Жас ғалымдар ғылымдағы мәселелерді талқылады

558
0
Бөлісу:

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде жас педагог-ғалымдардың республикалық слеті өтті. Оқу орнының медиа орталығы таратқан ақпаратына сүйенер болсақ, екінші рет ұйымдастырылып отырған алқалы жиынға Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы Талғат Ешенқұлов, жоғары оқу орындарының ректорлары мен Жас педагог-ғалымдар қауымдастығының мүшелері қатысты.

– Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінен бастау алған слеттің эстафетасын М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті алған болатын. Бүгінгі жиын – мемлекет пен қоғамның тұтастай  дамуын қамтамасыз ету мақсатында, жас ғалымдардың ғылыми зерттеулері мен практикалық жұмыстардың нәтижелерін алмасуға мүмкіндік беретін ірі алаң. Тұңғыш Президентіміз жастар жылының салтанатты ашылуында «Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан бүгінгі жас буын – біздің ертеңгі үмітіміз, сенімді тірегіміз» деген болатын. Биылғы жылдың Жастар жылы болып жариялануы – барлық жастың ортақ қуанышы, – деді Әуезов университетінің ректоры Дария Пернешқызы өз сөзінде.

Сондай-ақ ол оқу орнында жас ғалымдарды қолдап-қуаттау бағытында атқарылып жатқан ілкімді істерге тоқталды.

Ал Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы Талғат Ешенқұлов еліміздегі іргелі оқу орнының бірі – Әуезов университетіндегі жиын білім мен ғылым саласындағы жаңа үрдістердің ішкі мәнін ашып, оларды дамыту мен насихаттаудың жаңа жолдарын ұсынатынын алға тартты.

– Жиынға жиналған жас ғалымдар өздерінің озық тәжірибелерімен бөлісіп, шеберлік сыныптарын өткізбек, өздері жасаған оқытудың заманауи технологияларын көпшілік назарына ұсынбақ екен. Сонымен қатар осы өңір мен тұтастай алғанда елдің ғылымы мен техникасы саласындағы жаңашылдықты тарату және енгізу мәселесін көтеріп отыр, – деді Талғат Ешенқұлов. – Өздеріңіз сияқты креативті жас ғалымдардың зерттеулерін қолдау және ынталандыру, интеллектуалды жастарға әлеуметтік және экономикалық қолдау көрсету, жастардың ғылыми ынтымақтастығы бағдарламаларын әзірлеу және стипендиялық, гранттық зерттеу жобаларына тарту үдерісі осындай жиындардан кейін жаңа серпілістерге ие болуы керек.

Басқосуда Қазақстан жас педагог-ғалымдары қауымдастығының төрағасы Мөлдір Әбдрайымова ұйымның жұмыс туралы кеңірек тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде қауымдастыққа еліміздің 20 педагогикалық жоғары оқу орны мүше. Ұйымның бастамасымен қолға алынған жобалар Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен «Болашақ» университетінде іске асырылуда. Қазіргі күнде Өзбекстан, Түркия және Ресейдегі Жастар Одақтарымен келіссөз жүргізілуде.

Слет қарсаңында Әуезов университетінің жанынан жарық көрген «Qazaqtaný» және «М. Әуезов атындағы ОҚМУ магистранттары, PhD докторанттары мен жас ізденушілердің ғылыми еңбектерінің жинағы» ғылыми журналдарының презентациясы өтті. Бұл басылымдар оңтүстік өңіріндегі жас ғалымдардың ғылыми жаңалықтары мен идеяларын көпшілікке кеңінен таныту мақсатында шығып отыр.

Екі күнге созылған слет соңында Қазақстан жас педагог-ғалымдар қауымдастығының жаңа мүшелеріне куәлік табысталып, қатысушыларға сертификат табысталды.

«Айқын» ақпарат

Бөлісу: