ҰЖЫМДА БАҚЫТТЫСЫЗ БА?
Ұжым ортасында өзіңізді бақытты сезінесіз бе? Таңертең жұмыс орныңызға жетуге асығасыз ба? Кәсіби білігіңізді шыңдауға қаншалықты мән бересіз? Бұл сауалды босқа қойып отырғанымыз жоқ. Ұжымдағы атмосфера адамның көңіл күйімен қатар, өндіріс орнының еңбек өнімділігіне де әсер етеді. Сол секілді әрбір адамның көңіл күйі ұжымдағы аураны қалыптастырады. Жұмыста бақытты ұйымдастыру – еңбек өнімділігін көтеру мен табыстың басты кілті.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының жылда дәстүрлі түрде өтетін HR-конференциясының биылғы тақырыбы – «Бақыт ұйымдастыру». Кешелі бері халықаралық және отандық HR-сарапшылар қызметкерлерді басқару ісіндегі соңғы трендтерді талқылап, отандық жұмыс берушілерге ұсыныс жасап жатыр.
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов жыл сайын өтетін HR-конференциядан кейін сарапшылар ұсынған идеяларды ескерусіз қалдырмай, жүзеге асырудың нәтижесінде, компания жемісті жұмыс істеп, табысқа кенеліп жатқанын айтады.
«Өткен жылғы конференциядан соң басшылық қызметке үміткерлерді іріктеуді айқын етуді қолға алдық. Бұл ретте қордың корпоративтік университетіне портфельді компаниялар жетекшілері үшін көшбасшылық бағдарламасын жасап, енгізуді тапсырдым. Нәтижесінде, өткен жылдың қорытындысы бойынша, қорға жүктелген міндеттердің барлығын жүзеге асыруға қол жеткізілді. Бақытты қызметкерлердің еңбек өнімділігі – басқа кадрларға қарағанда 12 пайызға, тиімділігі – 31 пайызға, шығармашылық шешім табудағы белсенділігі 3 есе жоғары болатыны, аз сырқаттанатыны дәлелденген. Бүгіндері компаниямызда 320 мың адам еңбек етеді. Еліміздегі жетекші салалардың дамуы осы адамдарға тікелей байланысты. Сондықтан осы кадрлардың бақытты болуы үшін барлық жағдайды қарастырамыз. Себебі, қордың ең негізгі капиталы – кадры», – деді қордың басқарма төрағасы.
Оның айтуынша, қор 2024 жылға қарай Орталық Азияда №1 жұмыс беруші, ал 2028 жылға қарай кеңестік кеңістіктегі үздік жұмыс беруші отыз елдің қатарына кіруді көздеп отыр.
Тұңғыш ғарышкер, ұшқыш-сынақшы Тоқтар Әубәкіров ұжымдағы бақытты ұйымдастырудың, жалпы бақытты болудың құпиясымен бөлісті.
«Бақытты ұйымдастыру үшін алдыңызға мақсат қойыңыз. Мақсатты орындау үшін көп оқу керек. Оқу-тоқусыз үлкен бақытқа жету мүмкін емес. Кәрі де, жас та бақытты болғысы келеді. Бірақ сол бақытты ұйымдастыру оңай емес. Бақыт – ақылың мен біліміңді, қажыр-қайратыңды кәсіби маман болуға жұмсау, ол үшін айналаңыздағы жақсы адамдардың қасиетін бойға сіңіріңіз, көптен үйрен, көршіңнен үйрен, әйтеуір оқу-тоқуды тоқтатпаңыз. Себебі, бүгінгі әлем – жоғары технологиялар заманы. Өз өмірімнен мысал келтірейін. Мен жұмыс істеп жүргенімде, жексенбіде дүйсенбіні асыға күтетінмін. Себебі, дүйсенбіде сүйікті ұшағыма отырып, жұмысымды атқарғым келетін. Сынақшы ұшқыштың жұмысы өте ауыр болады. Менің әріптес жолдастарымның көбі аспаннан оралмады. Менің бақытым – әр ұшқан сайын оралып отырдым. Бұған менің өмір бойы оқу-тоқумен жүргенім ықпал етті деп ойлаймын. Ұшуды тоқтатсам да оқуды үзбедім, кандидаттық, докторлық жұмыстарымды жазып, қорғадым. Себебі, мен осы жасымда да бақытты болғым келеді. Нағыз бақытты қаласаңыздар, оқыңыздар, бақытты болу – өз қолыңызда», – деді ғарышкер.
Ал Новосибирск мемлекеттік университетінің Ақпараттық технологиялар факультетінің деканы Михаил Лаврентьев ұжымдағы бақытты ұйымдастырудың «Лаврентьев үшбұрышымен» таныстырды.
«Ұжымда сенің бір нәрсе жасауға деген өзіндік сұранысың, соны жасау мүмкіндігіңнің болуы және жасаған дүниеңе жұмысыңда сұраныстың болуы, яғни сенің сұраныстағы кадр болуың – осы үш компонентті біріктірсе, адам бақытты болады. Бұл нәтиже береді», – дейді. Ал сіз ұжымыңызда бақыттысыз ба?
Айдана БЕГІМ