Елбасы ұсынысын қолдайды
Бизнесті дамытуға ерекше үлес қосып отырған кәсіпкер қыз-келіншектер елдегі саяси өзгерістерге өз үлесін қосуға әзір. Президенттің кезектен тыс сайлауын өткізуге белсенді атсалысады.
Nur Otan партиясының ХІХ съезінде Елбасы президенттікке кандидат ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынған болатын. Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдайды.
Қауымдастық Тұңғыш Президент – Елбасының сарабдал саясатын, қоғамдағы тұрақтылықты сақтау бастамасын қолдайды. Халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында жасаған еңбегін жоғары бағалайды.
Қауымдастық өкілдері Қазақстан билігінің ауысуы – елдегі татулық пен бірліктің бекем көрінісі екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент сайлауын уақыт оздырмай, 9 маусымға белгілеуін әйелдер қауымы құптайды.
Бүгінгі күнде қауымдастықтың 5000-нан астам мүшесі бар. Соңғы екі жыл көлемінде әйелдерді қолдап мыңнан астам іс-шара өткізген. Жас кәсіпкерлерге, сондай-ақ 25 мыңнан астам адамға қолдау көрсетті.
Мемлекет тарапынан орта және шағын бизнесті дамытуға баса назар аударылуды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан жұмыстардың 44 пайызын әйелдер атқарып отыр. «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы бойынша жұмыссыз әйелдер қоғамның сұранысына сай мамандықтарға қайта даярланды. Жұмыссыз әйелдер таңдаулары бойынша өзі қалаған жұмысқа орналасты. Соның арқасында Қазақстан соңғы он жылда Doing Business бүкіләлемдік банкі рейтингінде 36-орынға жоғарылады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік саланы тұрақты дамытуға бағытталған бағдарламалары жоғары нәтижесін көрсетіп келеді. Әйел кәсіпкерлер ел тағдыры үшін өте маңызды сайлауға белсенді түрде қатысады.