«БОГЕМА» ОПЕРАСЫ – ЖАҢА ФОРМАТТА

Дж.Пуччинидің шоқтығы биік «Богема» операсы «Астана Опера» сахнасында жаңа қырынан ұсынылды. Жас режиссер Андреа Бернардтың мәңгілік махаббат хикаясына деген жаңа көзқарасы астаналық көрерменнің көңілінен шықты. Премьера Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтті.
«Богема» оқиғасы Париждің Латын кварталында 1830 жылы өрбиді. Опера кейіпкерлерінің прототипі өмірде болған деседі. Дж.Пуччини Миланда оқып жүргенде опера кейіпкерлері тәрізді кедейшілік көріп, үйшікте өмір сүрген, қарыз берушілерден жасырынып, жалға берушілермен жанжалдасқан. Сондықтан болар, ол өз кейіпкерлерінің бейнесін терең жеткізе білген. Ақын Рудольф пен Мимидің махаббаты арқау болған опера әлем сахналарында сан түрлі форматта ұсынылды. Ал «Астана Операда» шымылдығын түрген опера көрермен танымына жақындай түскені байқалады. Қойылымға еліміздің үздік опера артистері мен шетел сахналарында өнер көрсетіп жүрген классикалық өнер мэтрлері тартылды. Мәселен, маэстро Джузеппе Акуавива дирижер ретінде партитураның барлық нюансын музыканттар көкейіне жеткізе білген. Әлемдік деңгейдегі майталман, «Достық» орденінің кавалері, көрнекті сценограф Эцио Фриджерио қойылымды заманауи тыңдарманға түсінікті әрі жанына жақын етіп ұсынуды мақсат еткен. Көпдеңгейлі декорациялар барлығын көріністен-көрініске – бірде құбырлар қоршаған иесіз қалған зауытқа, енді бірде сән-салтанатты Париж жәрмеңкесінің көңіл-күйіне бөлейтін жарқыраған алаңға, біресе қар жамылған теміржол бекетіне апарып, ерекше романтика тудырды. Әртістер осы көріністердің әрбіріне богемалық жасампаздар рухын сіңіре білді. Солистер лирикалық және драмалық эпизодтарда керемет дуэттер шығарды. Мими рөліндегі – Мария Мудряк пен Майра
Мұхамедқызы, Рудольф – Медет Чотабаев пен Жан Тапин Пуччиниге тән вокал стилін тамаша алып шықты. Орындаушылардың актерлік ойыны да атап өтуге тұрарлық. Олар өз кейіпкерлерінің мінез-құлқын жете сезініп, олардың күйінішіне терең бойлап, бар эмоциясын берді, сахнада солар болып өмір сүрді. Салтанат Ахметова, Альфия Каримова (Мюзетта), Сүндет Байғожин, Талғат Мұсабаев (Марсель) орындауындағы әрі күлдіргі, әрі драмалық сахналық көріністер – көзге жас ұялатты.
Операның мерекелік көрінісіне кәсіби цирк әртістері қатысты. «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапино керемет костюмдер жасаған. «Астана Опера» бас хормейстері Ержан Дәуітов жетекшілік еткен хор таңғаларлықтай мәнерлі естілді. Балалар хорының жетекшісі Алтынғаным Ахметова және хормейстер Айгерім Макибаева жетекшілік еткен Балалар студиясы жас әртістерінің жұмысын да жеке атап өткен жөн.
Айдана БЕГІМ