СӨЗДІҢ СЕРТІ

411
0
Бөлісу:

Тұңғыш Президент – Елбасы, Nur Otan партиясының  Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен партияның кезектен тыс ХІХ съезі өтті. Елбасы Қасым-Жомарт Тоқаевты Nur Otan партиясынан алдағы сайлауға Қазақстан президенттігіне кандидат ретінде ұсынды. Тоқаев өзіне зор сенім артып, Nur Otan партиясы атынан Қазақстан президенттігіне үміткер етіп ұсынған Елбасыға шын жүректен алғыс айтты.

Ашығын айту керек: еліміздегі ең жетекші саяси құрылымның кезектен тыс съезін ел-жұрт асы­ға күтті. « Президент лауазымына қандай тұлға ұсынылады, оның бағыт-бағдары қандай болады?» деген түйткілді сұраққа жауап іздегендер жетерлік.
Саясаттағы сабақтастық үр­дісі заңды жалғасын тапты. Елбасы қоғамдағы тұрақтылық кілтін қолына ұстап, билік тіз­гінін Ата заң аясында ауыстыру шарасын жасады. Парасаттылық үлгісін көрсетті.
Қасым-Жомарт Кемелұлы бағдарламалық сөзін қысқа тұ­жы­рымдады. Баппен, байып­тылықпен ұстамды сөз айтты.
«Мемлекетіміздің негізін қа­лаған ұлы тұлғаның маған артқан жауап­кершілік жүгін бүкіл бол­мысыммен сезінемін! Сондықтан сенімге серт беріп, үлкен үміттің үдесінен шығу үшін бар қажыр-қайратымды жұмсаймын! Партия Төрағасы, Елбасы 19 наурыз күні өзінің тарихи Үндеуінде: «Тәуел­сіз Қазақстанымызды, ортақ Отанымызды, мәңгілік елімізді сақтай біліңдер», – деді. Әрбір қазақстандықтың жүрегіне жол тапқан бұл сөздер менің де бой­тұмардай бұлжымас ұстанымым болады. Қазіргі аумалы-төкпелі заманда құбыламыздан жаңылмау үшін біздің бағытымыз айқын. Байтақ елімізді бекемдеп, бола­шағымыздың бағдарын бекітіп берген Елбасы аманаты бізді биік белестерге жетелейді. Кешегіні ұмытпай, келешекті ұлықтау – киелі Тәуелсіздік алдындағы басты парызымыз. Біз осы бақты бағалай білсек қана асқар асу­ларды бағындыра аламыз!», – деді Қасым – Жомарт Кемелұлы.
Сөздің серті болады. «Бой­тұмардай бұлжымас ұстанымды» ендігі таңда еліміздің серпінді дамуына арнау, бет алған бағыттан айнымау – үлкен жауапкершілік.
Қазақстан тұрғындары Қасым-Жомарт Тоқаевтың есімін егемендіктің елең-алаң жыл­дарынан бері жақсы біледі. Нұрсұлтан Әбішұлының ең сенімді үзеңгілес серіктерінің бірі. Саясатта әбден шыңдалған, ысылған тұлға. Тәуелсіз Қазақ мемлекетінің негізін қалаған Нұрсұлтан Назарбаев ел дамуына сүбелі үлесін қосып келе жатқан білікті саясаткерге Қазақ елінің тағдырын сеніп тапсырып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев – Елбасының салиқалы да сын­дарлы саясатын лайықты жалғас­тыра алатын тәжірибелі саясат­кер. Әлемдік саясат сахнасында абырой-беделі жоғары. Ел ішінде де қадірлі.
Бәрінен билік транзитінің бейбіт жолмен шешілуі – тұрақ­тылық кемесінің желкен кергені. Елдің сабақтастық ұғымына сенгені!

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу: