Гүлдана ӘЛІМ: Алға ұмтылған абзал

415
0
Бөлісу:

– Гүлдана, бүгінде он сау­сағынан өнер тамған шебер әрі кәсіпкерліктің көзін тапқан жансыз. Тігін өнеріне қай кезден қызыға бастадыңыз?
– 6-сыныптан десем бола­ды. Сол кезде теледидардан мек­сикалық «Жай ғана Мария» фильмін беретін. Сол фильмді көргеннен бастап «Қазақ­стан­ның жай ғана Гүлданасы» бола­мын деген арман-мақсат таңға дейін ұйқы бермейтін. Көз алдыма небір суреттер келіп, соны барби қуыршақтарыма тігетінмін. Анамның китке деп қойып қойған маталары мен ілулі тұрған перделері менің қуыршақтарымның киімдеріне айналып, анамнан ұрыс естіген кездерім болды.
– Бұл жетістікке оңайлықпен жет­пегеніңізді білеміз. Бір жа­рым жасыңызда жол апатына түс­кен екенсіз. Басқа түскен сы­наққа сынып кетпей, жол тауып шығуы­ңыз­ға көмектескен не нәрсе?
– Иә, өмірімде талай қиын­дыққа тап болдым. Еңбек жо­лым­да, жеке өмірімде… Бас­панасыз жүрген кездер де бас­тан өтті.
11-сыныпты бітіріп, сынып­тастарымның бәрі үлкен қалаға арман қуып жоғары оқуға тап­сы­рып жатты. Мен де оқы­ғым келді. Бірақ «Физикалық жағ­дайы­ма байланысты қалай бола­­ды?» деген сұрақ мазалады. Сыныптастарым ауылға келген сайын студенттік өмірлерін айтып, мені одан сайын қызық­ты­ратын. Әкем үнемі «Сен дәрі­гер боласың!» деп қанат­тан­ды­рып отыратын. Мектеп бітіріп, меди­циналық академияға кел­генде, ол арманым су сепкендей басылды. Себебі, сондағы оқыту­шылар «Қызыңыз мүге­дек, қалай оқиды, баспалдақтан мініп-түсу керек, үзіліс уақыты аз» деген сылтаумен шығарып салды. Сосын ауылға қайта келдім. Құры жүрмесін деп, мек­тепке қарауылдыққа жұ­мысқа орналастырды. Отырып алып кітап оқимын, арасында киімге тапсырыс алатынмын.
Бір күні мектеп директорым мені жұмыстан шы­ғарып жіберді. Қарап отыр­ма­йын деп, мектеп оқушы­ла­ры­на мектеп формасын тігіп, ісім оңала бастады. Тапсырыс берушілер ризашылығын білді­ріп жатты. Осыны білген мектеп дирек­торы үйде табыс тауып отырған маған тыным бермеді. Мектепте еңбек пәнінен сабақ беретін мұғалімдерді мәжбүрлеп фор­маны соларға тіктірді. Осындай жағдайлар менің аяқ­тан тұрып, Гүлдана болуыма пай­­дасын тигізді. Мұндай жағ­дайлар бол­маса, қазіргі деңгейге жетпес пе едім, кім білсін?.. Ақыры ауылда маған орын жоқ екенін біліп, қалаға келдім.
– Телеарнаға берген сұхба­ты­ңызды көрдім. Жұмыс іздеген кезде, 22 тігін шеберханасының есігін қағыпсыз…
– Иә, біз сияқты мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмысқа орналасуы өте қиын. Қалаға келгенде анам да қалада кенже­мізді босанып жатқан. Сол жерде палатада бірге жатқан кісіге айтқан болуы керек. Ол кісі «Құрбымның тігін цехы бар, соған хабарласып көрсін» деп телефон нөмірін беріпті. Оған дейін жұмыс іздеп, өзіңіз айтқандай, 22 тігін цехының есігін қақтым. Әр есік мен үшін жабық болған сайын, бәрібір бір есіктің ашылатынына сеніп, үмітімді үзбедім.
Анамнан алған нөмірге хабар­ласып, шақырған мекен­жайға келдім. Ол кісі де маған алғашында біртүрлі қарады. Бір машина бос екен, сол жерге отырғызды. Содан жұмысымды бастап кеттім. Ұлттық нақышта шапан, камзол, тақия тігеді екен. Бірінші күні шапанның белдігін бірнеше рет сөгіп, тіктім. Бір шапанды 20 теңгеге тігеміз, ал ол күні 1 теңге де тап­па­дым. Кешкісін жұмыстан қайтып келе жатып ойландым. Қалайда тігуім керек деп ойла­дым. Күніне 10 шапан тіксем – 200 теңге. Күніне 200 теңге тапсам, бір айлық табы­сым 6000 болады екен. Ата-анама салмақ салғым келмеді. Себебі, отбасымызда 6 қыз, 1 ұл­мыз, әкем жұмыссыз ол кез­де. Ал анам – мектепте хат­шы. Айлы­ғы мардымсыз. Зей­нета­қымды ата-анама қалдырып, қалаға бір тиынсыз келдім. Алғашқы кезде анамның ағайын сіңлісінің үйінен қатынап жүрдім. Одан кейін жұмыстың жанынан пә­тер­ге шықтым. Бұл жақта да түрлі жағдайлар бастан өтті. Үмітімді өшірмеген – өмірге деген құш­тар­лық.
Төменгі қабаттан орын алып беретін демеуші табылса, коман­да жинап, үйлерінде депрессияда отырған мүмкіндігі шектеулі жандарға жұмыс берсем, Қазақ­стан­ның тігін өнеркәсібін өркен­детуге үлес қоссам деймін. Негізгі арманым – осы.
– Ең алғаш тапсырыс алып тік­кен дүниеңізді еске алыңызшы. Басында қателік жіберіп, көңі­лі­ңіз­ден шықпай қалған сәттер болды ма?
– 9-сыныпты бітірген соң Таш­­кент қаласында нағашы­ла­рым­­ның ауылында «тігінші-мо­то­рист» мамандығын 1 жыл оқып игердім. Ұстазым мені Ташкент қаласында алып қалғысы келді. Ата-анамды, бауырларымды сағы­нып, ауылға келдім. 11-сыныпты сонда жалғастырдым. Мек­тепте оқып жүріп алғашқы тап­сырыстарымды ала бастадым.
Оқып жүргенде көйлек-халат тіктім, соның бір жерін шығара алмай, бұрап-бұрап бір пакетке салып, бұрышқа тығып тастадым. Содан бір күні қалай жөндеуге болады екен деп ойладым.
Көршіміз ұйғыр ұлтынан еді, тігінші кісі болатын. Жеңге­ле­рі­міз­дің бәрі соған киім тіктіретін. Жеңгеме: «Көрші кісіге алып барыңызшы, сол кісіден үйренгім келеді» дедім. Сонымен бір күні ертіп барды. Сол кісінің жанында кешке дейін болып үйреніп жүр­дім. Ол кісі тігіншіліктің өте қа­жет мамандық екенін айтып, қанаттандырды. Қыздарын да осы іске үйреткен екен. Сол кісі­нің ақыл-кеңесі өмір жолым­да көп көмегін тигізді.
– Байқауымша, көбіне қыз-келіншектерден тапсырыс қабыл­дай­сыз. Қаракөздер тара­пынан қан­дай киім үлгісіне сұраныс басым?
– Арулар тарапынан кешкі көйлектерге, ұзату көйлегіне сұраныс көп.
– Дәрігерлердің қарсылығына қарамай, сәбиіңізді өмірге әкеліп, аналық бақытқа бөлендіңіз. Ерік-жігеріңізді еселеп, шығармашылық ша­быт беріп отырған қызыңыз болар?
– Иә, қызыма қарап шабыт аламын, сол үшін өмір сүріп жүр­мін десем болады. Сол қызым келешекте «Менің анам!» деп мақтанатындай болса деймін. Бала­панымның қатардан қал­май, менің жете алмаған арман­да­рыма жетіп, бақытты болғанын қалаймын.
– Ісін енді бастап жатқан әріп­т­ес­теріңізге, өзіңізбен тағдыр­лас жан­дарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Тағдырластарыма айтарым: ешқашан артқа қарамаңдар. Өмір бір-ақ рет берілетіндіктен, өкінішке жол бермей, бүгінмен өмір сүріп, тек алға ұмтылу керек!
– Қиялыңыздағы біраз дүние­лер шындыққа айналып, жетістік­тер­ге жеттіңіз. Арманыңыз қан­дай?
– Ендігі арманым – мүмкін­ді­гі шектеулі жандардың басын қосып, мүгедектер қоғамын ашу. Олардың қоғамға араласуына жағдай жасау. Адамдарды ынта­лан­дырып, жігер беретін ора­тор болу, өз сән үйімді ашу. Айта берсең арман көп қой. Ал дәл қазір көп адамдар секілді мені де баспана мәселесі алаң­датып жүр.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу: