«Ақ жол» үміткерін ұсынды

Елордада «Ақ жол» демократиялық партиясының кезектен тыс XV құрылтайы өтті. Онда бірнеше делегаттың 9 маусымға белгіленген кезектен тыс президенттік сайлауға қатысу туралы шешімі қабылданып, кандидатура ұсынылды. Сондай-ақ партия атынан сайлауға түсетін кандидаттың сайлауалды бағдарламасының жобасы бекітілді.
Ауызша пікірталас пен көпшіліктің талқылауынан кейін шешуші дауысқа ие 190 делегаттар қатысқан құпия дауыс беру жүргізілді. Үміткерді анықтау бойынша талқылау мен дауыс беруге үш сағаттан астам уақыт кетті.
Құрылтай барысында президенттік сайлауға кандидаттыққа ұсынылған 6 үміткер тіркелді. Олар Өскемен қалалық мәслихатының депутаты Қуат Рахымбердин, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Асан Қошмамбетов, Атырау облыстық филиалының өкілі Серік Ерубаев, СҚО филиалының төрағасы Евгений Кинцель, Мәжіліс депутаты Дания Еспаева және Қазақстан Құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев.
Дауыс беру нәтижесінде Дания Еспаева (49,5 пайыз) мен Қазақстан құрылысшылары одағының басшысы, бесінші шақырылымдағы Мәжіліс депутаты Талғат Ерғалиев (31,6 пайыз) көш бастады. Алайда 50 пайыз дауыс жинаған ешкім болмады. Сондықтан президиум ақылдасып, үміткерді екінші турды өткізбей-ақ таңдау туралы шешім қабылдады.
Осыдан кейін залда отырған делегаттар таңдауын жасады. Дания Еспаеваны 173 адам қолдап дауыс берді, ал 15-і қалыс қалды. Көпшіліктің дауысымен Қазақстан тарихында алғаш рет президент сайлауына әйел адам қатысатын болды. Депутат өз кезегінде ел тізгінін қолына ұстай қалса, Ұлттық қордағы ақшаны оңды-солды шашуды тоқтатып, көпбалалы отбасылардың мәселесін шешуге уәде берді.
Әбілмансұр ЖАСАН