«АСАНӘЛІ ӘШІМОВТІҢ ӨНЕР МЕН МӘДЕНИЕТТІ ҚОЛДАУ ҚОРЫ» ҚҰРЫЛДЫ

431
0
Бөлісу:

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Асанәлі Әшімовтің өнер мен мәдениетті қолдау қоры» қоғамдық қорының ресми ашылуы болып өтті. Игі іс ел мәдениетінің болашағына сенім ұялатып, өнер мәдениетін қолдау жолын жүйелі түрде жүзеге асыру мақсатын көздейді. Еліміздің өнері мен мәдениетінің тарихындағы маңызды іс-шараға белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысып, қоғамдық қордың қанатын кеңге жаюына тілектестік білдірді.

«Асанәлі Әшімовтің өнер мен мәдениетті қолдау қоры» кең-байтақ республикамыздың аймақтарында, оның ішінде Алматы қаласында бірқатар ұйымдастыру іс-шараларын жүзеге асыруға ұйытқы болып жатыр. Қордың биік мақсаты – еліміздегі мәдениет пен өнерді дамытумен қатар жас таланттарға қолдау көрсету және қоғамның аса көрнекті қайраткерлерінің еңбегін дәріптеп, сақтау. Осы салада аса көрнекті мәдениет қайраткері Асанәлі Әшімовтің сіңірген еңбегін қоғамдық қор арқылы мемлекетіміздің мұрасына айналдыру. Осы бағытта қоғамдық қордың жүзеге асырып жатқан бірқатар іргелі іс-шараларын атап өтуге болады. Қоғамдық қордың алға қойған басты мақсаттарының бірі – Алматы қаласынан «Асанәлі орталығын» салу. Аталған орталықта ашылатын «Асанәлі театры», «Асанәлі музейі», «Асанәлі актерлік мектебі» де ұлттық өнеріміздің өрісін кеңейтуді көздейді. Театр және кино өнеріне еңбегі сіңген корифейлерге көмек көрсету, қолдау білдіруді де аталған қоғамдық қор қасиетті парыз санайды. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының үздік деп танылған студентіне қордың атынан бір жылдық шәкіртақы тағайындайды. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының үздік деп танылған студентін алыс-жақын шетелдік оқу орындарына тәжірибе алмасуға жіберу қоғамдық қордың жоспарлаған мұрат-мақсаттарының бірі. Қазақстанда өткізілетін 5 кинофестиваль және театр фестивалінің «Ең үздік ер адам» аталымы бойынша жүлдегерлерін марапаттауды аталған қор әдемі дәстүрге айналдырмақ. Сондай-ақ, қор халықаралық айтыс жүлдегерлерін де марапаттап, ұлттық өнердің жалауын желбіретіп жүрген ақындарды биікке ұмтылуға құлшындырғысы әрі қанаттандырғысы келеді. Әлемге әйгілі актер Асанәлі Әшімовтің шығармашылығын қолдау – қоғамдық қордың басты бағытының бірі.

Қордың құрылтайшылары – «Арна Group» құрылтайшысы Мейіржан Оразбаев, «Kusto Group» құрылтайшысы Еркін Тәтішев, «Катэк» ЖШС-нің президенті Құндыз Нупов. Қоғамдық қордың төрайымы – Бағдат Әшімова. Қордың директоры – Динара Әбсалық. Қоғамдық қордың ақылдастар алқасының мүшелері – Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман.

Қоғамдық қордың ашылу рәсімінде Асанәлі Әшімұлының «Менің жанрым – күнделік» атты жаңа кітабының тұсаукесері болды. Театр тарланының жан-дүниесіне, көңіл терезесіне бір сәтке үңілдіретін бұл кітап «ARNA-B» баспасынан жарық көрген. Асанәлі Әшімұлы студент кезден бастап күнделік жазуды дағдыға айналдырған. Өкінішке қарай, сол кездегі жазып жүрген оншақты дәптері қолды болып кеткен. Талантымен күллі әлемді тамсандырған әлемге әйгілі актердің соңғы 50 жылға жуық жазған күнделіктері бүгінде бірнеше рет жеке кітап болып жарыққа шығып, оқырман сұранысын арттырып келеді. Оқырманға жол тартқан жаңа кітапта сол күнделіктердің соңғы 7 жылдағы жазбасымен қоса толық нұсқасы жарияланған.

«Айқын» ақпарат

Бөлісу: