ЕЛБАСЫ СЕНГЕН АДАМҒА ЕЛ СЕНЕДІ

521
0
Бөлісу:

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Nur Otan партиясының кезектен тыс ХІХ съезі өтті. Онда күн тәртібіне сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті сайлауына Nur Otan партиясының атынан үміткер ұсыну жөніндегі мәселе қаралды.

Партия съезінің жұмысына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Парламент палаталарының төрағалары Дариға Назарбаева мен Нұрлан Нығматулин, Премьер-министр Асқар Мамин, Үкімет мүшелері, депутаттар, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері, дипломатиялық корпус өкілдері, өңірлерден келген 627 делегат, жалпы 1500-ден астам адам қатысты. Съезді Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев жүргізіп отырды.
Партияластарының алдында сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ауыр дағдарыс жағдайында басталған тәуелсіз Қазақстанды қалыптастыру жолы оңай болмағанын еске салды.
– Экономиканың жаппай күйреуі халықтың басым көпшілігін күйзеліске ұшыратты. Көптеген сарапшылар этно­с­аралық шиеленістер мен қақтығыстар болады деп болжам жасады. Бірақ біз өзіміздің егемен елімізде бейбітшілік пен келісім жағдайында өмір сүруге лайықты екенімізді бүкіл әлемге дәлелдедік. Менің «алдымен экономика, сосын саясат» деген негізгі қағидатым дұрыстығын дәлелдеді, – деді Nur Otan партиясының Төрағасы.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті дұрыс жүргізілген саясаттың арқасында еліміздің посткеңестік кеңістіктегі қарқынды дамып келе жатқан мемлекетке айналғанын айтты.
Nur Otan партиясының Төрағасы жол­дардың құрылысы мен қайта жөнделуінің зор нәтижелерін атап өтіп, Тәуелсіздік жылдарындағы қазақстандықтар табы­сының өсіміне тоқталды.
– Біз үшін ең қиын жылдарда мен мыңдаған жас қазақстандықтарды әлем­нің үздік университеттеріне жібердім. Бүгінде озық білім беру жүйесін Қа­зақстанда қалыптастырамыз. Оның өзегі Назарбаев зияткерлік мектептері мен Назарбаев Университеті болмақ, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев денсаулық сақ­тау ісі мен мәдениет саласындағы жетіс­тіктерге де тоқталды.
– Маған өз халқыммен бірге тәуелсіз Қазақстанды құру мәртебесі бұйырғанын мақтан тұтамын. Қиын заманға қарамас­тан халқым менің бастамаларыма әр­дайым қолдау көрсетті. Соның арқасында біз барлық нәтижелерге қол жеткіздік. Мен еліміздің халқына ризашылығымды білдіремін, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Сонымен қатар Nur Otan партия­сының Төрағасы Қазақстанның одан ары табысты дамуын біздің бағдарымыздың сабақтастығы ғана қамтамасыз ететінін айтты.
– Төртінші өнеркәсіптік революция талаптарына сәйкес елімізді технология­лық және инфрақұрылымдық тұрғыдан дамытудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Цифрландыру және инновацияны енгізу есебінен еңбек өнімділігі мен эконо­миканың бәсекеге қабілеттілігі артты. Осы ауқымды жұмыстардың бәрі бүкіл қазақстандықтардың әл-ауқатын арт­тыруға бағытталған, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев Конституция бойынша өзіне бекітілген өкілеттіліктерге сәйкес Отанымызды өркендету үшін жұмыс істей беретінін айтты.
– Мен Төраға болып қала беретін Қазақстан халқы ассамблеясы аясында атқаратын жұмыс көп. Қоғамдық келісім мен ұлтымыздың бірлігін нығайту үшін ісімізді жалғастыра береміз. Қауіпсіздік кеңесін басқара отырып, мен өзімнің көпжылдық тәжірибемді ішкі және сырт­қы саясатты анықтай отырып, елі­мізді дамытудың бірқатар негізгі мәселе­лерін шешуге бағыттаймын. Мен бұрынғы­сынша Nur Otan партиясының Төрағасы болып қала беремін, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев таңдап алған саяси және экономикалық бағдар сабақтастығының сақталуына партия кепіл болуға және белгіленген міндет­тердің бәрін жүзеге асыруға тиіс екенін айтты.
– Жаңғырудың тиімділігін, соның ішінде партияның «Бақытты отбасы», «Құтты мекен», «Ауыл – ел бесігі» және «Халыққа көмек» жобаларын жүзеге асыру аясында әрбір қазақстандықтың сезінуіне қол жеткізуіміз керек, – деді Nur Otan партиясының Төрағасы.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті қазақстандықтардан өз атына көптеген хат келіп жатқанын айтып, қазақстан­дықтардың достығы мен құқықтарының теңдігі өзгермейтініне сенім білдірді.
– Менің президенттік өкілеттілігімді тоқтатуға қатысты үндеуім қазақстан­дықтар үшін күтпеген шешім болды. Кейбір адамдар бұл мәлімдемемді өкі­нішпен қарсы алды. Тіпті маған түскен хаттардың ішінде президенттік сайлауға қайтадан түсуге ұсыныс жасап жатыр. Мен барлығына алғыс айтамын. Осы қобалжудың саяси астарын да түсініп отырмын. Адамдар болашақ үшін алаң­дайды. Тұрақтылық пен тыныштықты қалайды. Ұлтаралық келісімнің сақтал­ғанын тілейді. Халыққа ізгі ниеті үшін, махаббаты үшін, құрметі үшін басымды иіп, зор ризашылығымды білдіремін, – деді Елбасы.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясынан Қазақстан Республикасының Президенттігіне кан­дидат ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынды. Елбасы Қасым-Жомарт Кемелұлын еліміздегі жоғары лауазымға лайықты үміткер екенін айтып, оның Отан алдындағы сіңірген еңбегі мен жеткен жетістіктеріне тоқталды.
– Қасым-Жомарт Тоқаев менімен бірге тәуелсіздіктің алғашқы жылдары­нан бастап қызметтің түрлі саласында жұмыс істеді. Ол – ұзақ жылдар Сыртқы істер министрлігіне жетекшілік етіп, Қа­зақстан­ның сыртқы саясатын бірге қа­лыптастыруға атсалысқандардың бірі. Оның дипломатиялық дәрежесі шетелде жоғары бағаланады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас хатшысының орынбасары болғанын және тәжірибелі мемлекет саясаткері екенін жақсы білесіздер, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Елбасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қатысуымен 90-жылдардың аяғы мен 2000 жылдардың басында бірқатар маңызды реформа жүргізіліп, ел эко­но­микасын өркендетуге жол ашылған­ын айтты.
– Сол жылдары ол менің Ұлттық қор құру туралы идеямды толық қолдап, оның құрылуына атсалысты. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, даму институтта­ры осы кезде пайда болды. Әлеуметтік жаңғыру жолында алғашқы қадамдар жасалды. Жаңа зейнетақы жүйесі қа­лыптасты. Қасым-Жомарт Тоқаев Сенат төрағасы ретінде Қазақстандағы пар­ла­ментаризмнің жаңа заң шығару қызме­тіне мол үлес қосты. Осы жылдар ішінде ол маған сенімді серік болып, елімізді одан ары өркендетуге қатысты ұстаны­мымды қолдап келеді. Мен оған толық сенемін және оны Қазақстанды бас­қа­руға лайық азамат деп есептеймін, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ Елбасы республикалық қоғамдық сайлау штабының жұмысын үйлестіруді тапсырып, азаматтардың барлық санатымен жұмыс жүргізудің қажеттігіне назар аударды.
– Бізге үлкен жұмыс атқару қажет. Сайлауда партияның беделі, оған деген халықтың сенімі көрінеді. Nur Otan пар­тия­сына белсенді әрі сенімді сайлау нау­қанын өткізу керек. Алдымен респуб­ликалық сайлау штабының жұмысын ұйымдастыру қажет. Бізде ол жағынан тәжірибе бар. Оны қалай ұйымдастыру қажетін білеміз. Меніңше, ол жұ­мыс­ты абыроймен атқарып шығамыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасының айтуынша, үгіт-насихат жұмыстары кезінде жаңа коммуникация құралдары мен саяси технологияларды қолданған дұрыс. Осы орайда шетелдік тәжірибені де зерделеп шыққан жөн.
– Еліміздің басқа да аймақтарында тиісті штабтар жұмыс істейтін болады. Кандидатымызды қолдау үшін қысқа уақыттың ішінде қажет дауыс жинау керек. Партияның барлық ресурстарын сайлау науқанына салу қажет. Осы жұмысқа барлық филиалдар атсалысуы тиіс. Саяси кеңестің мүшелері де, бюро қыз­меткерлері де тыс қалмауы керек. Дәл осы уақытта бізге саяси кеңестің әлеуе­­тін барынша пайдаланған жөн. Ха­лықпен кездесу керек. Бағдарла­мамыз­дың негізгі міндеттерін түсіндіру керек. Дұрыс таңдау жасауға үндеуіміз керек, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Соңында Қазақстанның Тұңғыш Президенті қазіргі жағдайда тұрақты дамып, өсіп-өркендеу үшін халықтың бірлігі бекем болуы және барша қа­зақстан­дықтардың бірлесе күш жұмыл­дыруы қажет екенін атап өтті.
– Бұл кезеңді еш қиындықсыз ең­­серетінімізге сенімдімін. Біздің мақса­тымыз – халқымыздың әл-ауқатын арт­тыру және елімізді одан ары ілгерілету. Мемлекетке құрмет көрсету, азамат­тардың бір-бірін сыйлауы – тұрақты­лықтың белгісі, – деді Н.Назарбаев.
Сонымен бірге, Н.Назарбаев прези­денттік өкілеттігін тоқтатуға қалай дайын­далғанына да тоқталып өтті.
– Мен саналы шешім жасадым. Ондай шешімдер бір күнде қабылдан­байды. Бір ай да аз. Мен осы шешімге бірнеше жыл дайындалдым. Құпиясын ашсам, үш жылдан астам уақыт дайын­далдым. Бәрін жан-жақты зерделедім. Болашақты бағамдап, өткенді сара­ладым. Серіктестерімнің кадрларына зер салдым. Осы уақытқа дейін бәрін тәрбиелеп, әрбіреуіне сенім арттым. Сөйтіп, осындай шешімге келдім. Осы шешім дұрыс деп білемін. Қасым-Жомарт Тоқаевты президент ретінде сайлайық та, оған қолдау көрсетейік. Мен осы уақытқа дейін халықтың сені­мін ақтасам, мен – бақытты адаммын, бақытты саясаткермін, – деді Елбасы.
Съезде мемлекет және қоғам қайрат­кері Ә.Ахметов, Атырау облысының әкімі, партия облыстық филиалының төрағасы, партия Саяси кеңесінің мүшесі Н.Ноғаев, Мәжіліс депутаты, Парламент Мәжілісіндегі «Nur Otan» партиясы фракциясы басшысының орынбасары И.Аронова, даңқты палуан, спорт ардагері, Олимпиада чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Ж.Үшкемпіров, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы, партия Саяси кеңесінің мүшесі А.Мырзахметов, «Айқын» республика­лық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Н.Жүсіп, Павлодар облыстық перина­талды орталығының бас дәрігері, облыстық мәслихаттағы партия фрак­циясының басшысы А.Оспанова, Қы­зылорда қаласындағы Назарбаев зият­керлік мектебі директорының орынба­сары Ж.Жаншораев, «Силумин-Восток» ЖШС-ның даму жөніндегі директоры З.Новолодская, Nur Otan партиясы жанындағы «Жас Отан» Жастар қана­тының атқарушы хатшысы Д.Кәрібек сөз сөйлеп, Елбасы ұсынысына қолдау білдірді.
Бұл съездің ел тарихында ірі саяси оқиға ретінде қалатынын айтқан Мә­жіліс депутаты Ирина Аронова осы жиында қаралған мәселе Тәуелсіз Қа­зақстанның алдағы тағдырына игі әсерін тигізетініне сенім білдірді.
Өз кезегінде Павлодар облыстық перинаталды орталығының бас дәрігері, облыстық мәслихаттағы партия фрак­циясының басшысы Айман Оспанова ел болашағы қазақстандықтардың таңда­уы­на тікелей байланысты екенін айтты.
– Қазақстанның болашағы біздің таңдауымызға байланысты. Бүгін Елбасының лайық ізбасарын прези­денттікке кандидат ретінде ұсынып отырмыз. Облыстық мәслихаттағы пар­тиямыздың фракциясының жетекшісі ретінде Елбасының ұсынысын толығы­мен қолдаймын. Біз Тұңғыш Президент саясатының ары қарай жалғасын табуына мүдделіміз, – деді А.Оспанова.
Сондай-ақ іс-шара барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев зор сенім артқаны үшін Нұрсұлтан Назарбаев пен партияластарына алғыс айта отырып, еліміздің одан ары қар­қынды дамуы жолында Тұңғыш Президент – Елбасының стратегиялық бағдарын жалғастырып, сабақтастықты қамтамасыз етуді өзінің ең басты міндеті деп санайтынын жеткізді.
– Ең алдымен, бүгін маған зор сенім артып, Nur Otan партиясы атынан Қазақстан Президенттігіне үміткер етіп ұсынған Елбасыға шын жүректен алғыс айтамын. Мемлекетіміздің негізін қалаған ұлы тұлғаның маған артқан жауапкершілік жүгін бүкіл болмысыммен сезінемін. Сондықтан, сенімге серт беріп, үлкен үміттің үдесінен шығу үшін бар қажыр-қайратымды жұмсаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері Елбасының ерен еңбегінің жемісі екеніне тоқталған Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі жаһандық деңгейдегі саясаткер ретінде әлемдік тарихта мәңгі қалатынын айтты.
– Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан Елбасының көреген басшы­лығының арқасында кедейлік пен аласапыранды еңсеріп, тұрақтылық пен гүлденуге қарай бұрын-соңды тарихта болмаған теңдессіз қадам жасады. Тұңғыш Президент, партиямыздың Көшбасшысы бейбітшілік пен тыныш­тықтың, ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімнің мызғымас негізін қалады. Елбасының айрықша күш-жігері мен көшбасшылығының арқасында біз жаңа мемлекет құрып, еліміздің бас қаласы­ның негізін қалаушысы әрі бас сәулетшісі Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен аталуға лайықты жаңа елордамызды салдық. Ең бастысы, Тұңғыш Президентіміз тұтас мемлекеттің жаңғыруы жолында табысқа ұмтылған сапалық тұрғыдан жаңа ұлттың негізін қалыптас­тырды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті тарихтың жаңа тарауын бастаған егемен еліміз тағы бір маңызды кезеңнің алдында тұрғанын айтты.
– Елбасының парасатты пайымы ел жылнамасында жасампаздықтың жар­қын парағын ашты. Осындай аса жауап­ты сәтте Елбасының сенімі, партияның қолдауы маған ерекше күш-қуат береді. Мен дәстүр сабақтастығын сақтай отырып, игілік және әділет жолын ту етіп, қарқынды дамуды жалғастыруға бар күшімді саламын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Съезд қорытындысы бойынша арнайы қаулы қабылданып, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ресми түрде алдағы Президент сайлауына Nur Otan партиясынан қатысатын кандидат ретінде ұсынылды.


Нұрлан НЫҒМАТУЛИН,
Мәжіліс төрағасы:

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Nur Otan партия­сының кезектен тыс съезінде Қазақстан Рес­публикасы пре­зи­денттігіне Қасым-Жомарт То­­қаев­тың кан­ди­датурасын ұсы­ну туралы қабыл­данған шешім жан-жақты ойланған, еліміз үшін де, халқы­мыз үшін де, өте дұрыс шешім деп есептейтінін айтты.
– Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Тәуелсіздік алған күннен бастап, Елбасының қасында жүріп, көптеген лауа­зымды қызметтерді абыроймен атқарды.
Еліміздің ішкі және сыртқы саясатын өте жақсы біледі, сондықтан, өзінің алдағы жұмысында, Елба­сы Н.Назарбаевтың саяси бағытын одан ары тиімді жа­л­ғас­тырып, ел дамуына жаңа серпін береді деп сенеміз, – деді Н.Нығматулин.

Мұхтар  ҚҰЛ-МҰХАММЕД,
Сенат депутаты:

Nur Otan партиясы атынан сайлауға түсетін Қасым-Жомарт Кемелұлы – білікті саяси қайраткер. Ол тәуелсіздіктің бірінші күнінен бастап, Қазақстанның сыртқы байланыстарын жолға қойды. Ел тарихындағы ең қиын жылдары Үкіметті басқарды. Мен сол кезде Қасым-Жомарт Кемелұлының министрлер кабинетінде болдым. Ол – БҰҰ Бас хатшысының орынбасары қызметін атқарған жалғыз отандасымыз, Сенатты екі рет басқарған жалғыз адам. Қазақстанның азаматы ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлының сайлауға түсуін қолдаймын. Сайлау тартысты болады деп сенемін. Әлемдік дипломатиядан сабақ алған адам ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев саяси бәсекені қолдайды деп ойлаймын. Nur Otan партиясы – миллионнан астам мүшесі бар Қазақстандағы ең үлкен саяси күш. Партия жарғысы бойынша сайлауға партия атынан тек бір кандидат қана қатысады. Съезде осы кандидат таңдалды, енді қалғанын халықтың дауысы шешеді.

Бірғаным ӘЙТІМОВА,
Сенат депутаты:

– Nur Otan партиясының XIX кезек­тен тыс съезі тарихи маңызға ие. Өйткені бұл жиында Nur Otan партиясы атынан сай­лауға түсетін кандидат есімі белгілі бол­ды. Съезде Елбасы Қасым-Жомарт Кемелұлына үлкен сенім артып, жылы ілти­пат білдірді. Қасым-Жомарт Кемелұлының әр жыл­дары атқарған маңызды қызметтері мен ел дамуына қосқан үлесі аталды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың білікті саясаткер, тәжірибелі басшы екені талас тудырмайды. Сондықтан оның адамдық қырына назар аударғым келеді. Қасым-Жомарт Кемелұ­лының өзіне артылған жауапкершілікке өте салмақты қарай­тыны қуантады. Ол дипломат ретінде кез келген шешім қабылдар алдында барлық факторларды есепке алып, таразылап, сарапқа салады. Оның болмайтын жағдайға қатысты «Болмайды!» деп кесіп айтатын шыншылдығы, берген уәдесінен тай­майтын адалдығы бар. Мұның бәрі – бір елдің тізгінін ұстай­тын президенттің бойынан табылуы керек қасиеттер. Әлемнің әр бөлігіндегі саясаткерлер, белді тұлғалармен қа­тар қызметте болған азаматтың ел өміріне көп жаңашыл­дық әкелеріне сенемін.

Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
Мәжіліс депутаты:

– Қасым-Жомарт Кемелұлына беретін баға сан қырлы. Ол – әлемдік деңгейде бас­шылықта болған адам. Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының орын­басары болды. Соны­мен бірге, ең қиын өңір – Еуропаның ку­ра­­торы болып, Женевадағы штаб-пә­тер­ді басқарды. Одан бөлек, Қасым-Жомарт Кемелұлы мем­­лекетіміздің сыртқы саясатын қалыптастыруға үлес қос­ты. Съезде айтылғандай, ол – зиялы, парасатты азамат. Оны әлемдік деңгейдегі тұлға десек болады. Сондықтан Nur Otan партиясының Көшбасшысы, Елбасымыз Н.Назарбаевтың бұл шешімін барлық жағынан көкейге қо­ным­ды, халықтың көңілінен шығатын, тарихи жауапкер­ші­лік­ті сезініп, мем­лекеттің болашағы мен ел-жұрттың келешегін ойлай отырып шығарылған кемел шешім деп қараймыз.

Ғалымқайыр  МҰТАНОВ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры:

19 наурыз күні Елбасының тарихи ше­шім қабылдағанын білеміз. Ол бүкіл әлем алдында билікті бейбіт жолмен тап­сыру­дың жақсы үлгісін көрсетті. Ел өміріндегі маңызды шешімнің ізінше Қасым-Жо­март Кемелұлы Президенттің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы шешім қабылдады. Осы арқылы мемлекет басшысы өз кандидатурасын халық алдына шығарып, көпшіліктің пікірін білудің маңызын тағы да дәлелдеді. Съезд барысында Елбасының Қасым-Жомарт Кемелұлын партия кандидаты етіп бекітуін барлық делегаттар бірауыздан қолдады. Шынында, Қасым-Жомарт Тоқаев – жан-жақты білімді, пре­зи­дент лауазымына лайық тұлға. Ол – білікті саясаткер. Кезінде Үкіметті басқарып, ішкі саясатқа белсене араласты. Өзіне артылған міндетті абыроймен атқарып, халықаралық қызметке тағайындалды. БҰҰ Бас хатшысының орынбасары болу – дамыған елдердің өкілдеріне де бірдей бұйыра бер­мейтін жоғары лауазым. Қасым-Жомарт Кемелұлының осындай жауапты қызметте болғанын, халықаралық істерге араласып, өзін кәсіби тұлға ретінде дәлелдегеніне куәміз. Келесі президентке Елбасы бастаған саясатты жалғастыру міндеті жүктеледі. Қасым-Жомарт Кемелұлы әлеуметтік маңызы бар бастамалар мен экономикалық жобалардың ел игі­лігіне жұмыс істеуіне ықпал ете алады деп сенемін.

Нұрмахан ЖОЛДАСОВ,
Nur Otan партиясы
Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші
орынбасары:

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттің кезектен тыс сай­лауын 9 маусымға белгілегеннен бастап, ел өмі­рін­дегі маңызды саяси оқиғаны лайық өт­кізуге жан-жақты дайындық жұмыстарын баста­дық. Сайлау жаңа мемлекет басшысын тағайындау арқылы экономикалық, саяси, әлеуметтік бағыттағы бағдар­ла­маларды табысты жалғастыруға мүмкіндік береді. Сайлауға қатысатын кандидат­тарға үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу, халықпен еркін жұ­мыс істеу, өз бағдарламасын таныстыруда тең жағдайлар қарас­тырылады. Сондықтан саяси бәсекеге түсетін кандидаттар көп болады деп күтемін. Халықтың сайлауға белсенді қатысып, азаматтық таңдауын жасауы аса маңызды деп есептеймін.
Елбасымыз сенім білдірген Қасым-Жомарт Кемелұлын халық Үкіметіміздің сын сағаттарында аянбай еңбек етіп, өзінің басқарушылық қабілетімен ел дамуына елеулі үлес қосқан тұлға деп таниды. Оның дипломатиялық жетістіктері мен мемлекеттік басқару саласындағы тәжірибесін бәрі біледі. Ұзақ жылдар бойы Елбасының сенімді серігі болған азамат ел басына келсе, Қазақстан тарихы жаңа жетістік­термен толығарына сенемін.

Әділ АХМЕТОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері:

– Nur Otan партиясының съезі ел тарихының тағдыршешті кезеңіне дөп келіп тұр. Өйткені өткен айдың 19 күні, Нұрсұлтан Әбішұлы, халқымызға жүрекжарды үндеуіңізді жа­рия­лап, президенттік билігіңізді өз еркіңізбен тоқтатып, ен­дігі жерде билік тізгінін Ата заңымызға сәйкес, Сенат төра­ғасы Қасым-Жомарт Кемелұлына ұсынатыныңызды мәлім­деген едіңіз.
Әрине, бұл тарихи шешімнің Сізге оңай болмағанына халқымыз түсіністікпен қолдау білдірген болатын. Сіздің тағылымды шешіміңіз ел ішінде ғана емес, халықаралық алаңда да үлкен резонанс тудырды. Әлем ақпарат құралдарында іле-шала жарық көрген саясаткерлердің пікір­лерінде еліміздегі президенттік билік алмасу үдерісінің конституция­лық заңға сәйкес жүргені айтылды.
Өткен айда жариялаған тарихи үндеуіңізде Қасым-Жомарт Тоқаевты билік тізгінін ұстауға ең лайық тұлға деген едіңіз. Енді міне, бүгінгі съезде де сол пікіріңізді нықтай түсіп, алдымыздағы Президент сайлауына Nur Otan партиясы атынан ұсынылатын бірегей кандидаттың Қасым-Жомарт Кемелұлы екенін түбегейлі айшықтап, халықтың көкейіне қонатын ұстаным көрсеттіңіз. Бұл қадамыңызды съезд делегаттары ғана емес, халқымыз да, БҰҰ секілді іргелі халықаралық ұйымдар да қолдайтыны күмәнсіз. Өйткені Қасым-Жомарт Кемелұлының өзіңізбен ширек ғасыр үзеңгілес бола жүріп, еліміздің ішкі-сыртқы саясатына сіңірген сүбелі еңбегі мен дипломатиялық аренадағы салмағын әлем қауымдастығы да өте жақсы біледі.

Нұрлан НОҒАЕВ,
Атырау облысының әкімі,
Nur Otan партиясы облыстық филиалының төрағасы:

– Nur Otan партиясының XVIII съезінде Сіз жария еткен «Халыққа көмек», «Бақытты отбасы», «Ауыл – ел бесігі», «Құтты мекен» партиялық жобалары өңірлерде бастау алып, азаматтардың мұқтажына дәйекті жауап және үлкен қолдау болды. Өңірімізде көпбалалы аналарға жәрдемдесуге бағытталған Isker ana жобасы іске қосылып, ниет білдірген 500-ден астам ананың бүгінгі күні 100-і сегіз мамандық бойынша білім алды, курсты сәтті аяқтаған қатысушыға өз істерін бастау үшін гранттар беру көзделуде.
Сіз әрқашан ұлт мүддесін, ел бірлігін, мемлекет бекемдігін, саяси тұрақтылықты еліміздің дамуының алғышарттары екенін атай отырып, саяси дана шешімдер қабылдауыңызбен ел сеніміне ие болған, әлем мойындаған саясаткерсіз!
Алдымызда тұрған ендігі басты мақсат – Тұңғыш Президентіміз, Елбасы саясатының алтын арқауы, басты өзегі болған ел бірлігі мен ынтымағының жарасымды жалғасын қамтамасыз ету.
Президенттік өкілеттілігіңізді тоқтату жөніндегі шешіміңізді атыраулықтар алғашқы сәтте алаңдаушылықпен қабылдағаны рас. Дегенмен бұл шешімнің себебін Өзіңіз түсіндірген соң, бойымыздағы толқу сезімі сейілді. Бұл тарихи сәт еліміздің болашағына деген ұстанымыңызды, көрегендік-көсемдігіңізді тағы да айшықтады.
Ұрпақтар сабақтастығы, биліктің институционалдығымен осы жолдағы таңдау Қасым-Жомарт Тоқаевқа түскенін партияластарымыз зор ілтипатпен, сеніммен қабылдады. Кәсіби біліктілігімен, әрсалалы тәжірибесімен, адалдығы және адамгершілігімен танымал Қасым-Жомарт Кемелұлы Елбасымыздың стратегиялық бастамаларын жалғастырып, халқымызды бір мақсат, бір мүддеге жұмылдыра отырып, Тәуелсіздігіміздің мәңгі болуына, еліміздің дамуына бар күш-жігерін салатынына сенімдіміз.

Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ,
Олимпиада чемпионы,
Қазақстанның Еңбек Ері:

– Партиямыздың осы бір дәулетті, сәулетті бағытын ары қарай жалғастыруымыз қажет. Бұл үшін партия ұсынған кандидат – Қасым-Жомарт Тоқаевты бірауыз­дан қолдаймыз!
Білімі мен парасаты дүйім жұртқа танылған азамат­тың ұйымдастыру штабында баршамыз жұмыла жұмыс істейік.
Біз жанжалы емес, арманы көп халықпыз! Біз өшетін емес, өсетін халықпыз! Халық көздегіні ғана емес, көңілдегіні де көреді. Сондықтан халықтың басым бөлігі мүше болып отырған Nur Otan партиясының ұйғарымы халықтың ұйғарымы деп білемін!
Жазирасы гүлденген, жұмақ жері түрленген, құрметті отандастар!
Бабаларымыз аңсаған ұлы арманға асқақ тұрпатпен қол жеткіздік. Төбемізден бақыт нұры себілді, жерімізге ырыс дәні егілді.
Біз өмір сүріп жатқан бұл кезеңді қазақ тарихының Алтын ғасыры деп бағалауға болады. Сондықтан да баршамызға өміріміз шуақты, асыл еліміз қуатты, іргеміз берік, бірлігіміз тұрақты болсын демекпін.

Абылай МЫРЗАХМЕТОВ,
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы:

– Мемлекет тәуелсіздігін алғаннан бергі уақытта елімізде теңдессіз оң өзгерістер жасалды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа әрі дамыған Қазақстанның іргесін қалады. Зауыттар тоқтап, азық-түлік тапшылығын сезінген 90-жылдары болған үлкен дағдарысты өткіздік. Ол жылдары жекеменшік және жеке кәсіпкерлік деген ұғым да қалыптаспаған болатын. Елімізде отандық бизнесті біріктіретін, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен құрылған болатын.
Бүгінде мемлекеттік органдарда талқыланатын кез келген сұрақта бизнес қауымдастықтың пікірі есепке алынады.
Елбасының стратегиялық бағытына бизнестің барынша қолдау көрсететін кезі келді. Президент сайлауына партия атынан Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынылды.
Кәсіпкерлік қауымдастығы Тұңғыш Президент, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бағыты жалғаса беретініне сенімді.
Бұл – экономиканы модернизациялау, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық пен бейбітшілік. Бизнеске, ең алдымен, тұрақтылық пен ертеңге деген сенімділік керек. Бұл айқын экономикалық жағдайда ғана қалыптасады.
Партия атынан сайланатын кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлының Елбасы бастаған бағытты ары қарай жалғастыратынына сенімдіміз!

Нұртөре ЖҮСІП,
«Айқын» газетінің бас редакторы:

– Уақыт зымырап өтеді. Кешегі күн қандай? Бүгінгі күн қандай?! Мемлекет құрудың ең қиын жолынан өттік. Жақсы, жарқын күндерге жеттік.
Егемендiктiң ең алғашқы күндерінен бастап отандық бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына үнемі қолдау көрсетiп келесіз.
Осы жылдар арасында ұлттық баспасөзіміз қалыптасты. Қазақстан журналистикасы Тәуелсіздік тұсында айтарлықтай шыңдалды. Жетілді.
Елбасымыздың барлық бастамаларының мәні мен маңызын халыққа жеткізу, түсіндіру, насихаттау жолында БАҚ өкілдерінің еңбегі өте зор. Ақиқатты жоқтаған, аталы сөзге тоқтаған елміз!
Қазіргі уақыт – қай жағынан алсақ та өте маңызды. Қазақ ұлты әлемдік бәсекеге қабілетті болсын дедіңіз. Алға кеткен озық елдер «Қазақ қашан бізді қуып жетеді» деп тосып тұрмайды ғой. Сондықтан қамсыз болмай, қалғып кетпей, қол қусырып қарап отырмай, көркейген Қазақстанның асыл мұраттарына ұмтылған дұрыс.
Бұл заман – біліктінің заманы. Бұл заман – білімдінің заманы. Қазіргі әлем тез өзгеріп жатыр. Сана өзгерді. Әлемдік саясат та өзгеріс үстінде.
Президенттің кезектен тыс сайлауын өткізуді бүкіл Қазақстан халқы қолдап отыр.
Тыныштық пен тұрақтылық – Тәуелсіздіктің тірегі! Саясаттағы сабақтастық жалғасуы керек. Бәрімізге бейбіт өмір керек!
Жеткен жетістіктерімізге мәз болмай, бір орында тұрып қалмай, алға өрлеу керек. Осындай жағдайда Президент сайлауын өткізудің елдік маңызы өте жоғары. Бәріміз тас түйін жұмылып, Елбасымыздың саралап салып берген жолын жалғауымыз қажет.
Съезд ұсынып отырған кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы – елге танымал тұлға. Бәріміз жақсы білеміз. Мемлекет және қоғам қайраткері. Аты-жөні әлемге мәшһүр. Ұлт зиялысы. Қазақ мәдениетіне, әдебиетіне, өнеріне шынайы жанашыр жан. Елде, халықаралық деңгейде құрметі мен абыройы бар азаматтың қазақ мүддесі үшін адал қызмет жасайтынына сенім мол.
Сіз сенген адамға ел де сенеді!
Аса көрнекті жазушы Әбіш Кекілбайдың: «Тарихқа, тағдырға төтеп беретін халық елдікке жетеді» деген қанатты сөзі бар. Бұл күнде ел Тәуелсіздігін көзінің қарашығындай сақтауға сақадай сай, саналы да сапалы қазақ баласының жаңа буыны қалыптасты. Қазақтың ертеңі – солардың қолында.
Келешегіміз – кемел, жетістіктеріміз – жедел болғай!

Дәулет КӘРІБЕК,
«Жас Отан» Жастар қанатының атқарушы хатшысы:

– Сіздің 19 наурыз күні жариялаған тарихи шешіміңізді барша жас өте үлкен тебіреніспен қабылдады. «Тәуелсіз Қазақстанымызды, ортақ Отанымызды, Мәңгілік елімізді сақтай біліңдер» деп жастарға арнап айтқан үндеуіңіз әрбір жастың жүрегіне қозғау, ойына салмақ салып, Тәуелсіздік ұрпақтарына қанатын қомдап, ел алдындағы, Елбасы алдындағы жауапкершілікті сезіндірді.
Біз, жасотандықтар, Сіздің мемлекеттік бағытыңыздың мызғымастығын қамтамасыз етуге уәде береміз. Себебі, Тәуелсіз Қазақстанның барлық жетістігі Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың орасан зор еңбегінің жемісі.
Сіздің бастамаңызбен құрылған «Жас Отан» ЖҚ тарихи дамуының 18 жылында еріктілер қозғалысынан ең ірі жастар ұйымына айналды. Қазір «Жас Отан» – Сіздің стратегиялық жоспарларыңызды терең түсінетін, қолдайтын, іске асыратын мыңдаған жастың басын біріктірген беделді ұйым. Арамызда қазірдің өзінде ақылы мен әлеуеті озық, Отанымызға пайдасын тигізіп жатқан жастар аз емес. Бүгінде барша қазақстандықтармен бірге жасотандықтар жалындаған күш-жігерін еліміздің өркендеуіне бағыттайды.
Біз, жастар Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауының өтуін қолдаймыз. Күн сайын шарықтап дамып жатқан әлемде бұл айқындықты анықтап, өз шешімімізді өз уақытында әлемге жариялау деп түсінеміз.
Бүгінгі партиямыздың тарихи съезі – тек идеологиялық бағдардың бастауы ғана емес, сонымен бірге, игілікті келешектің нақты қадамдары. Сіздің мемлекеттік бағдарыңыз. Сіздің мемлекеттік бағдарыңызды жүзеге асыру арқылы жас қазақстандықтардың табысқа жетуіне, елінің дамуына үлес қосуына мүмкіндік береміз.

Жеткерген ЖАНШОРАЕВ,
Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі директорының орынбасары:

– Сіз өскелең ұрпақты тәрбиелеу мен оқытудың жаңа жүйесін қалыптастырдыңыз. Сол жүйенің бір жемісі – менмін. Өзіңіз іргесін қалаған Назарбаев Университетінде магистр дәрежесін иелендім. Қазіргі уақытта Қызылорда қала­сындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстазымын.
Біздің елде жастарға білім алу үшін барлық жағдай жасалған. Олардың ішінде Назарбаев Зияткерлік мектептері мен Назарбаев Университетінің орны бір төбе. Осы Университеттте әлемдік білім берудің көшбасшы­лары – ең үздік ұстаздар дәріс беруде!
Мағжан атамыз «Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты, Мен жастарға сенемін» деп айтқандай, бүгінгі күні жастарымыз мықты болу керек. Сонда ғана болаша­ғымыз жарқын болады. Сіз бізге үнемі осыны үлгі етесіз. Ал жастарымыздың мықты болуы алдымен мектеп­терге байланысты. Жақсы мектептердің де үлгісін өзіңіз қалыптастырдыңыз. Ол – Назарбаев Зияткерлік мектептері. Небәрі 10 жыл бұрын Сіздің тапсырмаңызбен бой көтерген 20 Зияткерлік мектебі мемлекетіміздің тарихында білім жүйесін дамытудың жаңа кезеңіне жол ашып, маңдайалды оқу ордасына, жоғары сапалы білімнің нышанына айналды.
Елімізде сіздің салиқалы саясатыңыздың нәтижесінде өскелең ұрпақтың білім алуына, талабын танытуға барлық жағдай жасалған. Бүгінгі таңда мектептеріміз жаңа бағдарлама бойынша бәсекеге қабілетті, заман үрдісіне сай білімді жастарды тәрбиелеуде. Балабақшадан бастап жоғары оқу орнына дейінгі білім берудің даңғыл жолы ашылды.
Сайлау – халық таңдауы. Nur Otan партиясы – халықтық партия.
Nur Otan партиясы және оның Көшбасшысы елге берген сөзін орындайтынын, межелеген мұраттарға жететінін осыған дейін талай рет дәлелдеді.
Сіз бүгінгі Nur Otan партиясы съезінде өзіңіздің дара жолыңызды жалғайтын кандидатты ұсындыңыз. Қасым-Жомарт Тоқаев Сіз бастаған әлеуметтік бағдарламаларды тыңғылықты жүзеге асыратынына сенеміз!

Серік СҮЛЕЙМЕН,
Nur Otan партиясы
БҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

– Съезд жоғары деңгейде өтті. Жауапты кезеңге қадам жа­са­ғалы тұрмыз. Қазақстан Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойғаннан кейін елде сайлауға дайындық жұмыс­тары басталып кеткені белгілі.
Елбасы съезде кезекті сайлауға Nur Otan партиясының атынан қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың түсетінін жария етті. Біз осы орайда елімізде атқарылып жатқан мем­лекеттік бағдарламалар түгелдей өзінің бағытымен ары қарай жалғaсады деп есептейміз. Жаңа сайланған Президент те осы бағытты жалғастырып, еліміздің өркендеуіне үлесін қосады деп ойлаймыз.
Жарлық шыққаннан бері сайлауға әзірлік барысы жүргізіліп келеді. Бұл бағытта әр сала ­мін­детін жауапты қызметкерлер атқарып жатыр. ­Бар­ша қазақ­стан­дықтар 9 сәуір күні кезектен тыс сай­лауға ұйым­шылдықпен қатысатынына сенемін.

Қайрат ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
Алматы қалалық мәслихатының депутаты, Nur Otan партиясы депутаттық фракциясының мүшесі:

– Халықтық сайлау негізінде таңдалатын президент әлемдік үдерістен қалыс қалмай, Тұң­ғыш Президент бастаған саясатты жалғастырады деп ойлаймын. Мемлекет басшысы қызметіне тәжірибелі, халқына адал азамат келеді деп үміттенемін. Жаңа Президент шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, экономикалық өсімді қам­тамасыз ететін жаңа бағыттарды қаржы­лан­дыруға көңіл бөлуі керек. Сыртқы саясатта Қа­зақстанның әріптестік байланыстарын жандан­дырып, көрші мемлекеттермен достық қарым-қатынастарын нығайту маңызды. Адам капиталын дамыту да өзектігін жоймайтын мәселе болып қала береді. Ғылыми ізденіс пен жаңа технологиялар, кәсіпкерлік пен стартап жобалар жолындағы жастардың жаңа толқынын қалыптастыру керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев – тәжірибелі дипломат. Ондай білікті азаматтар ТМД деңгейінде өте аз кездеседі. Дү­ниежүзілік саясаттағы маңызды ке­ліссөздерге қатысып, сыртқы саясатта Қазақ­станның бейбіт бастамаларына қолдау көрсетті. Таным көкжиегі кең, әлемде болып жатқан өзгерістерді түйсініп, уақытылы шешімдер қабыл­дайтын, өзгерістерге ашық азамат президент жүгін арқалауға лайық деп ойлаймын.

Асқар НҰРША,
Алматы менеджмент университетінің мемлекеттік саясат және құқық мектебінің деканы:

– Nur Otan партиясының кезектен тыс съезінің басты нә­тижесі – Қазақстан Республи­касы Президенті сайлауына түсетін кандидатты анықтауы. Елбасының отставкасы, Президенттің кезектен тыс сайлауының жариялануынан кейін-ақ билік партиясының кімді ұсынатыны қызу талқыланды. Әрине, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президентке кандидат ретінде ұсынылуы күтпеген оқиға бола қойған жоқ. Дегенмен бәріміз білетіндей, Nur Otan партиясында ел басқаруға үміткер болуға лайық адамдар болды. Сондықтан съезд қарсаңында партия атынан ұсынылатын үміткерлерге қатысты түрлі болжам жасалды.
Конституцияға сәйкес президенттіктен үміткер белгілі процедуралардан өтуі керек. Сайлау процесі сайлау талаптарын толыққанды сақтаудан тұрады. Сондықтан сайлау өткізу туралы шешім қабылдау арқылы саяси элита өзінің кемелдігін көрсетті.
Десе де, билік партиясынан ұсынылған кандидаттың фаворит болатыны белгілі. Кез келген әдемі бағдарлама жасалғанымен, оны кімнің жариялайтыны маңызды. Себебі, бұл жерде тұлғалық рөл маңызды орын алады.
Қ.Тоқаев жеке басқа табынуды құп көрмейтінін мәлімдеді. Бұл позициясы сақталатыны белгілі. Партия съезінде Қ.Тоқаевтың дәстүр сабақтас­тығын сақтай отырып, игілік және әділет жолын ту етіп, қарқынды дамуды жал­ғастыратыны белгілі болды. Демек, жаңару процесі жүріп жатыр, жаңа леп сезіледі, ал оны жасанды жол­мен жеделдетудің қажеті жоқ. Себебі, ол жолға эволюциялық жолмен, өз кезеңінде жетеміз.

 

Бөлісу: