Жетпіс елдің депутаты жиналады
Елбасының еуразиялық бастамасы шетелдік парламентшілердің де қызығушылығын тудыруда.
Мәжілісте Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен биылғы 23-24 қыркүйекте елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында ұйымдастырылатын Еуразия елдері парламенттері төрағаларының IV Кеңесін дайындау және өткізу жөніндегі Ұйымдастыру комитетінің бірінші кеңейтілген отырысы өтті.
Еуразиялық мемлекеттердің Парламент өкілдерінің алдағы кездесуі Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық идеясына 25 жыл толуына арналады және «Үлкен Еуразия: Диалог. Сенім. Серіктестік» тақырыбын арқау етеді.
Бүгінде Елбасының еуразиялық бастамасы әлемдік деңгейде өзінің тиімділігін және үлкен әлеуетін паш етіп отырғанын атап өткен Мәжіліс төрағасы халықаралық парламенттік қоғамдастық Қазақстанның астанасында Еуразиялық кеңістіктің тұрақты дамуын қамтамасыз ету жолдарын және өзекті мәселелерін талқылау мүмкіндігіне ынта-ықылас білдіріп отырғанын жеткізді.
Іс-шараға шамамен 70-тей елден делегациялар қатысады деп күтілуде. Осыған байланысты Ұйымдастыру комитетінің мүшелері ірі халықаралық саяси оқиғаға айналғалы тұрған алдағы парламенттік форумға дайындық мәселелерін қарады.
Айхан ШӘРІП