Жаңа серпін береді

252
0
Бөлісу:

Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ,
Сенат депутаты:

– Ерекше съезд болды. Тұңғыш Президенті­міздің, Елбасының айтқан сөзі жүрегімізді елжіретті, көңілімізді босатты. Партия Төрағасы президенттікке кандитат ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынды. Бұл – жан-жақты ойластырылған, халқымыз үшін өте дұрыс шешім.
Президенттің кезектен тыс сайлауы – әлеуметтік және экономи­калық тұрақтылықтың кепілі. Ертеңге елеңдемей, ел экономикасының дамуына еңбек ету үшін кезектен тыс сайлау қажет. Қазақстан билігінің ауысуы барысында жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарап елдің татулық пен берекеден айырылмағанын, бірлігі бекем мемлекет екенімізді анық аңғаруға болады. Ал Елбасы ұсынған кандидат – елдегі саяси бағыттың сабақтастығы. Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бастап Елбасының қасында жүріп, көптеген лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды. Сонымен бірге, еліміздің ішкі және сыртқы саясатын өте жақсы біледі, сондықтан өзінің алдағы жұмысында Елбасымыз Н.Назарбаевтың саяси бағытын одан ары тиімді жалғастырып, еліміздің дамуына жаңа серпін береді деп сенеміз.
Нұрғали ЖОЛДАСҚАЛИЕВ,
«Жас Отан» Жастар қанаты
Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы:

ЛАЙЫҚТЫ ТАҢДАУ, ОҢ ШЕШІМ

– Съезд жоғары деңгейде өтті. Елбасы Nur Otan партиясынан Президентке үміткер ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды. Партия төрағасы осы орайда кандидатты қолдауға қатысты бірқатар тапсырма берді. Nur Otan съезі Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын бірауыздан бекітті. Лайықты таңдау, оң шешім.
Еліміздің азаматы ретінде Елбасының бастамасын жалғастыруымыз керек. Партия тапсырмасын жүзеге асыру – басты міндетіміз.
Қасым-Жомарт Кемелұлының Елбасымен ширек ғасыр үзеңгілес бола жүріп, елдің ішкі, сыртқы саясатына сіңірген сүбелі еңбегі мен дипломатиялық аренадағы салмағын әлем қауымдастығы жақсы біледі. Ол – қай лауазымда болса да, жауапкершілік пен кәсіби шеберліктің үлгісін танытып келе жатқан іскер азамат.

Еркін ЖИЕНАЛИН,
Ақтөбе облысы Ойыл аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

ЖАУАПТЫ КЕЗЕҢГЕ ҚАДАМ БАСТЫҚ

– Жауапты кезеңге қадам жасағалы тұрмыз. Алда президенттік сайлау. Nur Otan партиясынан президент сайлауына Қасым-Жомарт Тоқаев түсетіні белгілі болды. Бұл шешім туралы съезде партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді.
Елбасының ел дамуындағы фундаментальды құндылықтарын сақтап қалу және оны ары қарай дамыту – партиямыздың негізгі миссиясы. Бұл тәу етер киемізге айналған тәуелсіздігіміз, бекем бірлігіміз, шегенделген шекарамыз, тұтастығымыз, алыс-жақын шет елдермен ымыралы ынтымақтастығымыз, сондай-ақ қазіргі зайырлы мемлекеттегі қалыптасқан зияткерлік қоғам. Осы құндылықтарды дамытуға, ілгерілетуге партияда барлық мүмкіндік бар.
Алдағы өткен съезде келешектегі онжылдықты айқындайтын, бағамдайтын, он мақсаттан тұратын бағдарламамызды бекіттік. Бастысы мақсатымыз айқын. Ел сайлауға белсенді түрде қатысады деп ойлаймын. Халыққа бірінші кезекте татулық, ынтымақ, бірлік керек. Төрт құбыламыз түгел болса ғана, ынтымағы жарасқан ел боламыз.

Бөлісу: