ТЕМІРЖОЛШЫЛАР ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫ ҚАЛАЙДЫ

Алматыда «Теміржол Алматы-2» бастауыш партия ұйымының мүшелері бас қосып Nur Otan партиясының кезектен тыс өткен ХІХ съезі шешімін талқыға салып, оны қолдайтынын жеткізді.
«Теміржол Алматы-2» – еліміздегі ең ірі теміржол бекеті. Қазір бұл бастауыш партия ұйымына жетекшілік ететін төраға Асқар Шүкірбеков партия атынан Қасым-Жомарт Тоқаев кандидатурасының ұсынылуы көпшілік көңілінен шыққан, құптарлық таңдау екенін айтты. Сөз барысында төраға теміржолшылардың игілікті істеріне кеңінен тоқталып, олардың ел экономикасының өркендеуіне қосып отырған үлестерін атап өтті. Жиында Жетісу аудандық партия төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Омаров та пікір білдірді.
– Партияның басты мақсаты – Елбасының стратегиялық бағытын бұлжытпай жалғастыру. Бұл дегеніміз мемлекеттің тұрақтылығын, қоғамдағы келісімді сақтау деген сөз. Экономиканы халықтың мүддесі үшін дамыта отырып, Қазақстанның әрбір тұрғынының тұрмысын жақсарту. Тәуелсіздік алғалы бері республикамыз өте ауқымды белестерді бағындырды. Экономикада, саясатта және әлеуметтік салада түбегейлі реформалық өзгерістер болды, – деді Мұрат Омаров.
Nur Otan партиясы Жетісу аудандық саяси кеңес мүшесі Темірбек Рахманов партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың съезде көтерген мәселелері мен шешімдерінің жалғасын табатынына, оған теміржолшылардың өз үлестерін қосатынына сендірді.
– Елбасының осыған дейін жүргізіп келген барлық әлеуметтік-саяси, экономикалық бағдарламаларының арқасында біз таңдаулы 50 елдің қатарына қосылдық. Әлі де осы берекелі ісімізбен, ұйымшылдығымызбен ортақ ісімізді жалғастыра білсек, енді ең қуатты 30 елдің қатарынан көрінетін күн де алыс емес. Оған бәріміз сенімдіміз.
Ұжымдағы партияластардың атынан съезд шешімін қолдайтынымызды білдіремін, – деді ол
Абай АЙМАҒАМБЕТ