Шәрбану Бейсенова оқырмандармен кездесті

568
0
Бөлісу:

Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы кітапханасының ұйымдастыруымен белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты Шәрбану Бейсеновамен «Әулие аналар» атты әдеби-шығармашылық кездесу өтті. Шараны өнер академиясының оқу және оқу-әдістемелік жөніндегі проректоры Шәріпбек Әмірбеков жүргізді.

– Шәрбану Бейсенова – қазақ әдебиетіне үлкен үлес қосқан, жазушы, журналист. Ер азаматтар көтеретін жүкті көтеріп отырған, әйел азаматың бірі сізсіз. «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы негізінде «Ұлы дала арулары» атты кітаптың тұсаукесеріне жиналып отырмыз. Болашақ актриса аруларымызға ұрпақ тәрбиесін дәріптей аласыз. Бүгінгі кездесу студенттер үшін айрықша күн, ерекше кездесу ретінде естерінде қалады деп ойлаймын – деді академия ректоры Асхат Маемиров.

Азаматтық үнінің айқындығымен, нәзік сыршылдығымен ерекшеленетін Шәрбану Қонақбайқызының шығармалары туған елді сүю, адалдық, достық, махаббат сезімдерін арқау етеді. Қаламгердің «Тойға келген келіншек», «Сезімтал жүрек», «Тағылымды тағдырлар», «Мизамшуақ», «Сүзгенің соңғы күндері» сынды шығармалар жинағы көзіқарақты талай жанның көкейіне сіңді.

Айта кетейік, Шәрбану Бейсенова кездесуге өзінің баспадан жақында ғана жарық көрген бразилиялық жазушы Жоржи Амадудың «Құм жағалаудың капитандары» атты аударма жинағы мен жары, көрнекті әдебиет сыншысы Сағат Әшімбаевтың үш томдық шығармалар жинаған және түрік тіліне тәржімаланған «Сүзге ханым мен Бозоқ сұлуы» атты жинаған академия кітапханасына тарту етті.

Өмірлік серігі, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, сыншы Сағат Әшімбаевпен бірге кешкен сәулелі ғұмыры туралы сыр шерткен жазушы студенттердің барлық сұрағына риясыз жауап беріп, кездесуді ұйымдастырушылар мен тыңдаушыларға алғысын айтты.

Айқын Ақпарат

Бөлісу: