Партия съезінің шешімін қолдады

Nur Otan партиясының кезектен тыс ХІХ съезінің шешімін қолдау мақсатында бүгін Ақтөбе хром қосындылары зауыты ұжымының отырысы өтті. Басқосуда алда болатын саяси науқанның ел болашағы үшін маңызы айтылды.
Ақтөбе хром қосындылары зауытында Nur Otan партиясының бастауыш партия ұйымы 2010 жылы құрылған. Қазіргі кезде құрамында 550 адам бар. Калий, натрий биохромиті секілді хромның сапасы жоғары қосындыларын шығаратын және экспорттайтын кәсіпорында 2 мыңнан астам маман жұмыс істейді. Зауыттан шығарылатын өнім АҚШ, Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея сияқты әлемнің 31 еліне жөнелтіледі.
Хром тұздары өндірісін ұлғайту үшін білек сыбана жұмыс істеп жүрген жұмысшылар алдағы науқанда қазақстандықтарды өз таңдауын жасауға, белсенді болуға шақырды. Сондай-ақ олар партия съезінің шешімін қолдайтынын жеткізді.
– Елбасының бастамасымен тәуелсіздік жылдарында экономикалық, саяси, әлеуметтік реформалар жүзеге асырылды. Стратегиялық бастамалары арқылы көпұлтты мемлекетіміз дамудың даңғыл жолына түсті. Бүгінде Қазақстан бірлік пен қоғамдық келісімнің алтын бесігіне айналды. Еліміздегі татулық пен ынтымақтың бірегей үлгісін жаһан жұртшылығы зерделеп, «Қазақстандық жол», «Назарбаев моделі» деп баға берді. Ал Nur Otan партиясы Елбасы бастамаларын жүзеге асыруға атсалысып келеді. Алда кезектен тыс сайлау. Бұл – аса маңызды, саяси оқиға. Мемлекетіміздің келешегі шешімімізге тікелей байланысты. Мен әріптестерімнің дұрыс таңдау жасайтынына сенемін, – дейді зауыттың бөлім басшысы, бастауыш партия ұйымының төрағасы Әкімжан Боранқұлов.
Отырыс барысында кәсіподақ ұйымының төрағасы Вера Полинкевич те науқанға байланысты пікірін білдірді.
– Қазір еліміз үшін жауапты кезең туды. Сайлауға бәріміз бір атаның баласындай өз үнімізді қосуымыз керек. Оның ішінде өндіріс орнында жұмыс істейтін еңбек ұжымының маңызы зор. Сондықтан әріптестеріміз президент сайлауына үлкен жауапкершілікпен келгені жөн, – дейді ол.
Жиын соңында зауыт жұмысшылары алдағы президенттік сайлауға белсенді түрде қатысатынын айтты.
Абылайхан ЖҰМАШ