«Ауыл» партиясы аграрлық саланы дамытпақ

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының XV кезектен тыс сьезі өтті. Партияның облыстық филиалдарының өкілдері, жастар қанатының мүшелері, партиялық белсенділер қатысқан съезде биылғы Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауына партия атынан кандитатура ұсыну мәселесі қаралды.
Партия төрағасы Әли Бектаев бұрынғы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Төлеутай Раxымбековтің сайлауға түсетінін мәлімдеді.
Президенттік сайлауға қатысу туралы шешім, партияның жарғысында, бағдарламада, саяси платформада қойылған мақсаттар мен стратегиялық бағыттарын жүзеге асыру мақсатында қабылданды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаудың ашық, әділ өтетінін айтты. Сайлауда партиямыздың тыс қалмағаны маңызды. Осыған дейін бірнеше кандидатты қарастырып, бүгін осы кандидатқа тоқтадық. Партияның саяси кеңесі Төлеутай Раxымбековтің кандидатурасын ұсынып отыр. Ол – ауыл шаруашылығын дамытуға арналған бағдарламаның авторларының бірі. Кісі қызығарлық еңбек жолы бар» деген Әли Бектаев үміткердің қоғамға жақсы таныс, елге деген адалдығымен танылған азамат екенін атап өтті.
54 жастағы Рақымбековтің мамандығы – инженер-механик және заңгер, экономика ғылымдарының кандидаты. Кәсіпкерлікпен айналысқан. Сәтпаев қаласы, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары, ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары болып істеген.
Төлеутай Рақымбеков президент болса, көпбалалы аналар мәселесін, ауыл шаруашылығы проблемаларын шешуге күш салатынын айтты.
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – халықтың, әсіресе, ауылдық елдімекен тұрғындарының мәселелерін шешуді мақсат еткен шынайы халықтық партия. Сондықтан партиямыз қоғамды одан ары демократияландыруға, экономиканың барлық секторларына нарықтық қантынастардың берік нысандарын жүзеге асыруға, азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыруға, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге үлес қосады. Мұндай маңызды істеріміздің қатарына елдегі тұрақтылықты сақтау, экономикалық және саяси реформаларды жүзеге асыру да жатады. Өз кезегімде осы үдеден шығуға күш саламын», – деді ол.
Ләйла РУСЛАН