«ЗЕНИТТІҢ» ОТЫЗЫНШЫ «ПЕРЗЕНТІ»

200
0
Бөлісу:

«Орал «Зенит» зауыты» АҚ-тың конвейерінен шыққан су жаңа «Нұр-Сұлтан» кемесі Шаған өзеніне түсірілді. Өндіріс ошағы осымен отызыншы кемені жасап шығар­ды. 

Бұл жолғы кеме Ұлттық қауіп­сіздік комитетіне қарасты Ше­кара қызметінің тапсырма­сымен жасалды. Мамандардың айтуын­ша, жаңа кеменің басқару жүйесі, орнықтылығы, жүзу жыл­­­­дамдығы бұрынғы «бауыр­ла­ры­­на» қара­ған­да әлдеқайда же­тіл­­дірілген. Соны­мен қатар «Нұр-Сұлтанға» қару-жарақтың да озық түрі орнатылған екен. Су жаңа кемені суға түсіруге арнал­ған салтанатты шараға Батыс Қа­зақстан облысының әкімі Ал­тай Көлгінов, ҰҚК Шекара қыз­метінің директоры – ҰҚК төра­ғасының орынбасары, гене­рал-майор Дархан Ділманов, «Жаға­лау күзеті» өңірлік басқар­масы мен «Батыс» өңірлік қолбас­шы­лығы, «Қазақстан инжиниринг» АҚ өкілдері және Қазақстан Қа­рулы күштерінің ардагерлері қатыс­ты.
– Ынтымақ мейрамы қарса­ңын­да өңіріміздің мақтанышына айналған «Зенит» зауыты еліміз­дің Каспий теңізіндегі шебін күзететін тағы бір кемені жасап шы­­ғарды. Әскери кеме шығару – отандық өнеркәсіптің өркен­дей түскенінің айшықты көрі­ні­сі. Елбасымыз Н.Назарбаевтың бас­тамасымен жүзе­ге асып жат­қан индустриал­ды-инновация­лық бағдарламаның талабына сәйкес, халықаралық стандарт­тар­­ға сай жабдықталып, жаңғыр­ты­­лып отыратын «Зенит» зауы­ты­ның ұжымы Жалпыға ортақ еңбек қоғамын қалыптастыруға да айтулы үлес қосып келеді. Осы ұйымшыл ұжымның тағы бір жаңа өнімі – «Нұр-Сұлтан» ке­ме­сі ашық аспан аясында Отаны­мыздың Каспий теңізін­де­гі ше­бін қорғауға мінсіз қызмет етуіне тілекшіміз, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.
Дархан Ділманов «Зениттің» конвейірінен шыққан әскери кемелер мен катерлердің сапасы мықты екенін, тіпті біздің кеме-катер­лердің техникалық мүмкін­дік­теріне Иран, Әзірбайжан және Ресей секілді көршілес мем­лекеттердің өкілдері жоғары баға бергенін тілге тиек етті.
Салтанатты шара барысында ҰҚК төрағасының 2019 жылғы 23 сәуірдегі бұйрығына орай «Орал «Зенит» зауыты» АҚ-тың бас директоры Вячеслав Валиев «Шекараны үздік күзеткені үшін» медалімен, зауыттың бас технологы Тимур Траисов және осы кәсіпорынның №6 цех бас­ты­­ғының орынбасары Нико­лай Хамко ІІ дәрежелі «Шекара қыз­ме­тінің үздігі» медалімен марапатталды.
2006 жылы өндіріске енгізіл­ген 0030 «Барыс» жобасы бойын­ша шығарылған шекаралық «Нұр-Сұлтан» кемесі енді бірер күн­де Шаған өзені арқылы Жа­йық­қ­а жетіп, сосын Каспий теңі­зі­не бағыт ұстайды. Сосын оның экипажына еліміздің теңіздегі шеп-шекарасын күзету, сондай-ақ контрабандалық әрекеттерге, қарақшылық пен заңсыз балық аулауға тосқауыл болу әрі суасты диверсанттарымен күресу мінде­ті жүктелетін болады.
Тәулігіне 4 тонна суды тұщы­ту­ға қауқарлы қондырғымен жаб­­­дықталған «Нұр-Сұлтан» ке­­ме­сінің ұзындығы – 42, ал ені – 7,8 метр. Бұл әскери кеме биік­­тігі 3-5 метрге жететін 7 бал­дық толқын кезінде де теңіз бетін­де ер­кін жүзе алады. Бұған қоса бес балдық толқында барлық тап­сыр­маны қалтқысыз орындау­ға шамасы жетеді. «Нұр-Сұлтан­ның» экипажы 27 әскери маман­нан жасақталмақ, ал меди­ци­на­лық каюта екі маманға арнал­ған.

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,

Батыс Қазақстан облысы

Бөлісу: