Режиссер Есләм Нұртазин қызметке тағайындалды

738
0
Бөлісу:

Белгілі қазақстандық режиссер Есләм Нұртазин «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымына қарасты «Astana Musical» мемлекеттік театрының көркемдік жетекшісі болып тағайындалды.

Есләм Нұртазин – ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры сыйлығының иегері, философия ғылымдарының докторы (PhD). Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын драма театр режиссері мамандығы бойынша аяқтаған. 2011-2013 жж. Нью-Йорк қаласындағы Колумбия университетінде және әлемге танымал Нью-Йорк Кино академиясында (АҚШ) білім алған.

Есләм Серікұлының шығармашылық қызметі театр және кино өнерімен тығыз байланысты. Ол Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында, Б.Римова атындағы Алматы облыстық театрында 15 жуық мюзикл мен спектакльді сахналады.

Еліміздегі ең алғашқы мюзикл жанрындағы «Достар серті» отандық туындысы Есләм Нұртазиннің режиссерлігімен қойылып, «Astana Musical» театрының шымылдығын ашты. Сонымен қатар ол «Astana Musical» репертуарындағы «Ер Төстік», «№13» сынды белгілі қойылымдардың режиссері болған.

Есләм Нұртазин көптеген отандық фильмдер мен театр сахналарында актер ретінде мол тәжірибе жинаған. Ол жоғары кәсібилігін тек өз шығармашылығында ғана көрсетпей, шәкірт тәрбиелеп, өзінен кейінгі жас әрі талантты әртістер буынының қалыптасуына зор үлес қосуда.

Мəдениет жəне ɵнер саласындағы жоғары жетiстiктерi үшiн 2018 жылы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентi – Елбасы қоры сыйлығының лауреаты атанды.

«Astana Musical» мемлекеттік театры Есләм Нұртазиннің жетекшілігімен өнер сүйер қауымды жаңа қойылымдармен қуантып,  отандық театр өнерінің дамуына сүбелі үлес қосатынына сенімдіміз.

«Aiqyn» ақпарат

Бөлісу: