Ерікті сенбіліктің ерекшелігі неде?

933
0
Бөлісу:

Сенбілікті бәріміз білеміз. Ұжымдық еңбекке баулитын қоршаған ортаға қамқорлық шарасы мектепте жиі өтеді. Сенбілікті асыға күтетін сыныптастарым есімде қалмапты. Есесіне мектеп ауласын тазалауға мұғалімнің қатулы қабағынан тайсақтап еріксіз барғандардың талайын атай аламын. Қазір де сенбілікке көзқарас өзгере қойған жоқ. Заң бойынша ерікті, іс жүзінде «міндетті» шараға азаматтар есеп үшін қатысып, өзіне бөлінген аумақты тез тазалап, үйлеріне тарқауға асығады.

Ақерке Бейсеуова (аты-жөні өзгертілді) – ҚазҰУ Филология фа­культетінің 3-курс студенті. Сту­дент қыздың айтуынша, сенбі­лікке қатыспағандарды тізімге алып, түсініктеме жаздырады. Тү­сі­нік­те­меге ілінгендерге келер жы­лы жатақханадан орын алу қиын­дайды. «Сондықтан сенбіліктерден қалмауға тырысамыз», – дейді Ақерке.
Нұр-Сұлтан қаласындағы мемлекеттік қызметкер Аягөз Сапақбаева жұмыс орнындағы сенбіліктердің қызықсыз әрі шартты негізде өтетінін айтады. «Қызметкерлер түгел қатыспайды. Жиналғандар бөлінген аумақты тез тазалап, есеп беріп, кетіп қалады. Сенбіліктерде экологиялық тақырыпта тың ақпаратпен таныстырып, қызықты жарыстар ұйымдастырылғанын қалаймын. Сонда сенбіліктен ­қашатындардың саны қысқарар еді», – дейді ол.
Наурыз айында желіде trashtag челленджі басталды. Челленджді қолдаушылар қоқысқа толы аумақты бірінші көзге тартымсыз қалпында, кейіннен қалдық заттардан «көзі ашылған» таза күйінде суретке түсіріп, фотоларды әлеуметтік желіге жүктеді. Фотода белгілеген аумақта тазалық шарасын жүргізген азаматтар әлемнің түкпір-түкпірінен табылды. Желіде достарын игі іске қосылуға үндегендердің арқасында аз уақытта ерікті сенбілікке шы­ғушылар көбейді. Нәтижесінде, әртүрлі елдегі қоғамдық орындар: саябақтар, көшелер, жағажайлар қоқыстан тазарды.
Челленджге қатысуға шақыр­ған алғашқы постты Байрон Роман есімді қолданушы жазды. Ол Facebook-те барлық «еріккен» жасөспірімдерді ластанған аумақ­ты тауып тазалауға, сосын сурет жариялауға шақырды. Оның пос­тын Facebook қолданушылары
316 мың рет бөліскен. Бұл челлендж қызық идеяға негізделген жоба мыңдаған адамды сенбілікке ерікті түрде жинай алатынын көрсетті.
Пакизат Сайлаубекова – Алматыда еріктілерді жинап, қоршаған ортаны қоқыстан тазартуға жұмылдыратын экосенбіліктің белсенді қатысушысы. Жас эколог Тұрақты дамуға ықпалдастық орталығында жұмыс істейді. «Қоршаған орта мәселесіне лайықты назар аударылуы керек» деп есептейтін Пакизат «Айқынмен» әңгімесінде бір жылдан кем уақытта маңызы арта түскен экосенбілік туралы білгенімен бөлісті.
– Экосенбілікті Алматыдағы Recycle Birge ұйымының өкілдері Әлия Сәлменова, Зәуре Алдабергенова және Бану-Ақкүміс Құспанова бастады. Еріктілердің мақсаты – ластанған аумақты тазартып, жиналған қоқысты сұрыптап, қал­дық өңдеу орталықтарына өткізу. 2018 жылы 23 маусымда өткен ең алғашқы сенбілікке үш адам қатысса, қазір шараға 100-ге тарта адам тұрақты келеді. Екі апта бұ­рын Алма-арасан шатқалында үлкен сенбілік өткіздік. Еріктілер­дің арасында жасы сексеннің үстін­д­егі қарт кісі де болды. Жиналған қоқыс ары қарай қалай өңделетінін қызыға сұрап, әңгімемізді жалықпай тыңдады. Әр сенбілікте тазалайтын орынды алдын ала әлеуметтік желіде қала тұрғындарынан сұраймыз. Олар ластанған аумақтардың суретін жіберіп, мекенжайымен бөліседі. Ақпаратты тексеріп, жағдайдың растығына көз жеткізсек, сенбілік орнын сол жерге белгілейміз. Таңдалған орынды бір күнде тазалап бітірмесек, қайта оралып, бастаған ісімізді міндетті түрде аяқтауға тырысамыз.
Көп адамдар қалдықтарды қайта өңдеуге болатыны туралы білмейді. Сондықтан қоршаған орта тақырыбын жиі көтеріп, қоғам назарын аудару керек. Біз бәріміз бір ғаламшарда тұра­мыз. «Кемедегінің жаны бір» деген ­қа­зақ мәтеліндегідей, әр адам ­табиғатты қорғау арқылы ор­тақ болашағымызға үлес қосуы қа­жет, – дейді ол.
Ел астанасында экосенбілік өткізу туралы ұсынысты журналист Бэлла Орынбетова жасады. Нұр-Сұлтан қаласының іргесіндегі жол бойын қоқыстан тазартқан 26 ерікті 90 қап қоқыс жинаған. Ары қарай жалғасын табатын жоба туралы толығырақ Бэлла Орынбетова әңгімеледі.
– Пластикалық қалдық мәселесі мені бұрыннан мазалайды. Күнделікті тұрмыста да пластикалық пакеттерді қолданбауға тырысамын. Қаланың сыртына сапарға көп шығамын. Көлікпен кетіп бара жатқанда адамдар аса көп жүрмейтін жерлердің өзінде пакеттер мен бос бөтелкелердің жатқанын көзім шалады. Қаланың ішінде қоқысты арнаулы мамандар жинаса, қала сыртындағы қоқыс назардан тыс қалып отыр. Сондықтан экосенбілікті Нұр-Сұлтанның сыртындағы аумақ пен трасса бойынан бастауды жөн көрдік. Өткен аптада Көкшетауға баратын үлкен жол бойын тазаладық. Акцияны жазда да жалғастыру ойымызда бар.
Журналист елеусіз көрініп кел­ген экологиялық мәселенің салдары қазірдің өзінде байқалатынын, бұл тақырыпқа мемлекет тарапы­нан көңіл бөліну керегін айтады.
– Пластик пакеттердің толық ыдырап, жойылуы үшін 200-400 жыл уақыт керек. Жер мен суға тасталған қоқыс айналып келіп, біздің денсаулығымызға кері әсер етеді. Бұрын бірен-саран адамда кездесетін аллергияның қазір көпшілікке тән құбылысқа айналып үлгергенін байқаған шығарсыз. Ересектердің ауруы саналып келген қатерлі ісікке шалдыққан балалар туралы жиі естиміз.
Өкінішке қарай, экологиялық бастамалардың көбін үкіметтік емес ұйымдар жасайды. Олар бұл мақсатын көбіне халықаралық ұйымдардың грантына орындайды. Бұл жерде мемлекеттің де көмегі керек. Мысалы, қазір көп елде пластикалық пакет сатылымына тыйым салу қолға алынып жатыр. Өзбекстан, Грузия осындай заңдар қабылдады. Заң бойынша енді дүкендерде тегін пакеттер берілмейді. Бізде де осындай шара қолға алынғанын қалаймын. Өйткені құны тегін пакетті адамдар ойланбастан тастай береді.
Белгілі бір аумақты қоқыстан тазарту ұжымдық бірлестікті талап етеді деу қате. Әр азаматтың табиғат алдындағы жауапкершілігі жекелеген іс-әрекеттерден көрінеді. Тақырыпқа дайындалып отырып, Facebook желісінде Ба­уыржан Абуовтың тәжірибесімен таныстық. Бір жексенбіде өзі тұра­тын тұрғын үй маңындағы қоқыс­ты жинап, бұл ісін шағын дәстүрге айналдырған азаматтың бастамасы желі қолданушылары арасында қызу қолдауға ие болған. Білім беру саласына көп жылын арнаған Бауыржан Абуов «қоршаған ортаға құрметпен қарау мәдениеті қалыптасқанын, айналаның тазалығына бей-жай қарамайтын қозғалыс дамығанын» қалайды.
– Демалыс күндерінің бірінде таңертең тұрып, әдеттегідей ұялы телефонға үңілдім. Желі жазбаларын ақтарып отырып, trashtag челленджі туралы оқыдым. Челлендж қатысушылары теңіз жағалауында жиналған үлкен қоқысты тазалап, жақсы іс атқарыпты. Өзім тұратын аулада қоқыс жәшігінің айналасы лас болатынын, желмен бірге пакет ұшып жүретінін бұрын да байқайтынмын. Көктем келі­сімен қар астындағы бүкіл қоқыс­тың жер бетіне шыққанын көріп, қынжылып жүр едім. Сондықтан демалыс күнін айналаны тазалаудан бастағым келді. Аулаға шығып, небәрі екі сағатта қолыма 5-6 қапты толтыратын қоқыс ілінді. Бұл туралы Facebook парақшама жазып, тәжірибеммен бөлістім. Көп пікір жинаған жазбадан кейін 7-8 адам осы «жарияланбаған чел­ленджді» қайталағандарын айтып, видео жолдады.
Әңгіме барысында Бауыржан Абуов сенбіліктерді неге ұнатпайтынын, ұжымдық шараға қандай жаңашылдық керегін түсіндірді.
– Көпшілік сенбілікті пайдалы деп есептемейді. Мектепте, университет қабырғасында жүргенде сенбілікке қатысқанды ұнатпайтынмын. Өйткені бәрін бір уақытта сенбілікке қатысуға міндеттейді. Мәдени-бұқаралық шара көбіне есеп үшін жасалады. Мұны бәрі түсінеді әрі ауыр жұмыстардан қашып, қолы бос емес қалып таныту үшін біраз адамдар ағаштардың түбін қураған жапырақтардан тазалап, уақыт өткізеді. Шын мә­нінде, қураған жапырақтар ағаш­тың түбін күн сәулесінен қорғап, ылғалды сақтайтын, ең аяғы ты­ңайт­қышқа айналып, топырақты құнарландыратын қасиетке ие.
Менің ойымша, сенбілікке шығу міндетті болмауы керек. Жақында Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданының әкімі Ерғали Егемберді сенбілікті plogging (жо­лай кездескен қоқыстарды дорбаға жинау арқылы жүгіру) түрінде өткізді. Сенбіліктерді осындай көңілді, жаңа форматта ұйымдас­тыру керек деп ойлаймын.
Белсендінің пікірінше, қоршаған ортаны қорғауға ықпал ететін шешімдерді күнделікті тұрмысқа енгізу аса маңызды.
– Күнде таңертең елордадағы барлық көше көлікке толы болады. Қозғалыстың қиындығы ұнамаса да, қалаған жеріне келісілген уа­қытта жету үшін көлікті таңдауға тура келеді. Өйткені қоғамдық кө­лік жүйесі нашар дамыған. Вело­жолдар тек орталықтағы көшелерде ғана жүргізілгендіктен, жұмысқа велосипедпен баруға тағы тиімсіз.
Ал көліктің көптігі ауаның лас­тануын арттырады. Коста Рика­ның астанасы Сан-Хоседе қо­ғам­дық көліктер баламалы энергия көз­дерінен алынатын электр қуатымен жұмыс істейді. Кішкентай мемлекеттің өзі осындай жақсы көрсеткішке қол жеткізгенде, экономикалық әлеуеті зор Қазақстан неге мұндай қадамға бара алмайды? – дейді ол.

Динара ТІЛЕУБЕК

Бөлісу: