Жарқын жүзді Жарқын аға…

Қазақ өнері орны толмас қазаға душар болды. 72 жасқа қараған шағында музыка зерттеуші, күйші, қаламгер, бар саналы ғұмырын қазақ өнеріне арнаған Жарқын Шәкәрім дүниеден озды.
Жарқын ағаны бала кезімнен білуші едім… Алғаш теледидар арқылы таныдым. Өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап, Жарқын аға қазақ өнері туралы телехабарлар циклын жүргізді. Сол телехабарлар біздей жас өркеннің жүрегіне жол тапты. Телехабарлар өнерге деген іңкәрлігімізді оятты. Кейін 90-жылдары танысып, бірден емен-жарқын араласып, ағалы-інілі болып кеттік. Бізді табыстырған көшелі өнер еді, өнер майданы еді.
Әлі есімде 2002 жылы Жарқын ағамен Астанада, халықаралық «Шабыт» фестивалінде кездесіп, сұхбаттастым. Әңгіме Әміре жайлы еді. Сол сұхбатта Жарқын аға жылап отырып сөйледі. Жыламай қайтсін, әңгіме өзі ғұмыр бойы зерттеген Әміренің талайсыз тағдыры туралы болса… Сол сұхбатта Жарқын аға сұмдық сырдың бетін ашты! Ол Әмірені НКВД-нің өлтіргені жайлы еді. 1974 жылы атақты театр кино актері Серке Қожамқұлов сақтана отырып, «тісіңнен шығарма!» деп айтып кеткен сұмдық сырды Жарқын аға арада 30 жылға жуық уақыт өткенде бір-ақ айтты. Кейін бұл сұхбат республикалық «Алтын Орда» газетінің 2002 жылы 21 ақпан күнгі санында «Қазақтың ұлы әншісі» деген атпен жарияланды. Кейін Жарқын ағадан бұл шындықты неге осы уақытқа дейін жарияламай келгенін сұрағанымда, тәуекел етпегенін, жүрегі дауаламағанын айтқан еді. Зерттеушіге тәуекел еткізбеген еттен өтіп, сүйекке жеткен НКВД-нің (кейін КГБ) үрейі болатын. Шіркін-ай, десеңізші! Жарқын Шәкәрім қазақ музыка өнеріне, оның ғылыми тұрғыдан зерттелуіне өлшеусіз көп еңбек сіңірді. Ол жасынан ақжолтай зерттеуші болды. Оған өнердің жарқын оқиғалы жаңалықтары ғайыптан тайып оралып тұратын. Оның сондай алғашқы ақжолтай жаңалығы 1967 жылы Қарағандының серіктес шаһары Абай қаласынан ұлы композитор Мәдидің фотосуретін табуы еді. Бұл суретті Мәдидің күйеу баласы Тоқаш Кәдікеев есімді қария 46 жыл көздің қарашығындай сақтап, сол уақытта жиырма жастағы жас өнерпаз Жарқынға сеніп табыстап, аманат еткен болатын. Жас Жарқын аманатқа адалдық танытып, 1968 жылдың наурыз айында «Облыстық Орталық Қазақстан» газетіне суретті жариялап жіберіп, айды аспанға бір-ақ шығарады. Осылайша, жас өнерпаздың зерттеушілік жолы басталады.
1970 жылдардың басында Жарқын Шәкәрім сол кездегі астанамыз Алматыға келді. Келді де қазақтың ұлы әншісі Жүсіпбек Елебековке қолғанат болды, әнші ағасының домбырасын көтеріп, жүгін арқалап бес жыл гастрольдік сапарында бірге жүрді. Ұлы әншінің аузынан қазақ өнерінің небір дүлдүлдерінің әңгімесі мен әнін естіді, жазып алды.
Сөйтіп жүргенде 1974 жыл келді. Бұл Жарқын Шәкәрім есімін айдай әлемге танытқан ұлы оқиғалы жыл болды. Ақжолтай Жарқын сол жылы Мәскеу архивінен халқымыздың ұлы әншісі Әміре Қашаубаевтың фоногрофқа жазылған жеті әнін тауып, «Социалистік Қазақстан» газетіне Мәскеуден телеграмма салып, жалпақ жұрттан сүйінші сұрады. Ал келесі 1975 жылы «Мелодия» фирмасынан табылған жеті әнді күйтабақ қылып шығарып, Әміре үнін туған халқымен қайта қауыштырды. Осылайша, Әміренің екінші өмірі басталды. Бастап берген жас өнертанушы Жарқын Шәкерім болды! Сол жылы ол Ленинград архивінен қазақтың тұңғыш музыка зерттеушісі, Құрманғазы атындағы академиялық ұлт аспаптары оркестрінің негізін салушы Ахмет Жұбановтың оркестрімен орындалған тоғыз күйінің хроникасын іздеп тапты. 1934 жылы жазылған, Ахмет Жұбанов өзі дирижерлік еткен бұл шығармалар қазақ өнері үшін ерекше құнды, бағалы еді. Осылайша, қазақ музыка өнерінің майданына белсене араласқан ол халқымыздың біртуар ұлы Өзбекәлі Жәнібековпен тізе қоса жүріп, Ықылас атындағы ұлт аспаптары музейін ашты, «Сазген» ансамблінің негізін қалады. Үш шекті домбыраны зерттеп, осынау көне аспапты қазаққа қайта қайтарды. Өзі үш шекті домбырамен күй тартудың майталманы болды. Үш шекті домбыраға арнап күйлер жазды.
Жарқын Шәкәрім саналы ғұмырының отыз жылын Қазақ теледидарына арнады. Қазақ даласының түкпір-түкпірінен елге елеусіз жатқан ел ішінің қаншама өнерпазының бағын ашты, эфир арқылы өнерсүйер көрерменмен қауыштырды. Бұл еңбек айтуға ғана оңай, шын мәнінде, қияметқайым қиыншылықпен жүзеге асырылған жобалар еді. Өнердің майдангері бола жүріп, Жарқын аға Біржан сал айтқандай «Үш жүздің кәрі жасын түгел көрді», оларды елге көрсетті, сөйтіп жүріп өзі де өнердің кемеңгеріне айналды.
Жарқын ағаның ең жақсы қасиеті – адалдық, ақпейілділік еді. Ол өнердің мұратына, өнердегі ағаларының ізгі жолына, ұлы мұрасына адал болды. Мәселен, ол қазақтың көне музыкалық аспаптарын қайта жаңғыртқан Болат Сарыбай ағамыздың ісін жалғастырды, осы бір тамаша адам туралы тағлымды кітаптар жазып, жарыққа шығарды. Халқымыздың сүйікті өнерпазы Нұрғиса Тілендиев туралы да құнды еңбектер жазып қалдырды. Әміренің қабірінің басына жеке қаржысына зәулім ескерткіш орнатқан әнші Кенжеғұл Сыздықова мен зайыбы Дмитрий Гусенцовтің басы қарайтылмай, иесіз қалғанда қос өнерпаздың бейітін көтеруге ұйтқы болды. Қайсібірін айтып тауысқандаймыз, қайран Жарқын ағаның ұлттық өнер мен ұлт өнерпаздарына сіңірген еңбегі өлшеусіз еді ғой. Мінеки, сол жарқын мінезді Жарқын аға алдыңғы толқын ағалардың соңынан бақиға аттанып кетті. Данышпан Абай айтқан «Кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер» дегені осы да.
Ерекше таңқалдыратыны Жарқын ағаның ешқашан қабақ шытпайтындығы, ешкімге дауыс көтермейтіндігі еді. Қашан көрсең жылы сөйлеп, мейірбан үнмен баурап, аға-інінің көңіліңе қарап тұратын. Шынымды айтсам, мен өмірімде ешқашан ашуланбайтын жалғыз ғана адам көрдім, ол осы – Жарқын аға еді.
Жарқын аға дүниеден өтерде қолын ұстап отырып, бақұлдастым.
– Не арманыңыз бар, Жәке? – дедім көз жасымды тия алмай. – Арманым жоқ, – деді ауыр ентігіп, – бір арманым үш шекті домбыраға жазған жиырма күйімді оркестрге түсіріп үлгере алмай барамын, – деді көзінің жасы парлап жатып. Қайран Жәкем, өлерінде де өнерінің тағдырын ойлап жатты, өнердің қамын айтып кетті… Жылап кетті өмірдің базарынан…
Халқымыздың даңқты ақыны Мұқағалидың «Жазылар естеліктер мен туралы» деген өлеңі бар еді, міне, Жарқын ағаның да фәнидегі өмірі мәресіне жетіп, бақи дәурені басталды. Сіз туралы әлі талай естеліктер жазылар, Жарқын аға! Сізді ер ұмытпас, ер ұмытса да ел ұмытпас! Қош, аға! Нұрыңыз пейіште шалқысын! Сіз дүниеден өткенде жүрегімді жарып шыққан жыр жолдарын өзіңізге арнадым, артыңда қалған қайғылы жұртыңа арнадым…
– Көздің жасы бұлайды,
Тиылмайды, ағатай!
Сізге дағы жетіпті,
сұм өлімнің сағаты-ай!
Әзірейіл аңдыған,
Үрейімен шандыған,
Босағаңда кідіріп
Қылмады ма, тағат-ай?!
Ардақтаған асылды,
Алып кетер сұраусыз,
Сұм ажалдың расында
Осы жері ағат-ай!
Жарқын өлді дегенше,
Жаһан өлді десейші!
Біржан сал мен қайтадан
Ақан өлді десейші!
Көшелі өнер иесі –
Хаһан өлді десейші!
Бұл жалғаннан расында,
Түк таба алмай кеттің бе?
Қара нардай көтерер,
Жүк таба алмай кеттің бе?
Өнері өлген халықты
Көрмейін деп кеттің бе?
Өтіріктің бұрымын,
Өрмейін деп кеттің бе?
Қаласы еді Алаштың,
Даласы еді Арқаның,
Сағасы еді Ертістің,
Туған елім қайтейін…
Семейім деп кеттің бе?
Ән әмірі – Әміре
Көмейім деп кеттің бе?
Өлтіріп ед қапыда
Құпиясын өзіңмен
Көмейін деп кеттің бе?!
Ойыңды айтып түйінді,
Өнер сырын өруші ең.
Қоңыр шертіп күйіңді,
Пернеден мұң теруші ең –
Жарқын болар келешек,
Сенейін деп кеттің бе?
Не ән ұқпас, не күй сезбес,
Есер әнге елтіген
Бүгіншіл мына жұртыңа
Көңілің қалып торығып,
Енді қайтып ештеңе
Демейін деп кеттің бе?
Ақан сері, Біржанға,
Бәрін айтып барғайсың.
Жетім қалған өнердің
Зарын айтып барғайсың.
Құрманғазы, Абылға,
Тәттімбет пен Тоқаға,
Дәулеткерей, Қазанғап,
Сүгір менен Сейтекке
Бұл фәниден күңірентіп
Сарын алып барғайсың!
Жай кетпедің, Жәкем-ай,
Жауға тастап барасың.
Қара тартып еріп ем,
Дауға тастап барасың!
Кенесарыдай қорғанға,
Жұмабектей зорларға,
Әміредей жасынға,
Ілиястай асылға,
Әуезовтей заңғарға
Сарыбаевтай саңлаққа
Нұрғисадай ардаққа,
Жәнібектей жампозға
Ақселеудей шаһитке,
Асқардайын арланға
Таласбектей тарланға,
Қалың аруақ орманға
Мына біздей шерліден,
Біразырақ деген айт!
Дұғай, дұғай, сәлем айт!
Тауға біткен тарғыл тас,
Тарықса шығар көзден жас,
Тарыққан сәтте толғанып,
Тағлымын айтқан тағдырлас…
Мына Серуен дүниеде,
Бірге жүрген сайрандас.
Алқалы топтың алдында,
Тізе қосқан майдандас.
Сізден өтті сұм жалған,
Айтып айтпай не керек,
Арманда кеткен жалғыз бас…
Кәміл болсын, иманың,
Артыңда қалсын жиғаның,
Қара орман халқың аманда,
Іздеусіз сізді қалдырмас…
Жоқтаусыз сірә, қалдырмас…
Ерлан ТӨЛЕУТАЙ,
әнші, өнертанушы