Көліктен өлді, көп қазақ!

388
0
Бөлісу:

Демеске амалымыз жоқ. Көліктен келетін кесепат азаймай тұр. Жуырда ғана Қордайдағы апаттан 11 адам көз жұмып, 30 адам жарақат алғаны белгілі. Жалпы саны 41 адам көлік апатынан зардап шекті. 8 адам оқиға орнында қаза тапты, екеуі – ауруханада, біреуі медициналық госпитальда көз жұмды. 30 адамға медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

Жол ережесін сақтау қажеті қанша айтылса да, айыппұлды жыл сайын қанша көбейтсек те, қайғылы жағдай жиілеп кетті. Бір жүргізуші сақ жүрсе де, екінші жүргізушінің сал­ғырт­тығынан қайғыға тап болады. Тақтайдай тегіс жолдағы тәртіпті реттеуге камераның да, Жол по­лициясы қызметкерінің де күші жетпей тұр. Неге?
Кей деректерге сүйенсек, тәуелсіздік алған 28 жылда ­жол-көлік оқиғасы салдарынан 82 мың адам қаза болыпты. Зардап шеккендері қаншама?! Өткен жылдың өзінде 16 мыңға жуық жол апаты болып, 2 мың­нан астам қаза тапса, 20 мыңға жуығы жарақаттанған екен. Де­мек, бір жылдың өзінде 20 мың адам мүгедек атанды деген сөз.
Мәдина Ералиева, Оразалы Досбосынов, Бақытжан Жұма­ділов, Бекзат Саттарханов, Рус­лан Бөлебай сияқты елге белгілі азаматтар да жол апатынан көз жұмды. Соғыстың бетін аулақ қыл­сын, дегенмен, соңғы көлік апаттары «соғыссыз-ақ» шы­ғын­ға ұшыратып жатыр. Жол-көлік оқиғасы неге жиіледі? Себебі бар, салдары қандай? Осыған жауап іздеп көрдік пе?


Күн сайын кемінде сегіз адам көлік апатынан қаза тапса, 20 адам жарақаттанады екен. Күніне 20-30 адам жарақаттанып жатса, еңбекке жарамсыз болып қалады деген сөз.


Мәселенің мәнісіне үңіліп, тереңірек зерделесек, бірқатар себептердің көлбеңдейтіні анық. Біріншіден, жүргізушінің сал­ғырттығы. Екіншіден, жолдың сапасыздығы. Мәжіліс депутаты Ерсұлтан Бектұрғанов: «Жүр­гі­зушілердегі куәлік берудегі тәртіпсіздік – бірінші мәселе. «Куәлік беру тәртібін жеңіл­де­теміз, оңтайландырамыз» деп бұл саланы еркіне жібердік. Қазір жүргізуші куәлігін алғысы келген адам оны оңай ала салады. Шетелдіктерде бұл мәселе қалай жолға қойылған? Еуропада жүргізуші куәлігін беру құқығы нарыққа бейімделген. Бірақ жүргізушіні дайындайтын оқу орталықтарының лицензия алу процесі өте қиын. Егер сол ор­талықтан тәлім алып, жүргізуші куәлігіне ие болған адам бір жерде жол апатын жасауға се­бепкер болса, құзырлы орган­дар жан-жақты жұмыстар жүр­гізеді, ақыр аяғы келіп оқытқан көлік жүргізуге үйреткен орынды келіп тексереді. Қалай оқыт­қанына, ол адамға жүргізуші куәлігінің қалай берілгеніне дейін түгел сараланып, соған қатысты да шешім шығарылады. Өркендеген елдерде жүргізуші куәлігін алу өте қиын. Айталық, ТМД елдерінен Еуропаға қоныс аударған, бұрын бізде бірнеше жыл көлік жүргізген тәжірибесі бар азаматтардың өздері алты айға дейін, тіпті бір жылға дейін куәлік ала алмай жүргенін айт­қан еді. Бізге де осындай қатаң тәртіп қажет» деген пікір айтады. Жүргізуші куәлігін алуды оңтай­ландырғаны – мәселенің бір ұшы ғана. Әрине, көлік жүргізіп көрмеген, жол жүру тәртібін білмейтін жанға куәлікті ұстата салғанымыз да дұрыс емес. Бізге Еуропа елдеріндегідей қатаң тәртіп керек. Бұл – бір жағы. Екіншіден, көлік апатының ал­дын алудың жолы бар екенін айтып, шырылдап жүрген жан­ның бірі – өнертапқыш Алмат Салғарин. Ол өзі ойлап тапқан жобасын өткізе алмай әлек. Кейіпкеріміз 2001 жылы жол апатына түсіп, аман қалыпты. Көліктің алдында отырған екі адам көз жұмады. Қатты жарақат алғандықтан, бас сүйегі мен ішкі ағзасына зиян келіп, бір жыл ауруханада жатады. Сонда жа­тып, ермек орнына қолында бар дүниелерден бір жобаны ойлап табады.
«Жол апатының кесірінен бір жылда мемлекетке 3 млрд-қа жуық шығын келеді екен. Осы мәселені шешу үшін екі құрылғы ойлап таптым. Оның бірі – жыл­дамдықты қадағалайтын «Алаш» жобасы болса, екіншісі – ішімдік ішкен адамның көлік жүргізбеуін қадағалайтын «Сақтан» құ­рылғысы», – дейді кейіпкеріміз.
Алмат Салғариннің айтуын­ша, көлік апатына себеп болатын екі нәрсе бар: біріншісі – жыл­дамдықты шектен тыс асыру, екіншісі – мас күйінде көлікке отыру. Екі жағдайда да «тірі» қалу мүмкін емес. «Көп жағдайда жас­тар көлікке отыра салысымен, жылдамдықты асыруға тыры­сады. Ал оның салдары, көлік апатына әкеп тірейді. Екінші жағдайда, мас күйінде көлікті тізгіндейтіндер өте көп. Олар одан зиян шегетінін білмейді. Жол полициясы айыппұлды көбейткен сайын көлік апаты да жиілеп кетті. Өйткені ішкен адамға «жылдамдық арттырма, мас күйінде көлікке отырма» деп ешкім айта алмайды. Айтқан күнде де құлақ аспас еді. Сон­дықтан мұндай қасірет болмау үшін «Алаш» пен «Сақтан» құрылғысын пайдалансақ, ұтар едік. Өкінішке қарай, он жылдай болды, бұл жобаны қолдайтын адам табылмай тұр. Одан гөрі айыппұл төлетуді тиімді көретін секілді. Ал айыппұл адам өмірін құтқарып қала алмайды ғой. «Алаш» құрылғысының тиімді тұсы – жылдамдықты тежеуге мүмкіндігі бар. Ал «Сақтан» құ­рылғысын пайдалансақ, ішімдік ішіп, рульге отырсаңыз, көлік өз-өзінен жүрмей қалады», – дейді өнертапқыш.
Күн сайын кемінде сегіз адам көлік апатынан қаза тапса, 20 адам жарақаттанады екен. Күніне 20-30 адам жарақаттанып жатса, еңбекке жарамсыз болып қалады деген сөз. Қазір көлік апатынан жақынынан, туысы­нан, туғанынан айырылмаған отбасы кемде-кем. Қоғамның ең басты құндылығы – адам. Енде­ше, біз өз құндылығымызды неге сақтай алмай отырмыз? Өнер­тапқыш Алмат Салғарин өзі ойлап тапқан құрылғысын өткізе алмай дал болып жүр, біз болсақ, күніне 7-8 адамнан жоғалтамыз. «Бұл жоба елімізде жүзеге аспай­тын болса, шетелдіктерге ұсы­нудан басқа амал қалмады. Он­шақты жыл шетелде тұрып, құ­рыл­ғыларымды әлемге таныт­қым келеді», – дейді өнертап­қыш. Керісінше, бұл жобаны өз елімізде қолданып, оны ары қарай экспортқа шығарар болсақ, көбірек пайда табар едік деген ойды айтады кейіпкеріміз. Қазақстанда ғана емес, әлемде де көлік апатынан қаза тапқандар саны артып отыр. Демек, олардың бұл жобаға қызықпауы мүмкін емес. Онда біз қолдағы бар «алтыннан» айырылып қа­луымыз ғажап емес-ау. Қалай десек те, апатты болдырмаудың жо­лын іздеген абзал. Осы тұр­ғыдан келгенде, Жол полициясы да, Үкімет те бұл жобаға назар аударса, жөн болар еді.
Майқы бидің «темірден болар көлігің, темірден болар өлімің» деп үш ғасыр бұрын айтқаны бар екен. Атақты бидің даналық сөзі ақиқатқа айнал­ғандай. Осылай қол қусырып отыра берсек, жол-көлік апаты­нан көз жұматындар саны күн санап емес, сағат санап көбейетін болады. Адами капиталдан айырылмаудың жолын іздеген дұрыс. Оған тақтайдай жол емес, сақадай сай көлік емес, жыл­дамдық кінәлі екенін ұғатын кез жетті. Жылдамдықты асырып, бір сәтте өте шығамын деп ой­лауыңыз мүмкін, ал ол сәттер сіз­дің өміріңіздің соңғы минут­тарын шешіп кететінін ұмыт­паған абзал! Сақтансаң ғана сақтайды.

Гүлзина БЕКТАС

Бөлісу: