: