Өзекті салаларға өзгеріс қажет
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинованы қабылдады. Мемлекет басшысына білім беруді және ғылымды дамыту Мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы баяндалды.
Қасым-Жомарт Тоқаев үш ауысымда оқытуды жою, жаңа мектептер салу және үш тілде білім беруге біртіндеп өту жұмыстарын жалғастыру маңызды міндет екенін айтты.
К.Шәмшидинова техникалық және кәсіби білім беру ісінің жағдайы және бизнес пен оқу орындарының арасындағы өзара іс-қимылдарды жолға қою шаралары жөнінде есеп берді. Кездесу барысында жоғары білімнің сапасын арттыруға және ЖОО түлектерінің еңбек нарығындағы сұранысқа сай болуына ерекше назар аударылды.
Мемлекет басшысы мектеп мұғалімдері мен ЖОО оқытушыларын артық есеп берулерден арылтып, педагогтардың мәртебесін көтеруге, ғалымдарды мемлекет тарапынан қолдауға, бірінші кезекте мемлекеттік тілде зерттеулер жүргізетін гуманитарлық бағыттағы ғалымдарға басымдық беруге бағытталған нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
Мұның алдында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаевты қабылдады. Мемлекет басшысына еліміздегі «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы, аз қамтылған көпбалалы отбасыларға көрсетіліп жатқан көмектер бойынша және жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы жұмыссыздықпен күрес туралы баяндалды.
Министр кәсіп ашуға гранттар, шағын несиелер берілетінін, мамандығы жоқ азаматтарды қайта оқытып, жастар практикасы мен қоғамдық жұмыстарға тарту арқылы жылына орта есеппен 370 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланғаны туралы мәлімет берді. Қасым-Жомарт Тоқаев халықты әлеуметтік қорғауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаның сапалы жүзеге асырылуы маңызды екеніне тоқталып, әсіресе аз қамтылған көпбалалы отбасылардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, жұмыссыздық деңгейін 4,5%-тен асырмау қажетін тапсырды. Сонымен қатар еліміздегі мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдаудың маңызын айтты.