СЫРТҚЫ ҚАРЫЗДЫ ҚАЙТЕМІЗ?

Қарыз, әсілі, жақсы сөз емес. Қай тұрғыдан да біреуге борыштар болу – ар мен абыройдың сынағы. Бұл тұрғыдан біздің ел үлкен сынақтың үстінде тұрғандай. Себебі, қарызымыз көп. Ұлттық банктің жыл басында таратқан мәліметі бойынша мемлекеттің сыртқы қарызы 158,8 млрд доллар болған.
Алайда бір елдің басқа бір елден қарыз алуы – әлемдегі қалыпты құбылыс. Мәселен, АҚШ-тың әлем елдері алдындағы қарызы – 22 трлн доллар (2019 жылдың 13 ақпаны бойынша). Жапония (11,4 трлн), Ұлыбритания (8,1 трлн), Германия (4,8 трлн) сияқты елдер де аз шығындалмаған. Қазақстан бұл тізімде 35-орынды олжалап, Сауд Арабиясы, Катар, Қытай, Малайзия, Израиль секілді мемлекеттерді артқа тастап кеткен. Жалпы, тізімде 130 мемлекеттің бар екенін ескерсек, біздің әлдеқайда «көш басында» жүргенімізді бағамдау қиын емес. Ал әлемдегі қарызы ең аз ел Гонконг екен. Олардың мемлекеттік қарыз деңгейі жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 0,1 пайызын құрайды.
Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанның үкіметтік қарызының төмендігінен халықаралық қаржы ұйымдары бізге әлі де қарыз бере түсуге қарсы емес. Алайда 2018 жылдан бастап Үкімет мемлекеттік компаниялардың сыртқы қарыздар бойынша тәуекелін азайту үшін квази мемлекеттік секторға арнап лимит енгізген.
– Әлемдегі озық мемлекеттердің қарыздары көп екені рас. Олар қарызының көптігімен мақтанады. «Өйткені өзге елдер біздің экономикамыздың тұрақтылығына сенеді» дегендей дәйек келтіреді. Дегенмен мәселе қарыздың қандай мақсатта алынғанына байланысты. Инвестицияның өзі мемлекеттің сыртқы қарызы болып саналады. Алайда инвестиция арқылы инфрақұрылымды түзеп жатсақ, жаңа технологиялар әкеліп, сол арқылы білім сапасын арттырып, өндіріс ошақтарын ашып жатсақ, бұл пайдалы. Себебі, бұл жұмыстар ертеңгі күні жемісін береді. Инвесторлар да өзінің қалтасын ойлап келеді. Дегенмен мемлекет дұрыс инвестициялық саясат қалыптастыра алса, қарыздың бұл түрі ақталады. Бұл ретте нарыққа келіп жатқан қандай компания, оның мақсаты қандай, бәрі анықталуы керек, – дейді белгілі экономист Мақсат Халық.
Дегенмен сарапшы елдегі түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін қарызға батумен келіспейді.
– Бюджеттің кірісі төмендеген кезде ел бюджеті тапшылыққа ұшырайды. Яғни, мемлекет бюджетінің шығындары кірістерден асып кетеді. Еліміздегі түрлі әлеуметтік бағдарламалардың бәрін мемлекеттің жеке қазынасы арқылы қамтамасыз ету мүмкін емес. Сондықтан мемлекет осы тапшылықты жабу үшін, халықтың алдындағы міндеттерін орындау үшін қарыз алады. Бірақ дәл осындай мақсатта алынған қарызды қате қадам деп есептеймін. Өйткені бұл қарыз түрі өзін-өзі ақтамайды, – дейді ол.
Қоғамдық саясат және мониторинг саласы бойынша тәжірибелі сарапшы және белгілі экономист Шолпан Әйтенованың айтуынша, қарыздың түрін екіге бөліп қарастыруға болады.
– Олар – квази мемлекеттік компаниялар және жеке компаниялар алған қарыз. Қарыздың көп пайызы квази мемлекеттік секторға тиесілі. Бұл сектордағы компаниялар қарызды жаба алмаса, соңында оны мемлекет төлейді. Бұл дегеніңіз – салық төлеушілердің ақшасы есебінен жабылады деген сөз. Яғни, біз бен сіздің ақшамыз. Басқа мемлекеттерге еліктеп қарыз ала берудің керегі шамалы. Олар алса, өз шамасын біледі. Қарызы көп Еуропа елдерінің экономикалық жағдайының жақсы екені, кез келген тығырықтан шығып кетуге қауқарлы екенін білеміз. Экономикасы тұрақты елдер ұзақмерзімді даму мүмкіндіктерін бағалай алады. Ал біздегі тұрақтылық Ұлттық қорға тікелей тәуелді. 2017 жылы бір банкіміз өзін сақтай алмағандықтан, Ұлттық қордан 2 трлн теңге бөліп, сауықтырған болатын. Дәл бұлай ұлттық қорға қолымызды сұға беретін болсақ, ертеңгі күні қарыздан құтылу қиындайды, – дейді сарапшы.
Оның сөзінше квазимемлекеттік сектордағы компаниялар өзіне берілген қаражатты тиімді жұмсап, содан пайда тауып, пайданың белгілі бір пайызын Үкіметке беруі тиіс. Дивидент ретінде. Алайда олардың мүмкіндіктері өте төмен.
Белгілі шетелдік экономист Игорь Лившицтің Беларусь экономикалық зерттеу-білім орталығына берген сұхбатына сүйенсек, алпауыт державалардың қарызы қаншалықты көп болса, сол қарыздан құтылу мүмкіндіктері де әлдеқайда жеңіл.
– Әрине, Жапония, Канада, АҚШ елдерінің қарызы біршама көп. Бірақ бұл елдердің төлеу пайызы төмен. Сондықтан аса қиындық тудырмайды. Егер сыртқы қарызға қызмет көрсету құны өссе, ал қарыз ЖІӨ-нің 3 есеге жуықтаса, онда бұл мәселені терең ойлану керек. Ал егер жылдық пайыз – 5 пайыз болса, онда ЖІӨ-нің 15 пайызын тек қарыз үшін төлеуге тура келеді. Бұл дегеніңіз өте көп ақша. Кей елдердің бюджеті ЖІӨ-нің 15 пайызын борышты өтеуге жіберетіндей салық жинамауы мүмкін. Сонымен қатар ішкі және сыртқы қарызды шатастырмау керек. Сондықтан бұл тұрғыда Жапония, АҚШ елдерімен салыстырмау керек. Сосын қарыздың қауіптігі елдегі қаржылық жағдайға да байланысты. Бір одақта (Еуроодақ) болғанына қарамастан, Бельгия мен Италия арасында үлкен айырмашылық бар. Дағдарысқа дейін бельгиялықтардың тарихи қарызы италиялықтарға қарағанда көп болды. Бірақ төлемді қайтару тұрғысынан Италия көп алаңдатты. Неге? Мәселе саяси жағдай, мәдениет, салықты жинау қабілетіне байланысты. Бельгия қарызы дәл уақытында төлегендіктен, оларда проблема болмайды. Дефолтқа көп ұшыраған Латын Америкасы елдері үшін қайта қаржыландыру жасау өте қиын. Мөлшерлеме өте жоғары болмақ. Грекиядағы қарыздың өсуі мен бюджеттегі «жыртық» біраз уақытқа дейін ешкімді мазаламаған. Ал жаңа облигациялар жоғары пайызбен орналастырыла бастаған кезде қарыз көлемі күрт өсіп кетті. Грекия түбегейлі дефолтқа тап болған сәтте олардың қарызды қайтара алмайтыны, ойдағыдай салық жинай алмайтыны белгілі болды, – дейді экономист. Дегенмен Игорь Лившиц мемлекеттік қарыз – макроэкономикалық проблемалардың шешімі бола алатынын жасырмайды.
Қазақстанның қазіргі қарызы (158,8 млрд доллар) ЖІӨ-нің 93,1 пайызын құрайды. Бөле-жарып қарайтын болсақ, фирмааралық қарыз – 63,6 пайыз, басқа салалардың кредиттелмеген несие берушілер алдындағы қарызы – 25,0 пайыз, Мемлекеттің сыртқы қарызы (Үкімет пен Ұлттық банкінің) – 7,8 пайыз, ал банк секторының сыртқы міндеттемелері 3,6 пайыз төңірегінде.
Қалай болғанда да, қарыз алу – қауіп. Бірақ Үкімет оны тиімді пайдалана алса, дер уақытында қайтарса, көп нәрсенің шешімін табуға да болар. Бір ғана анық нәрсе бар – қажетсіз шығындарды мейлінше азайту керек. Ал біздегі болмашы жобалар мен жиындарға, шағын құрылыстардың өзіне миллиардтаған доллардың бөлінуі көңілді күпті қылады.
«2016 жылдан бері ел экономикасы дағдарысқа ұшырап, Ұлттық қордан біраз трансферттер жасадық. Соның әсерінен қордағы қаражат біраз кеміп қалды. Содан соң Үкімет 2016 жылы Дүниежүзілік банктен 1 млрд доллар, Азия қайта құру және даму банкінен 1 млрд доллар несие алды. Түптеп келгенде көршілес мемлекеттерден, алпауыт елдерден қарыз алмаған дұрыс деп есептеймін. Себебі, ертеңгі күні күптеген жерден мемлекеттер арасында келіспеушілік туындап қалса, қарыз беруші ел «ақшаны тез арада қайтар» деп талап қоюы мүмкін. Сол кезде қарызды жабуға еліміздің қауқары жете ме, жетпей ме, бұл екіталай», – дейді сарапшы Мақсат Халық.
«Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген елміз. Мейлінше жылдамырақ сыртқы қарыздардан тазару керек-ақ.
Абай АЙМАҒАМБЕТ