ҰЛЫ ДАЛАДАН ТАРАСҚАН, ЫНТЫМАҒЫ ЖАРАСҚАН

217
0
Бөлісу:

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басшысы ретінде алғашқы еуропалық лидерді қабылдады. Елімізге Мажарстанның Премьер-министрі, Венгрияны 2010 жылдан бері басқарып келе жатқан Виктор Орбан келді. Айтқандай, қазақтар да, венгрлер де өздерін ғұндардың ұрпағы санайды. Бұл осы елдің Hungary деген халықаралық атауында көрініс берген.
Қ.Тоқаев биік мәртебелі мейманымен Ақордада кездесті. Ресми қарсы алу салта­натынан кейін екі ел басшылары екіжақты ынтымақтастық, өңірлік және ха­лық­аралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде жоғары деңгейде келіссөздер жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-мажар стратегиялық серіктестігінің өзара сенімге негіз­делгенін атап өте келе, Венгрия Премьер-министрі – өзінің Қазақстан Президенті ретінде қабылдап отырған бірінші еуропалық басшы екенін мәлім етті.
– Қазақстан мен Мажарстанды ортақ құндылықтар мен тарихи түп-төркін біріктіретінін өзіңіз білесіз! Мен Сыртқы істер министрі лауазымын атқарған кезде екіжақты қатынастарымыздың қалып­тасуына куә болдым. Орталық Еуропа елдерінің ішінде Қазақстанның елшілігі ашылған тұңғыш ел болғаны үшін Мажарс­танға ерекше риза­шылығымызды білдіреміз, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы еліміздің сыртқы саясатында Елбасының стратегиялық бағдарын жалғастыра беретінін, Мажарс­танмен жан-жақты ынтымақтас­тығымызды нығайтуға бейілді екенін нықтады.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Виктор Орбанды Мажарстанның Еуропалық одаққа мүше болғанына 15 жыл және НАТО-ға кіргеніне 20 жыл толуына орай мерейтоларымен құттықтады. Ол Будапешттің халықаралық аренадағы беделінің артуы және мажар экономи­касының тұрақты өсуі қазіргі үкімет сая­сатының тиімділігін көрсететінін айтты.
Ақордадағы жоғары деңгейдегі келіс­сөздер аяқталғасын, қос мемлекет бас­шы­сы ақпарат құралдары өкілдерінің алдына шығып, брифинг өткізді. Қ.Тоқаев В.Орбанның Қазақстанға ресми сапары қазақ-мажар қарым-қатынастары тари­хы­ның жаңа бетін ашатынын мәлім етті.
– Мажарстан – Орталық Еуропа елдерінің ішінде Қазақстанмен Страте­гиялық серіктестік туралы декларацияға қол қойған тұңғыш ел. Бұл – өзара тү­сіністіктің жоғары деңгейде екенін, Нұр-Сұлтан мен Будапешттің өзара ынты­мақтастықты нығайтуға деген ұмтылысын растайды. Біз Мажарстанды Орталық және Шығыс Еуропа аймағындағы, сондай-ақ Еуропалық одақ аясындағы негізгі әріп­тесіміз деп санаймыз, – деді Қазақстан Президенті.
Ол елдерімізді саяси және эконо­микалық мүдделерімізбен қатар, ортақ тарихи тамырлар да біріктіретінін еске салды.
– Ұлы дала көшпенділерінің 100 мыңнан астам ұрпағын біріктіріп отыр­ған «Венгрия қыпшақтарының ода­ғына» Қа­зақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев құрметті лидер болып сай­ланды. Бұл – Елбасының екі­жақты қарым-қа­тынастарды дамытуға қосқан үлесін мойын­дау болып саналады, – деді Мемлекет басшысы.
Қ.Тоқаев Ақордадағы келіссөздер барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өзара іс-қимылдардың басымдықты бағыттары айқындалғанын жур­налистерге мәлімдеді. Стратегиялық кеңес пен Экономикалық ынтымақтастық жөнін­дегі үкіметаралық комиссияның жұмы­сына ерекше мән берілген.
– 29-30 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Стратегиялық кеңестің 3-оты­рысына қатысу үшін Мажарстан вице-премьері – Қаржы министрі Михай Варга бастаған ауқымды бизнес делегацияның келуі күтілуде. Бұл кездесу сауда-эко­но­микалық және инвестициялық серік­тес­тігімізді одан ары кеңейтуге септігін тигізеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы мажарлық іскер топ өкілдерін Қазақстанда белсенді қызметті өрістетуге шақырды.
Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев жемісті және мазмұнды келіссөздер үшін Виктор Орбанға ризашылығын білдіріп, осы сапар тиімді ынтымақтастықты одан ары нығайтуға зор мүмкіндік беретініне сенімді екенін айтты.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу: