ӘРБІР ҚАЗАҚСТАНДЫҚТЫҢ ДАУЫСЫ МАҢЫЗДЫ

Қарағанды облысының «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Қарағанды құю-механикалық зауытының қызметкерлері Nur Otan партиясының ХІХ съезінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын Қазақстан Президенті лауазымына ұсыну туралы шешімін толықтай қолдайды. «Қазақмыс» корпорациясының барлық кәсіпорындарының қызметкерлері еліміздің экономикалық дамуы мен қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтауға бағытталған стратегиялық шешімге қолдау көрсетті.
280 адам жиналған жиында мамандар өз пікірімен бөлісті. 4-разрядты бұрғылаушы Александр Заславский әрбір қазақстандықтың дауысы маңызды дейді.
– Қазақстан Президентінің сайлауына қатысу – конституциялық құқығымыз, азаматтық борышымыз және әрбір қазақстандық үшін үлкен жауапкершілік. Бұл шара – ел тағдыры. Мемлекет басшысын таңдау арқылы болашағымызға, тұтастай еліміз қадам басар жолға таңдау жасаймыз, – деді жұмысшы.
Металл конструкциясы өндірісінің бастығы Ұлан Ерланұлы: «23 сәуір күні Нұр-Сұлтан қаласында Nur Otan партиясының ХІХ съезінде делегаттар Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын Қазақстан Президентінің кандидатына ұсынды. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқын сайлау еліміздің заңнамасына сәйкес және барлық демократиялық нормалар мен рәсімдерді сақтай отырып, толық өтетініне сендірді. Біз, қазақмыстықтар, әрқашан өз сайлау учаскелерінде ұйымшылдықты көрсетеміз және дауыс береміз! – деді маман.
Механикалық құрастыру өндірісінің шебері Азамат Әбіласанұлы бұл шешімнің маңызды екеніне тоқталды.
– Сайлау – әрқашан жаңаруға және жаңа тыныс алуға үміт. Бұл – бізге күш жинап, болашаққа жаңа серпіліс жасауға көмектесетін қадам. Сондықтан барлық әріптестерімді алдағы сайлауда белсенділік пен азаматтық жауапкершілік танытуға шақырғым келеді. Президент елдің ішкі және сыртқы даму бағытын айқындайды. Қазақстанның атын әлемде қорғау, іргелі істердің бастауы болады. Қазақ елі дәл қазір жаңа Президентін сайлап алғаны абзал. Сайлауға ешкім немқұрайлы қарамауы қажет, – деді шебер.
2-санатты инженер-технолог Алмаз Кәрімов Елбасының шешімін қолдаймыз деді.
– Біз, облыс және елдің еңбек сіңірген зауыттарының бірінің еңбек ұжымы, республика басшылығының бағытын қолдау үшін барлық мүмкіндіктерді жасаймыз! Өндіріс қызметкерлері ретінде республика экономикасындағы өңдеуші өнеркәсіптің үлесін одан ары арттыруға және қазіргі заманғы инновациялық, индустриялық және бәсекеге қабілетті технологияларды ескере отырып, техникалық халық шаруашылығының барлық саласын кезең-кезеңімен дамытуға негіздіміз деп үміттенеміз, – деді ол.
Жиынды жүргізген Серік Торыбаев «Қазақстан болашақта қандай болады? Ол қай бағытта дамиды? Оның бәрі дауысымызға байланысты. Сондықтан билік сабақтастығының ойластырылған саясаты және Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дана шешімі біздің зауыттың барлық еңбек ұжымының қолдауына ие болады!», – деді.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,
Қарағанды облысы