Қазақстан құрамасының экс-футболшылары қазір қайда жүр? (фото)

501
0
Бөлісу:

Жарқын ойындарымен көптің есінде қалған футболшылар баршылық. Ұлттық құрамада бас бапкердің жиі ауысуы – құраманың да жиі жаңаруына себеп болды. Бүгін назарларыңызға бір жылдары ұлттық құрама жейдесін киген танымал ойыншыларды ұсынбақпыз. 

2009-2010 жылдары ұлттық құрамаға шақырылып, 9 ойын өткізген Евгений Аверченко көптің есінде болар. Футболшы Қазақстан премьер-лигасында «Ақтөбе», «Ертіс», «Жетісу», «Тобыл», «Тараз» клубтарының намысын қорғаған. Қазір футболшы кәсіби мансабын аяқтап, Петропавлдағы футбол орталығында балаларды жаттықтырады.

Әли Әлиев ел футболындағы ең жарқын есімдердің бірі. Әсіресе, «Қайрат» сапындағы жемісті жылдары оны жанкүйер қауымға кеңінен таныта түсті. «Тобыл», «Ертіс», «Ордабасы» секілді отандық клубтардан бөлек түркиялық «Акчаабат Себатспор», «Кайсери Эрджиеспор», «Карталспор» және «Диярбакырспор» клубтарында да өнер көрсетті. Кәсіби мансабындағы соңғы маусымында «Қызыл-Жар СК» сапында өткізген. Биылдан бастап аталған клубтың бас бапкерлік қызметін қолына алды. Әли Әлиев ұлттық құрама сапында небәрі екі ойынға ғана қатысты. Еліміздің бас командасына тұрақты шақырту алуға жарақаты кедергі болған.

Илья Воратников 2014-2015 жылдары Қазақстан құрамасы қатарында алты ойынға қатысты. «Ертіс», «Алма-Ата», «Қайрат», «Ақжайық» командаларында ойнаған. 32 жастағы ойыншы қазір ақтаулық «Каспий» сапында тер төгіп жүр.

Бір жылдары Константин Энгель де құрамаға шақырылып, 11 матч өткізді. Қазір Германияның үшінші деңгейлі чемпионатындағы «Оснабрюк» командасында ойнайды.

Қарағанды футбол мектебінің түлегі Александр Кислицын құрамадағы алғашқы матчын 2008 жылы өткізді. Жалпы саны бас команда қатарында 26 рет алаңға шығыпты. Футболшы биыл көкшетаулық «Оқжетпеспен» келісімге келді.

Мұрат Сүймағамбетовті де жанкүйер қауым ұмыта қойған жоқ. Кәсіби мансабын ақтаулық «Каспийден» бастаған шабуылшы одан кейін «Астана», «Ордабасы», «Тобыл», «Шахтер» клубтарында ойнады. Ұлттық құрама сапында 2006-2008 жылдары ойнап, жалпы саны 19 ойынға шықты. 3 гол соққан. Қазір Мұрат құрылыс саласындағы табысты бизнесмендердің бірі.

Марк Гурман ұлттық құрамаға бас бапкер Мирослав Беранектің тұсында, 2011 жылы шақырылды. Соңғы, 25-інші ойынын Юрий Красножанның кезінде ойнаған. Одан кейінгі бапкерлер Гурманды ұлттық құрамаға шақырған жоқ. Футболшы өзі ойнап жүрген клубтарда да негізгі құрамға іліге алмады. Былтыр қаңтар айында Марк қызылордалық «Қайсармен» келісімшартқа отырды.

Сергей Остапенко өз мансабын «Цеснада» бастап, кейінірек «Тобыл», «Алма-Ата» клубтарында жалғастырды. Қостанайлық клуб 2008 жылы Максим Жалмағамбетов екеуін бельгиялық «Антверпен» клубына жалға берген. Алайда қос футболшы да шетелдік клуб сапына кіріге алмады. Ұлттық құрама сапында 2007 жылы 6 маусымда алғашқы ойынына шыққан. Содан бері 42 матчқа қатысып, 6 рет мергендігімен танылды. Қазір Остапенко футболдағы кәсіби мансабын аяқтаған. Дегенмен Алматыдағы әуесқой клубтар лигасына қатысып тұрады.

Андрей Карповичті ел футболындағы ең жарқын тұлға деп айтсақ та болады. Ресей чемпионатына барып олжа салған алғашқы футболшыларымыздың бірі. 2002-2003 жылдары «Ростов» сапында доп тепті. 2004 жылы 8 қыркүйекте УЕФА аясына кіргеннен кейінгі алғашқы ресми матчта Украина қақпасынан саңылау тауып, тарихи голдың авторы атанды.

2017 жылы алматылық «Қайрат» клубының бапкерлік штабына кірді. Кейін маусым соңына қарай Карлос Феррер отставкаға кеткен соң клубқа уақытша бас бапкер болып, ел кубогын жеңуге атсалысты. Биыл қаңтар айынан бастап көкшетаулық «Оқжетпестің» бас бапкері болып тағайындалды.

Қайрат Нұрдәулетовты таныстырып жатудың өзі артық. 2002-2004 жылдары Дмитрий Огайдың қол астында «Ертіс» сапында сәтті үш маусым өткізіп, екі мәрте ел чемпионы атанғаннан кейін жас футболшы құрамаға да шақырылды.

2003 жылы 6 маусымда Польша құрамасына қарсы дебюттік ойынын өткізді. Алайда одан кейін ұзақ уақыт құрамаға шақырылмай, тек Арно Пайперс тізгін ұстаған соң қайта бас команданың жейдесін киді. 2007 жылы 8 қыркүйекте ұлттық құрамадағы алғашқы голын Тәжікстан қақпасына соқты. Біраз уақыт құраманың капитаны болды. Жалпы, 35 матчқа қатысып, 5 мәрте гол соққан. 2017 жылы Қайрат Қазақстан құрамасының бас бапкері Александр Бородюктің ассистенті болып тағайындалды. Станимир Стойлов келгеннен кейін де осы қызметін жалғастырған. Қазір Қазақстан жастар құрамасының аға бапкері.

Дмитрий Бяковтың клубтық карьерасы 1998 жылы «Қайратта» бастауын алды. Одан кейін ол ресейлік «Анжи», қазақстандық «Шахтер», «Астана» сапында да сәтті ойнай білді. 2008 жылы Еуропа чемпионатына іріктеу кампаниясы аясында ұлттық құраманың бас шабуылшысы қызметін атқарып, осы іріктеу кезеңіндегі құраманың үздік бомбардирі де атанды. Ол турнирде барлығы 5 гол соқты.

Ал ұлттық құрамадағы алғашқы голын Дмитрий 2006 жылы 6 қыркүйекте Әзірбайжан қақпасына соғыпты. Қазір Бяков футболшылық мансабын аяқтаған. Наталья есімді әйелі, Арина есімді қызы бар.

Құрама ойындарын үзбей тамашалаған жанкүйерлер Фархадбек Ирисметов туралы да жақсы білсе керек.

Ол құрама сапында 34 матч өткізіпті. Алайда жарақаты оның көптеген ойынға қатысуына кедергі болды. Бернд Шторк бас бапкер болып келген соң Фархадбектің жолы тіпті жабылды. Нәтижесінде талантты футболшы небәрі 28 жасында ұлттық құрамадағы мансабына нүкте қойды. Ол былтыр отандық ҚазАқпарат сайтына берген сұхбатында «Менің бапкерлік категориям бар, алайда ол іске нақты қашан кірісетінімді айта алмаймын. Мүмкін футболдан мүлде алыстап, басқа салаға кететін шығармын. Қалай дегенмен де футбол менің жүрегімде» деп пікірін білдіріпті.

Абай Қазбекұлы

Бөлісу: