БҮГІНГІ ҮЗДІК МАМАН – ЕРТЕҢГІ МЫҚТЫ МАМАН

Елімізде мұнай-газ компаниялары жыл сайын мамандарының білімі мен тәжірибесін жан-жақты саралап, бағалауға мүмкіндік беретін «Үздік маман» атты конкурс өткізеді. Бұл конкурстың негізгі мақсаты – отандық мамандардың өзге елдердің мамандарымен бәсекелес болып, тәжірибелі кәсібилігімен мұнай-газ саласының дамуына үлес қосуына жағдай жасау және жастарды осы салаға мамандандыру.
Осы үрдісті ұстанған «ҚазТрансОйл» АҚ «Үздік маман» конкурсын Атырау қаласында өткізді. Биылғы байқау екі турды қосқанда қатысушылардың рекордтық санын жинады және олардың дені – жас мамандар. Конкурстың алғашқы турының қортындысымен 2-турға 75 маман өтті.
Конкурстың алғашқы күні «Үздік маман» байқауының екінші турына қатысушыларға жеңіс тілеген салтанатты жиында қатысушыларды «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры (Басқарма төрағасы) Димаш Досанов құттықтап, сәттілік тіледі.
«Үздік маман» байқауы – білім мен біліктілікті сынайтын, тәжірибе бөлісетін және шеберлікті шыңдайтын сайыс алаңы. Сіздер өз істеріңізбен конкурстың екінші турына қатысуға лайық екендеріңізді дәлелдедіңіздер. Сіздердің араларыңызда осы конкурстың болашақ жеңімпаздары, халықаралық конкурстың қатысушылары тұр. Халықаралық дәрежедегі конкурс осы Атырау жерінде тамыз айында өткізіледі. Сіздердің жоғары деңгейде шеберлік үлгісін көрсететіндеріңізге сенім білдіремін», – деді Димаш Ғабитұлы қатысушыларға арнаған тілегінде.
«КазТрансОйл» АҚ бас директоры, Басқарма төрағасының орынбасары, «Үздік маман» конкурсының қазылар алқасының төрағасы Сәбит Арынов «Биылғы конкурс қатысушы санының көптігінен рекордтық деңгейге жетті. Қатысып отырған 308 маманның 40 пайызы – жас мамандар. Бұл олардың аға буынның ізбасарлары болып, осы саланы терең меңгеруге талпынып, мамандығының кәсіби білікті маманы болуды мақсатты түрде алға қойғандарын дәлелдеп отыр.
Бұл – қуанарлық жағдай» деп конкурсқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ салтанатты шарада осы салада қырық жыл еңбек еткен ардагер Күләш Уәлиева да жастардың ынтасына, мамандыққа деген сүйспеншілігіне адал болуға, әрқашан кәсіби деңгейде өсе берулеріне тілектестігін білдірді.
Салтанатты шара аясында компания басшысы Димаш Досанов мұнайқұбыршылардың болашақ буынына арнаған жолдауын «Достық» футурологиялық капсуласына салып, қатысушы МАТН компанияларына аттандырды. Капсуланың қозғалыс бағыты серіктес компанияларды байланыстыратын мұнай құбыры желісімен сәйкес жүреді. Қазақстаннан – Ресейге, ары қарай Украинаға, Белоруссияға, Словакияға, Венгрияға және Чехияға жеткізіледі. Ал Қазақстаннан Қытайға капсуланы аттандыру бөлек бағыт бойынша жүреді. Капсула жолында жоғарыда аталған елдердегі мұнай тасымалдайтын компаниялардың бірінші басшыларының «Болашақтағы мұнай тасымалы технологиясы» тақырыбындағы 8 жолдауын жинайды.
«ҚАЗТРАНСОЙЛ» АҚ «ҮЗДІК МАМАН» БАЙҚАУЫ ЕКІНШІ ТУРЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ:
«Үздік мұнай айдау стансасының операторы»:
• Антон Артюшенко – Павлодар мұнай құбыры басқармасының МАС операторы;
«Үздік химиялық сараптау лаборанты»:
• Айман Сисекенова – Құлсары мұнай құбыры басқармасы «Прорва» МАС химиялық талдау зертханашысы;
«Үздік тауар операторы»:
• Өсер Дәрібай – Атырау мұнай құбыры басқармасы Т.Қасымов атындағы МАС тауар операторы;
«Үздік электргаздәнекерлеуші»:
• Рашид Бақтығалиев – Атырау мұнай құбыры басқармасы ӨҚКБ электргаздәнекерлеушісі;
«Үздік бақылау-өлшеу құралдары және және автоматика слесарі»:
• Айдар Аманғалиев – Атырау мұнай құбыры басқармасы БАЖ учаскесінің БӨА және автоматика слесарі;
«Үздік электромонтер»:
• Антон Ползяков – Атырау мұнай құбыры басқармасы ӨҚКБ электртехникалық жабдықты жөндеу және баптау учаскесінің электрмонтері;
«Үздік технологиялық құрылғыларды жөндеу слесарі»:
• Нұрмұханбетали Лұқпанов – Маңғыстау мұнай құбыры басқармасы ӨҚКБ технологиялық жабдықты жөндеу және баптау учаскесінің технологиялық жабдықты жөндеу және қызмет көрсету жөніндегі слесарі;
«Үздік желілік мұнайқұбыршы»:
• Рүстембек Жылкелдиев – Құлсары мұнай құбыры басқармасы АҚКП желілік құбыршысы.
«ҚазТрансОйл»АҚ бас директорыныің орынбасары Орал Ыдырысов: «Достық» капсуласына мұнай тасымалдаушы компаниялардың басшылары өздерінің тасымалдау саласында, цифрландыру, технология саласы бойынша мақсаттары мен алда күтілетін үміттерін, күтілетін өзгерістерін жазып салады. Тамыз айында капсула Атырауға оралып, халықаралық «Үздік маман» конкурсының ашылу салтанатында «Достық» стелласына қойылады. Бірінші басшылардың жолдауы 2023 жылы МАТН-ның 10 жылдығы шарасында ашылып, оқылады. Міне, сол кезде капсулаға салынған жолдаудағы мақсаттар, талаптар, міндеттер мен үміттер қаншалықты орындалғаны мәлім болады» деп конкурсқа қатысушыларға жеңіс тіледі.
Конкурсқа қатысушы мамандар Атырау мұнай құбыры басқармасының өндірістік нысандары Т.Қасымов және Н.Шманов атындағы мұнай айдау стансаларында сынақтан өтті. Олар «Үздік желілік мұнай құбыршы», «Үздік электргаз дәнекерлеушісі», «Үздік тауар операторы», «Үздік химиялық сараптау лаборанты», «Үздік технологиялық құрылғыларды жөндеу слесарі», «Үздік бақылау-өлшеу құралдары және және автоматика слесарі», «Үздік электр жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсету электромонтері» және «Үздік мұнай айдау стансасының операторы» сынды 8 аталым бойынша бақ сынады.
Конкурсқа бағын сынап, тәжірибесін шындауға келген Шымкент мұнай құбыры басқармасының тауар операторы Бағжан Нарпаева – өзіне сенімділік жеңіске жетелейтініне үмітті маман.
– «ҚазТрансОйл» компаниясы – елімізде ғана емес, ТМД елдеріндегі ең беделді, мақсаты айқын, қадамы нық компания. Мен қызмет ететін Шымкент мұнай құбыры басқармасы жылына орташа есеппен 5 млн тоннаға жуық мұнайды айдаумен айналысады. Заман талабына сай, жаңа әрі озық технологиялармен қамтылған мұнай құбыр басқармасы толықтай автоматтандырылған. «ҚазТранс Ойл» ұлттық компаниясында жұмыс істеу – мен үшін мәртебе. Ал осы компанияның ең үздіктерімен сынға түсу жетістіктерімнің бастамасы деп білемін, – деген Бағжан Нарпаева «Үздік маман» конкурсы, әсіресе, жастар үшін мол тәжірибе жинауға мүмкіндік беруімен талпындыратынын айтты.
«Үздік маман» конкурсында жеңімпаз болғандар тамыз айында өтетін халықаралық конкурстың сынынан өтуге дайындалады. Сондықтан олар үшін ендігі әрбір тәулік маман ретінде шыңдала беруді талап етеді. Себебі, оларға мұнай тасымалы саласында алатын орны ерекше еліміздің абыройын аспандату, мәртебесін биіктету жауапкершілігі тұр.
Халықаралық конкурс әлемдегі ең ірі мұнай тасымалдаушылар, Халықаралық мұнай тасымалдаушылар ассоциациасының (МАТН) құрамындағы ресейлік «Транснефть», белорустық «Гомельтранснефть-Дружба», украиналық «Укртранснафта», словакиялық «Транспетрол», венгрлік MOL және қытайлық CNPC компанияларының мамандары арасында Атыраудағы «ҚазТрансОйл» АҚ-ның өндірістік нысандарында өткізілмек. Айтарлығы кәсібінің үздік тәжірибелі мамандары бәсекелестікке түсетін халықаралық деңгейдегі конкурс Қазақстанда тұңғыш рет өткізілгелі отыр.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
Атырау облысы