ЦИФРЛЫ ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ТІРШІЛІК

233
0
Бөлісу:

2017 жылғы 12 желтоқ­сан­да Қазақстан Рес­публикасы Үкіметінің №827 қаулысымен «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бұл бағдарлама технологиялық тұрғыда дамуға қол жеткізуге мүмкіндік береді деп отырмыз. IT бағдарла­малар қыруар шығынды азайтады. Ең бастысы – уақытты үнемдеуге көмектеседі.

Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­денті – Елбасы Н.Назарбаев «Біз цифрлы технологияны қол­дану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D принтинг, он­лайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты.
Цифрландыру дегеніміз – Қа­зақстанның озық ел атану жо­лын­дағы мақсат емес, құрал. Бә­се­кеге қабілетті болу, өсімді, өнім өндіруді арттыру, міне осы – мақсат, – деген еді халыққа арнаған Жолдауында.
Төрт бірдей негізгі бағыттан тұратын осы бағдарлама шеңбе­рінде ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамтамасыз етіп, еліміздің транзиттік мүмкін­діктерін арттыру, экономиканың салаларына (көлік және логис­тика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және электронды сауда) цифрлы технологияны енгізу, мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыру, сосын IT мамандарды даярлау қарастырылған.
Былтыр елімізден 38 мың ІТ маманы шетелге кетіпті. Қазір уақытша қиындықтарға шыдас бермегендердің шетелге кетуі көбейді. Бұл бізді ойландырса керек.
Кейінгі кезде мектеп дирек­торларын тағайындаған дұрыс па, сайлаған дұрыс па деген мәселе жиі сөз болып жатыр. Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова: «Бүгінде цифр­лық теxнологиялардың арқа­сында біраз процестерді ашық жүргізуге мүмкіндік бар деп отыр. Директорлардың бес жылда ауысып тұруына байланысты ұсыныс, шынын айту керек, ма­ған қатты ұнайды. Бірақ қоғамды білесіздер. Біз қоғаммен ақыл­дасып, бәрін заңдастыруымыз қажет. Қазір мектеп директор­ларының босаған орындары конкурс арқылы өтеді. Осыны толықтыруымыз керек», – дейді.
Осы ретте Жамбыл облысында jumis sitcen.kz базасы енгізіліп, мектеп мұғалімдері жұмысқа автоматтандырылған жүйе ар­қылы қабылдана бастағаны қуан­тады. Бұл жоба «Цифрлы Қа­зақстан» бағдарламасы аясында қолға алынған. Ақпараттық жүйе электрондық еңбек биржасымен ынтымақтаса жұмыс істейді. Ортақ жүйе іске қосылғалы бері аймақта 831 бос жұмыс орны жарияланып, 202 маман тұрақты жұмысқа орналасыпты.
Қалай болғанда да қаптаған қағазбастылықтан арылып, уақытты тиімді пайдалану қай сала үшін де маңызды. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы өмір­шең болуы үшін ырғалып-жырғалудан құтылған абзал. Бағдарлама күнделікті тіршілікте көрініс табуы қажет.

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу: