Президент мектеп мұғалімдерін артық есеп беруден арылтуды талап етті

1561
0
Бөлісу:

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинованы қабылдады.

Мемлекет басшысына білім беруді және ғылымды дамыту Мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы баяндалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев үш ауысымда оқытуды жою, жаңа мектептер салу және үш тілде білім беруге біртіндеп өту жұмыстарын жалғастыру маңызды міндет екенін айтты.

К. Шәмшидинова техникалық және кәсіби білім беру ісінің жағдайы және бизнес пен оқу орындарының арасындағы өзара іс-қимылдарды жолға қою шаралары жөнінде есеп берді. Кездесу барысында жоғары білімнің сапасын арттыруға және ЖОО түлектерінің еңбек нарығындағы сұранысқа сай болуына ерекше назар аударылды.

Мемлекет басшысы мектеп мұғалімдері мен ЖОО оқытушыларын артық есеп берулерден арылтып, педагогтардың мәртебесін көтеруге, ғалымдарды мемлекет тарапынан қолдауға, бірінші кезекте мемлекеттік тілде зерттеулер жүргізетін гуманитарлық бағыттағы ғалымдарға басымдық беруге  бағытталған нақты  шаралар қабылдауды тапсырды.

Қазақстан Президенті кездесу соңында білім беру жүйесінің мәселелері бұдан былай да өзінің жіті назарында болатынын айтты.

Бөлісу: