Нұртөре Жүсіп: Ханда қырық кісінің ақылы болады

1272
0
Бөлісу:

Nur Otan партиясының кезектен тыс ХІХ съезінде «Айқын» газетінің Бас редакторы Нұртөре Жүсіп Елбасы бастамаларының өміршеңдігін айтып өтті.

Ел өміріндегі ең жауапты кезеңде жиналып отырмыз. Қазақ «Ханда қырық кісінің ақылы болады» дейді.

Президенттік өкілеттігіңізді өз еркіңізбен тоқтату Сізге оңай болмаған да шығар. Бірақ бұл қадамға он ойланып, жүз толғанып барғаныңызды ел-жұрт біліп отыр. Ақыл мен парасатқа толы шешіміңізді саяси сарапшылар «Билік транзитінің Қазақстандық үлгісі» деп бағалап  жатыр.

 

Кез келген саясаткер үшін шешім қабылдау – үлкен мәселе. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы мәртебесін алғаннан бері ел мүддесі жолында талай рет тарихи шешімдер қабылдадыңыз. Тәуелсіз Қазақстанның жаңа даму жолын таңдап, нақты реформаларды жүзеге асырдыңыз.

1.Ата-бабамыз армандаған Тәуелсіз Қазақстанды өз қолыңызбен құрдыңыз! Сарыарқаның төсінен байтақ астана салдыңыз.

2.Шекарамызды шегендеп бердіңіз. Ел іргесінен ши де, шу да шықпайтын болды.

3.Қазақ деген ұлтты айдай әлемге таныттыңыз! Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінен қазақша саңқылдап сөз сөйледіңіз! Бұғынып келген қазақ баласы егемен, еркін елде кеудесін керіп, қазақ екеніне мақтанып жүретін болды.

4. «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалары арқылы көмілген алтын көмбені аршып бердіңіз! Жоғымыз түгенделді! Тарихымыз, көне мәдениетіміз, ұлттық рухымыз қайта жаңғырды!

Айта берсек, толып жатыр.

Осындай мәртебемізді көтеріп, мерейімізді тасытқан барлық жетістіктер –  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың орасан күш-жігері мен қайтпас қажыр-қайратының, ерлікке толы еңбегінің арқасы! Сын сағатта, қиын шақта Мемлекет басшысын қолдай білген Қазақ халқының сабыры мен төзімінің арқасы.

Уақыт зымырап өтеді. Кешегі күн қандай? Бүгінгі күн қандай?! Мемлекет құрудың ең қиын жолынан өттік. Жақсы, Жарқын күндерге жеттік.

Егемендiктiң ең алғашқы күндерінен бастап отандық бұқаралық ақпарат құралдарының дамуына үнемі қолдау көрсетiп келесіз.

Осы жылдар арасында Ұлттық баспасөзіміз қалыптасты. Қазақстан журналистикасы  Тәуелсіздік тұсында айтарлықтай шыңдалды. Жетілді.

Елбасымыздың барлық бастамаларының  мәні мен маңызын халыққа жеткізу, түсіндіру, насихаттау жолында БАҚ өкілдерінің еңбегі өте зор. Ақиқатты жоқтаған, аталы сөзге тоқтаған елміз!

 

Тәуелсіздік – әрбір қазақ баласы, барлық Қазақстан азаматы үшін баға жетпес құндылық.

Осы орайда бір нәрсені баса айтқым келеді: Бүгінгі қазақ журналистикасы – қоғамдағы татулық пен тұрақтылықтың, береке мен бiрлiктiң ұйытқысы. Әсіресе қазақтілді басылымдар Ұлттық Тәуелсіздіктің шынайы жанашырлары болды.  Қиналғанға – демеу, мұңайғанға – медет болды.

Бір заманда Наполеон: «Журналистер – күңкілдек, сыншы әрі кеңесші. Мыңдаған жау әскерінен гөрі, жат пиғылды төрт газеттен көбірек қорқу керек», – деген екен. Біздің ұлттық журналистика ешқашан жат пиғылды бола алмайды! Елдік пен Мемлекеттік идеясы, Ұлттық Тәуелсіздік мәселелері басты басымдық бола береді.

Ұлттық құндылықтар – Ел, Жер, Отан, Отбасы, Салт-дәстүр мәселелері басты назарда болуы керек. Рейтинг қуамыз деп жүріп жақсы қасиеттерімізден – ата салтымыздан, қазақтық қалпымыздан айрылып қалуға болмайды.

«Сөз бостандығы шексіз емес. Ол – табындыратын да, талқандайтын да қуатты күш», – деген сөзіңізді журналистердің бәрі біледі.

Осы «қуатты күшті» біздің әріптестеріміз Қазақ елінің мүддесі үшін дұрыс пайдалануы қажет деп білемін. Қазақстан журналистері қай сала, қай арнада қызмет атқарса да, негізінен – Халық, Мемлекет алдындағы азаматтық жауапкершілігін терең түсінеді, сезінеді. Елбасымыз белгілеп берген бағыт-бағдардан айнымай, егемендікке,  елдікке, еркіндікке жаппай жұмылып, жұмыс істейтін боламыз.

Қазіргі уақыт – қай жағынан алсақ та өте маңызды. Қазақ ұлты әлемдік бәсекеге қабілетті болсын дедіңіз.

Алға кеткен озық елдер «Қазақ қашан бізді қуып жетеді» деп тосып тұрмайды ғой. Сондықтан, қамсыз болмай, қалғып кетпей, қол қусырып, қарап отырмай көркейген Қазақстанның асыл мұраттарына ұмтылған дұрыс.

Бұл заман – біліктінің заманы. Бұл заман – білімдінің заманы.

Қазіргі  әлем тез өзгеріп жатыр.

Сана өзгерді.

Әлемдік саясат та өзгеріс үстінде.

Кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді бүкіл Қазақстан халқы  қолдап отыр.

Тыныштық пен тұрақтылық – Тәуелсіздіктің тірегі! Саясаттағы сабақтастық жалғасуы керек. Бәрімізге – бейбіт өмір керек!

Жеткен жетістіктерімізге мәз болмай, бір орында тұрып қалмай алға өрлеу керек.

Осындай жағдайда  Президент сайлауын өткізудің елдік маңызы өте жоғары.

Бәріміз тас түйін жұмылып, Елбасымыздың саралап салып берген жолын жалғауымыз қажет.

Сьезд ұсынып отырған кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев –елге танымал тұлға. Бәріміз жақсы білеміз. Мемлекет және қоғам қайраткері. Аты-жөні әлемге мәшһүр. Ұлт зиялысы. Қазақ мәдениетіне, әдебиетіне, өнеріне шынайы жанашыр жан.

Елде, халықаралық деңгейде құрметі мен абыройы бар азаматтың қазақ мүддесі үшін адал қызмет жасайтындығына сенім мол.

Сіз сенген адамға ел де сенеді!

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Аса көрнекті жазушы  Әбіш Кекілбайдың: «Тарихқа, тағдырға төтеп беретін халық елдікке жетеді» деген қанатты сөзі бар. Бұл күнде ел Тәуелсіздігін көзінің қарашығындай сақтауға сақадай сай, саналы да сапалы қазақ баласының жаңа буыны қалыптасты. Қазақтың ертеңі – солардың қолында!

Келешегіміз – кемел, жетістіктеріміз – жедел болғай!

«Айқын» ақпарат

Бөлісу: